Accessibility links

Қырық жыл қырғынға парапар нәубеттің кесірі әлі кеткен жоқ


Электрондық құрылғының көрсетуі бойынша полигон орнындағы радиация деңгейі әлі де жоғары. Семей аймағы, 22 тамыз 2011 жыл

Электрондық құрылғының көрсетуі бойынша полигон орнындағы радиация деңгейі әлі де жоғары. Семей аймағы, 22 тамыз 2011 жыл

Совет одағы ядролық сынақ алаңына айналдырған Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толды. Радиоактивті қалдықтары әлі жойылмаған аймақтағы ауылдың ауыз су мәселесін шешуге де дәл осыншама уақыт кетіпті.


Ұлыбританиялық режиссер жақында экранға шыққан, ядролық полигоннан зардап шеккен адамдар жайлы түсірілген «Заманақырдан кейін» деректі фильмінде Қазақстанды дүниеге сәби әкелуге қорқатын ел деп атады.

ЖИЫРМА БАЛАНЫҢ БІРЕУІ - КЕМТАР

Батыста қоғамның назарын аударып, жоғары бағаланған деректі фильмнің режиссері Энтони Бутс Семей полигонының жергілікті халыққа тигізіп жатқан зардабын әлемге танытуды мақсат еткен. «Семейдегі бомба сынағының тоқтағанына 20 жыл болса да, бұл жердегі тұрғындардың тағдырына ешкім назар аудармай отыр» деді ол Азаттық радиосына.

Әлемге ядролық сынақтардың зардабын көрсеткісі келген британдық режиссер өз туындысы Қазақстандағы ядролық полигон аймағындағы жұрттың өмірін жақсартуға үлес қосса деп үміттенеді. Энтони Бутстың пікірінше, ірі мұнай қорының арқасында аты шығып отырған Қазақстан үкіметі радиация қалдықтарын жою үшін жеткілікті шаралар атқармай жатыр.
"Заманақыр" деректі фильмінің авторы Энтони Бутс Семей ядролық полигоны аймағында.

Бүгінде Ұлыбритания кинотеатрларында кеңінен көрсетіліп жатқан деректі фильмді Лондонның әрбір 323-ші тұрғыны көргенін мәлімдеген режиссер Семей полигонының құрбандарына арналған фильмін енді телеарналар арқылы көрсетуге күш салып жатқанын айтты.

Энтони Бутс ядролық сынақ тоқтаған 20 жылдан кейін де радиациялық аймақтағы әрбір 20 баланың біреуі кемтар болып туып жатқанына назар аудартқысы келеді.

«ТӘУБЕ-ТӘУБЕ ДЕП ЖҮРЕ БЕРМЕУІМІЗ КЕРЕК»

Семей қаласындағы отбасын жоспарлау орталығының директоры Төлеухан Нұрмұхамедов аймақтағы 15 пен 50 жас аралығындағы бала көтере алатын әйелдердің генетикалық өзгеріске ұшырағанын айтады. Оның айтуынша, аймақта медициналық тексеруден өтетін әр он әйелдің біреуіне бала тууға шектеу қойылады.

- Өйткені генетикасында ауытқу болған әйелдің баласы дүниеге кемтар болып келуі мүмкін. Сол себепті әйелдер міндетті түрде тексеруден өтуі керек. Өзі үшін ғана емес, баланың болашағы үшін, - деді маман Азаттықтың тілшісіне.
Радиация аймағындағы тұрғындардың бәрін жаппай медициналық тексеруден өткізіп, оларға генетикалық төлқұжат беру керек.

Мүгедек сәбилерді көбейтуге жол бермеу керек деп санайтын Төлеухан Нұрмұхамедов:

- Мен бәрін құрту керек деп отырған жоқпын. Радиация аймағындағы тұрғындардың бәрін жаппай медициналық тексеруден өткізіп, оларға генетикалық төлқұжат беру керек. Оны кім жасау керек? Әрине, осы сынақты жасаған Ресей оны мойнына алуы керек. Әлбетте, оның жұмысы мен қаржылық шығындары айтарлықтай болады. Бірақ басқалар мойындап, немістер фашизм үшін адамзаттың алдында кешірім сұрап жатқанда, олар халықты медициналық тексеруден өткізуге міндетті. Біз неге қазақшылыққа салынып, тәубе-тәубе деп жүре береміз. Біздің ұрпағымыздың кінәсі не? Менің немере-шөберелерімнің де салауатты өмір сүруге құқығы бар, олар неге зардап шегуі тиіс, - дейді дәрігер.

