Accessibility links

Тісі қағылған сотталушы шағым түсірмеген


Әлеуметтік желіде тарап, авторы Виталий Бутин болуы мүмкін делінген видеодан алынған көірініс.

Әлеуметтік желіде тарап, авторы Виталий Бутин болуы мүмкін делінген видеодан алынған көірініс.

Семей колониясында түсірілген жантүршігерлік видеоның авторы делінген сотталушының жағдайы туралы қарама-қайша мәлімет түсті. Белгілісі, оның колония басшылығына «шағымы жоқ».

Семейдегі ОВ-156/15 колониясында қамауда отырған Виталий Бутинге барып қайтқан адвокаты Гүлнар Жуаспаева Фейсбуктегі парақшасында «оны жақында ұрып-соғып, алты тісін сындырған» деп жазды.

Бутинді көзбен көрген соң Азаттық тілшісімен сұхбаттасқан адвокат бұл сөздерін растаудан бас тартты. Алайда «оның тісі туралы ақпарат рас» деді. Дегенмен, Бутиннің шағым жазатын ойы жоқ екен.

Семейдегі колония аумағындағы емханада емделіп жатқан сотталушылардың ұрып-соғылғаны түсірілген әйгілі видео Виталий Бутиннің атын шығарды. Түрме басшылығы бұл видеоны Бутин түсірмеген дейді, әрі оған ешқандай қысым жасалып отырмағанын, ал өзінің түрмедегі жағдайы бойынша еш шағымы жоқ екендігін айтады.

БІР ОҚИҒАҒА ЕКІ ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның айтуына қарағанда, Семейдегі «сангородок» деп аталып кеткен емдеу мекемесіндегі атышулы видеоның негізінде қылмыстық іс қозғалып, ол екі рет тоқтатылған.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева.

«Виталий Бутиннің түрмедегі азаптау туралы шағымы бойынша тіпті колония қызметкерлеріне қатысты қарапайым тергеу шаралары жүргізілмеген, куәгерлер беттестірілмеген, сараптама жасалмаған, заттай айғақтар (колонияның бейнекамерасындағы жазбалар) алынбаған, істің мән-жайын анықтауға қатысты басқа да айғақтар жиналмаған», - деп жазды Фейсбуктегі парақшасында Гүлнар Жуаспаева.

Қылмыстық атқару жүйесі Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің Азаттық радиосына берген жауабында мекеме басшылығының Бутинді «қудалап немесе моральдық, физикалық тұрғыдан қысым көрсетіп жатпағаны» айтылған.

Азаттыққа жазған жауабында қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізу бойынша бас маманы Төлеген Рустам: «Ол туыстарымен және жақындарымен таксофонмен сөйлесу, кездесу жолымен байланыс ұстап отыр. Ол ОВ-156/15 мекемесінің әкімшілігіне ешқандай шағым айтқан жоқ», - деп жазған.

Мекеме сотталушы Бутинді ұрып-соғу туралы ақпаратты да жоққа шығарады: «Сотталушы Бутиннің ұрып-соғылғаны туралы ақпаратқа келсек, бұл факт дәлелденген жоқ. Сотталушы сот үкіміне сәйкес қылмыстық жазасын өтеп жатыр, заң талаптарына сәйкес оның барлық құқықтары сақталып отыр».

Бутин түсірген болуы делінген видеодан көрініс.

Бутин түсірген болуы делінген видеодан көрініс.

Осыдан төрт ай бұрын Семейдегі «сангородокта» емделуге келген сотталушылардың соққыға жығылғаны туралы атышулы бейнетаспа интернет арқылы таралып, әлеуметтік желіде айтарлықтай талқыланған. Сол кезде Азаттық радиосы бейнетаспадағы жағдаяттар бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жайында және видеоны түсірді делінген сотталушы Виталий Бутиннің халі туралы жазған. Сол тұста бұл істі прокуратураның бақылауға алғаны, қылмыстық түзету жүйесі комитетінің ішкі қауіпсіздік қызметі мәселенің мән-жайын тексеріп жатқаны хабарланған.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева тергеу жүріп жатқан кезде сотталушы Бутинге қатысты куәгерді қорғау бағдарламасын пайдалану керек деп ұсыныс тастап, онысы сәтті болған. Қамаудағы Бутин ОВ-156/15 мекемесінен Семей қаласының изоляторына ауыстырылған. Алайда, іс жабылған соң оны колонияға қайтып алып келген.

ВИДЕОНЫ КІМ ЖӘНЕ НЕ ҮШІН ТҮСІРГЕН?

Осы іске қатысты тергеу барысында түрме басшылығы оған ешқандай қысым жасаған жоқпыз деумен келеді. Осыған қатысты Азаттықта мақала жарық көрген соң түрме басшылығы оқиғаны өздерінше сипаттап, түсініктеме берген. Қылмыстық атқару жүйесі Шығыс Қазақстан облыстық департаменті басшысының орынбасары Миржан Смағұлов: «...көрсетілген видеосюжетті былтыр қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері жүргізілген тексерудің растығын айғақтау үшін түсірген», деп жазған, сөйтіп видеоның авторы сотталушы Виталий Бутин деген ақпаратты жоққа шығарған.

«30 сотталушының ішінде тек қарсылық көрсеткен екі адамға қатысты физикалық күш қолданылды. Қылмыстық тексеру нәтижесінде қызметкерлердің әрекеттері заңды деп танылды», - деп жазды полковник Смағұлов Азаттыққа берген жауабында.

Бутин түсірді делінген видеодан көрініс.

Бутин түсірді делінген видеодан көрініс.

Хатта сотталушы Бутиннің өзіне жақсы мінездеме берілген. «Үлгілі тәртібі мен мәдени-көпшілік шараларға қатысқаны үшін» ол тіпті алғыс алыпты. Наурыз айында жазған хатында полковник Смағұлов: «Қылмыстық атқару заңнамасының өзгеруіне байланысты аталған сотталушының мінез-құлқын мекеме комиссиясы қарап, оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық атқару кодексінің 95-бабы бойынша 3-дәрежелі жақсы деген баға берген. Оны шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе оған қатысты басқа да адами шаралар қолдану мәселесі қаралғанда бұл өте үлкен рөл ойнайды», - деген.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева бұл айтылғандарды жоққа шығарады. Оның қолындағы мәліметке қарағанда, Виталий Бутин осы үшін жазаланған. «Бұлоның шартты түрде мерзімінен босатылуына және оған қатысты адами шараларды қолдануға мүмкіндік бермейді», - дейді ол.

Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаушылардың айтуынша, түрмедегілерге қатысты әлімжеттікті дәлелдеу өте қиын, себебі сотталушылар түрме басшылығына тәуелді болғандықтан, шағымдарын қайтарып алып жатады.

Ал түрме басшылығының айтуынша, түрме қызметкерлерінің әрекеттерін түрме жүйесінің ішкі қауіпсіздік қызметі қадағалайды. Сотталушылар «сенім телефондары» және түрме ауласында тұрған арнайы пошта жәшіктері арқылы арыз-шағымдарын түрмеде заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокуратура органдарына тікелей жібере алады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG