Accessibility links

«Хрусталь» балаға жәрдемдесуге ниет танытты


Уәлихан Серікқалиев туғанынан «остеогенез» дертімен ауырады. 2009 жылы түсірілген сурет.
Уәлихан Серікқалиев туғанынан «остеогенез» дертімен ауырады. 2009 жылы түсірілген сурет.

Алматылық компания сирек дертпен ауыратын семейлік Уәлихан Серікқалиевке жәрдем беруге ниет білдірді. Әкесі сүйегі өте осал ұлының медициналық көмекке зәру екенін айтады.

Семей қаласының тұрғыны, туа біткен сүйек ауруына байланысты «хрусталь» бала атанған Уәлихан Серікқалиев туралы Азаттық сайтынан оқып білген алматылық жекеменшік компания өкілдері жақында редакциямызға хабарласып, дерт салдарынан қозғала алмайтын жеткіншекке жәрдем көрсетуге ықылас танытты.

Өз аты-жөндерін атамауды қалаған компания өкілі Уәлиханға қазір не қажет екенін алдымен ата-анасынан білген соң, оларға тиісті көмек ұсынатындарын айтты.

7-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ

13 жастағы Уәлихан Серікқалиев қазір жетінші сынып оқушысы. Тек ол сабақты үйінен оқиды және осы уақытқа дейін жазу жаза алмайды. Себебі, өте сирек кездесетін ауру салдарынан жеткіншектің сүйектері өте әлсіз, тіпті болмашы нәрседен жиі сынады.

Уәлиханның әкесі Саржанқали Торғайбеков Семей ядролық сынақ полигонына жақын Саржал ауылында туып өскен. Дәрігерлер «остеогенез» деген диагноз қойған Уәлиханның бойындағы ауруды ол полигон салдары деп біледі.

Оқыңыз: 20 жыл бұрын жабылған полигон зардабы

Уәлиханның үй-іші оның дертін Еуропа мен Американың озық емханаларында емдейді деп естіген. Бірақ шетелге баруға отбасының жағдайы жоқ.

Сирек кездесетін дертпен ауыратын Уәлихан Серікқалиев. Семей, қазан, 2009 жыл.
Сирек кездесетін дертпен ауыратын Уәлихан Серікқалиев. Семей, қазан, 2009 жыл.

Бізбен телефон арқылы тілдескен жасөспірім сабағын жақсы оқып жүргенін, бірақ жазу жаза алмайтынын жеткізді.

– Биыл жетінші сыныпқа көштім, есептердің бәрін ауызша шығарамын. Қазір ешқандай ем алып жүрген жоқпын, үйде күн ұзаққа қозғалмай отырамын, - деді Уәлихан.

Оның айтуынша, жыл соңында он шақты мұғалім Уәлиханның үйіне келіп, оқушыдан емтихан алып, нәтижесіне қарап келесі сыныпқа өткізеді екен.

ЖАҢА ПӘТЕР

Биыл күзде қала әкімдігі Уәлихан Серікқалиевтің отбасына бір бөлмелі арендалық пәтер берген. Ол пәтер отбасы тұрып келген көпқабатты үйдің екінші қабатында орналасқан.

Уәлиханның әкесі Саржанқали Торғайбеков қала билігі берген жаңа пәтерде. Семей, қазан, 2009 жыл.
Уәлиханның әкесі Саржанқали Торғайбеков қала билігі берген жаңа пәтерде. Семей, қазан, 2009 жыл.

Уәлиханның әкесі Саржанқали Торғайбеков бірталай машақатпен жүріп Семей қаласының әкіміне жолыққан соң, 2009 жылы қазанда отбасына көпқабатты үйден үш бөлмелі пәтер арендаға берілгені жайлы бұған дейін Азаттық хабарлаған.

– Бұрынғы пәтеріміз оныншы қабатта болды, түсіп-шығу қиын еді. Ал енді екінші қабаттан бір бөлмелі пәтер берді. Қазір анасы, Уәлихан үшеуіміз осында тұрамыз. Ал бұрынғы пәтерде екі қызым немерелеріммен тұрып жатыр, - дейді Саржанқали.

Оқыңыз: «Хрусталь баланың» әкесі бес минутта үш бөлмелі пәтер алды

Отағасының айтуынша, шаңырақтағы үш жан Уәлиханға мүгедектігі үшін және әкесі Саржанқалиға денсаулығына байланысты мемлекет төлейтін жиыны 60 мың теңге (шамамен 333 доллар – ред.) ақшаға күн көріп отыр. Жәрдемақының жартысына жуығы баспанаға жұмсалады екен.

– Арендалық төлемге айына алты мың теңге төлейміз. Ыстық суды электр қуатымен жылытамыз. Коммуналдық төлемі, басқасы бар барлығына ай сайын 20-25 мың теңге жұмсалады. Қалғаны күнделікті тамаққа кетеді. Сонда Уәлиханға керекті дәрі-дәрмекке ақша жетпей қалады, - дейді Саржанқали Торғайбеков.

Ол ұлына жатып-отыруына ыңғайлы арба болса деген тілегін жеткізді. Саржанқали үкімет тарапынан тағайындалған әлеуметтік қызметкер аптасына екі рет үйге келіп, Уәлиханға қарасып, көмектесіп кететінін айтады. «Бірақ, ол медициналық көмекке мұқтаж» дейді баланың әкесі.

Уәлихан Серікқалиевке жәрдем көрсеткісі келетіндер төмендегі телефонға хабарласуына болады:

+7 777 984 9565

XS
SM
MD
LG