БАЛА ТУУ ҮШІН ГЕНЕТИКАЛЫҚ ҚҰЖАТ ҚАЖЕТ

Отбасын жоспарлау орталығының маманы ерлі-зайыптылар алдымен генетикасында қандай да бір өзгерістің бар-жоқтығын анықтап, толық тексеруден өтуі қажет екенін айтады.
Совет Одағы бейкүнә адамдардың тағдырын тәлкекке салып, денсаулықтарын құртып алып, енді бәрін Қазақстанның, оның ішінде тек Семей аймағының жеке мәселесі ретінде қарап отыр.

- Егер генетикасында өзгеріс болса, оны түзету керек. Неменеге бәрі генетикалық жағдайын президент немесе супер-миллиардерлер ғана өзгерте алады деп есептейді. Генетикалық ауытқуды емдеп қалпына келтіруге болады ғой. Менің көңіліме қонбайтыны, Совет Одағы бейкүнә адамдардың тағдырын тәлкекке салып, денсаулықтарын құртып алып, енді бәрін Қазақстанның, оның ішінде тек Семей аймағының жеке мәселесі ретінде қарап отыр, - дейді ол.

Осы аймақтан сайланған мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов Семей полигонының зардабымен тек Қазақстан өзі ғана күресіп, бар мүмкіндігін пайдаланып жатыр деп есептейді. Ол жергілікті тұрғындарды жан-жақты медициналық тексеруден өткізіп, генетикалық төлқұжат бере алатын білікті мамандарды Семейге тарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз деді.

САРЖАЛ АУЫЛЫНЫҢ ТАЗА СУ МӘСЕЛЕСІ 20 ЖЫЛДАН СОҢ ШЕШІЛДІ

Депутат Нұртай Сабиляновтың айтуынша, полигон зардабын әлі тартып келе жатқан халықтың бүгінде көтеріп отырған мәселелері негізінен, медициналық көмектің көлемін ұлғайту мен жеңілдіктер арқылы, әрі кезексіз түрлі деңгейлердегі операцияларды жасатуға мемлекеттен қолдау сұрау. Мәжіліс депутаты бүгінде Семей полигоны аймағында тұратындардың көбісі зейнет жасына жетпей өмірден өтіп жатқанын айтты. Бұл тұрғыда ядролық сынақ аймағында тұрғандар зейнеткерлікке шығу жасын төмендету туралы мәселе көтерген.

Сабилянов Семейдің Абай ауданындағы Атом көлі маңында орналасқан Саржал ауылының ауыз-су мәселесі шешіліп жатқанын хабарлады. Депутаттың ол сөзін Саржал ауылының тұрғыны Әйкен Әкімбеков растап отыр. Оның сөзі бойынша, осыған дейін ауыз-суға жарымай келген саржалдықтар қазан айынан бастап құдықпен тартылған таза су ішуі мүмкін.

Бірақ, биолог-ғалым Марғұлан Хамиев ядролық жарылыстардан кейін пайда болған Атом көлі аймақтағы жерасты суларын улап тастаған дейді. «Мамандығым бойынша тау-кен инженерімін» деген ғалым ол судың сапасын тексерген соң ғана, егер радиациямен ластанбаған болса, ішуге рұқсат беру керек деп отыр. Оның айтуынша, Семей өңіріндегі радиация қаупі әлі 100 жылға дейін күшін жоғалтпайды.

АТОМ КӨЛІНЕ ШОМЫЛҒАН 5 АДАМ 5 ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ КӨЗ ЖҰМДЫ

Кезінде «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі болған Марғұлан Хамиев ядролық сынақтар аймағындағы радиоактивті қалдықтарды жою жөніндегі біздің үніміз билікке жетпей жатыр дейді. Ол «АҚШ-та ядролық полигон болған Невада штатындағы полигон орнын 100 жылға консервацияға қалдырды, себебі америкалықтар адам өмірінің құнын жоғары бағалайды» дейді.

Марғұлан Хамиев 1992 жылы қыркүйек айында Атом көліне барған делегация құрамында болған. Ол сол кезде көлдің суына түскен бес адам түрлі ауруға душар болып, бес жылдың ішінде өмірден өтті дейді.

Өзім де қатты ауырып, өлім аузынан емделіп аман қалдым деген эколог Марғұлан Хамиев жергілікті халыққа радиацияның қаупі мен залалы туралы толық мәлімет беріп отыру керек, ал үкіметті елдегі 237 миллион тонна радиоактивті қалдықтарды құртуға көндіру керек дейді.



ПОЛИГОН ЖЕРІН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ПАЙДАЛАНУ ҰСЫНЫСЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?


Азаттыққа берген сұқбатында депутат Нұртай Сабилянов ядролық сынақтардан қалған жерлерді ауыл шаруашылық мақсаттарға пайдалану мәселесі қаралып жатқанын айтты. Бірақ ол ұсыныстың қайдан шыққаны туралы анықтап айтпады.

Саржал тұрғыны Әйкен Әкімбеков ауыл маңында жылқы жаятын жер болмағандықтан, ядролық сынақтар жүргізілген жерлерді бізге беруді сұрадық деді:
Ол жерде жылқы жайылатын еді. Сол жылқыға бола оны сұрап отырмыз. Бұл жерде отырғаннан кейін әйтеуір өмір сүру керек.

- Ауылдың халқы осы мәселені сұрап жазған болатын. Өйткені бізде жер жоқ. Тұрған жеріміз – сол полигон жері. Сұрағанымыз – негізі Саржалдың жері болған. Оны бізден алып кетсе, Саржал халқы тек ауылмен ғана қалып, жерсіз қаламыз. Ол жерде жылқы жайылатын еді. Сол жылқыға бола оны сұрап отырмыз. Бұл жерде отырғаннан кейін әйтеуір өмір сүру керек. Ол жерде зиян шегетіндей түк те жоқ, пайдалануға болады, мал жайса қаупі жоқ деп отыр,- дейді Саржал тұрғыны.

Азаттық радиосының Әйкен Әкімбеков «Саржал маңындағы радиация сіңген жерде жылқыларыңыз жайылса, малдың етін жеген адамға радиация зардабы тиюі мүмкін ғой» деген сауалымызға:

- Иә, радиация зардабы болады, басқадай жеріміз жоқ, халық өмір сүріп, тіршілік жасау керек. Жылқы жаятын басқа жер жоқ. Бұл мәселе әзірге шешілмеді, болмай жатса басқа жағдай жасап, көмектесіңіздер деп отырмыз, - деп жауап қайырды.

«ЯДРОЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ӨЗ ҚАМЫН ОЙЛАЙДЫ»

Ал Марғұлан Хамиевтің айтуынша, қазір Қазақстандағы ұлттық ядролық орталық Семей полигоны аймағындағы жерлерді пайдалануға беріп, оның жарайтын-жарамайтындығын тексеру үшін мемлекеттік бюджеттен 15 миллиард теңге бөлдіруді көздеп отыр.

Хамиев ядролық сынақ болған жерлерді тексеру бұл орталықтың құзырына жатпайтынын айтады.

- Елге түсіндіріп айтып жатқан, халықты ойлап жатқан ешкім жоқ. Олар жерді тексеріп береміз деп үкіметтен 15 миллиард теңге алайын деп отыр. Ядролық орталық 1 шаршы шақырым жерді тексеру үшін 5 сынақ жасап, 5 миллион теңге алмақшы, - деді ол.

Оның пікірінше, Семей полигоны аумағындағы 3 мың шаршы шақырымдай жердегі радиация қалдығы ешқайда кеткен жоқ, сол жерде жатыр. Сондықтан ол жерді пайдалануға берудің орнына, керісінше, оған тыйым салу керек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG