Accessibility links

Курамшин психикасы сау адам деп танылғанын айтады


Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 7 желтоқсан 2010 жыл.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 7 желтоқсан 2010 жыл.

Сотталған құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің сөзінше, оны түрменің психиатриялық емханасы психикасы сау адам деп таныған. Енді ол Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеге қайтарылуы керек. Ол дәл осы түрменің жағдайына наразы болған.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Солтүстік Қазақстан облысының Горный ауылындағы түрмеден (халық бұл түрмені «Жамансопка» деп атап кеткен) Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласындағы түрме-медициналық қалашығына ауыстырылған еді. Ол Азаттыққа таксофоннан хабарласып, психиатриялық тексеруден өткенін айтты. Оның сөзінше, «Жамансопка» түрмесінде өзіне алдын ала қойылған «паранойя синдромы» диагнозы расталмаған.

Шамамен он күннен кейін Вадим Курамшин жазасын өтеп жатқан түрмесіне қайтуы керек.

САНАТОРИЙЛІК ҚАЛАШЫҚТАҒЫ КҮНДЕР

Семейдегі санаторийлік қалашық деп аталатын арнайы түрме емханасының психиатриялық бөлімшесіне әдетте басқа түрмелерде отырған тұтқындарды жібереді. Бұл жерге Вадим Курамшин шілденің 8-і күні әкелінген. Ол өзге тұтқындармен бірге отыр. Курамшиннің айтуынша, олардың арасында аса ауыр қылмыс жасағандар да бар.

– Мұндағы жағдайды санаторий деп атау қиын, – дейді Курамшин.

Ол санаторийлік қалашық әкімшілігі мен емдеуші дәрігерлердің қарым-қатынасына шағымданған жоқ. Оның сөзінше, алдын ала қойылған диагноз расталмаған соң дәрігер Курамшинді кері қайтару керек деп шешкен.

Ол мұнда емделіп жатыр. Басқа ешбір ақпарат бере алмаймыз.

Санаторийлік қалашық әкімшілігінің қызметкері Вадим Курамшиннің ем қабылдау мекемесінде екенін Азаттыққа растады. Бұған қоса шілденің 19-ы күні оны кері қайтаратынын айтты. Алайда ол Курамшиннің денсаулығына қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

– Ол мұнда емделіп жатыр. Басқа ешбір ақпарат бере алмаймыз, – деді түрменің санаторийлік қалашығының қызметкері.

АШТЫҚТАН КЕЙІНГІ «ЖАМАНСОПКАДАҒЫ» ЖАҒДАЙ

Вадим Курамшиннің жұбайы Екатерина Курамшина жолдасы түрме таксофоны арқылы хабарласқанын айтты. Курамшин аштық жариялағаннан кейін оның «Жамансопкадағы» жағдайы қалыпқа келе бастаған екен. Екатеринаның сөзінше, бұл – оның денсаулығына да жақсы әсерін тигізген.

– Түрме әкімшілігінің Вадимге қарым-қатынасы қалыпқа келе бастаған. Ол жағдайдың қалыпқа келуін бұқаралық ақпарат құралдарында шу көтеріліп, ішінде шетелдік азаматтар да бар құқық қорғаушылар мен саясаткерлердің өзін қорғай бастауынан деп ойлайды, – дейді Екатерина Курамшина Азаттыққа.

Осы жылдың маусымында Вадим Курамшин өзіне қысым көрсетілуін тоқтатуды, басқа колонияға ауыстыруды және медициналық көмек көрсетілуін талап етіп аштық жариялаған. Наразылық акциясы бірнеше күнге ұласқан.

Ирландия парламентінде шілденің 2-сі күні елдегі социалистік партия бастамасымен Курамшиннің жағдайына қатысты мәселе қаралды.

Ирландия парламентінде шілденің 2-сі күні елдегі социалистік партия бастамасымен Курамшиннің жағдайына қатысты мәселе қаралды. Социалистік партиядан сайланған парламент депутаты Джо Хиггинс Курамшиннің ісінде саяси астар бар деді. Бұған қоса ел парламентін Қазақстан билігіне осы іске қатысты ықпал етуге үндеді.

Қамауда отырған азаматтардың құқығын қорғаушы ретінде танылған азаматтық белсенді Вадим Курамшин 2012 жылы желтоқсанында бопсалаумен айналысты деген айыппен 12 жылға сотталған. Ол бұл айыпты теріске шығарды. Қазақстандық құқық қорғаушы ұйымдардың бір қатары оны саяси тұтқын деп таныған. 2013 жылы Вадим Курамшин адам құқықтарын қорғау саласындағы қызметі үшін берілетін Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG