Accessibility links

Сутегі бомбасы сынағының куәгері


1953 жылғы 12 тамызда Семейде болған термоядролық жарылыстың куәгері Болатбек Нәсенов. Алматы, 2 тамыз 2013 жыл.

1953 жылғы 12 тамызда Семейде болған термоядролық жарылыстың куәгері Болатбек Нәсенов. Алматы, 2 тамыз 2013 жыл.

60 жыл бұрын, 1953 жылы 12 тамызда Семей ядролық полигонында алғаш рет сутегі бомбасы сыналды. «Жарылыстың әсерін тексеру үшін жас жігіттерді ауылға тастап кетті» дейді сол оқиғаны көрген адам.

Совет Одағының ең алғашқы термоядролық қаруы – Семей полигонында 1953 жылы жарылған РДС-6с сутегі бомбасының қуаты 480 килотонна болды. Бұл полигонда 1949 жылдың 29 тамызында жарылған ең алғашқы бомбаның қуатынан жиырма есе артық еді.

«АРАҚ ПЕН СПИРТТІ ТЕГІН ТАРАТТЫ»

Бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданындағы полигонға айналған өңір тұрғындарының бірі Болатбек Нәсенов – 1953 жылғы жер бетінде сыналған алғашқы сутегі бомбасы сынағын көрген адамдардың бірі.

– Сол жылы 9-сынып бітірген едім. Аудан орталығы Қайнардың түбінде тұратынбыз. 28 шілде күні інім дүниеге келді де атын Мейрамбек деп қойдық. Содан бес-алты күн өткеннен кейін әскерилер мен селсоветтің (ауылдық кеңестің – ред) адамдары есеп жүргізіп, үй-үйдегі адамдарды тізімге алып шықты. Жаңа туған інімді де есепке алып, бізге ақша үлестірді, – дейді Болатбек Нәсенов.

Атом көлі

Атом көлі

Ол әр адамға 500 сомнан бергенін, тоғыз адамы бар өз үйі төрт жарым мың сом алып, елдің бәрі ақшаға мәз болғанын айтады.

– Ал атомның не екенін ешкім түсінген де жоқ. Себебі «Сынақ жасаймыз, сондықтан сіздерді ауылдан уақытша көшіреміз» деп қана ескертті. «Қанша көлік, қанша солдат керек – бәрін береміз. Ең аяғы қиға дейін алып кетсеңіздер де қарсылық жоқ» деп үгіт жүргізді, – дейді ол.

Болатбек Нәсеновтің айтуынша, ауылды мал-жанымен бірге Арқалық тауына – сансыз шатыр тігіп тастаған жерге көшірген, жұртқа арақ пен спиртті тегін әкеп таратқан.

– Үш-төрт күннен кейін бір әскери адам келді. Есімде, машинаның үстінде тұрып: «Ура! Ура! Ура! Совет одағында тұңғыш рет сутегі бомбасын сынақтан сәтті өтті!» («Ура! Ура! Ура! Впервые в Советском союзе успешно осуществлено испытание водородной бомбы!») деді. Атомның не екенін, оның зияны қандай екенін білмейтін жұрт түгелімен уралап, шуласып, тап бір әкелері тойдан келген балалардай қуанып жатты, – дейді Болатбек Нәсенов.

«ТӘЖІРИБЕ РЕТІНДЕ 42 КОМСОМОЛДЫ АЛЫП ҚАЛЫПТЫ»

Ол сынақтан кейін ауылына қайта көшіп келгенде Қайнарда ұшқан құс көрінбегенін, ит пен мысықтың өзі безіп кеткенін айтады.

Сутегі бомбасы және Сахаров

Физик Андрей Сахаров (1921–1989) бастаған ғалымдар жасаған РДС-6с сутегі бомбасы – жеңіл және ауыр элементтер атомдары қоспасының ядролық реакциясынан туатын, көлемі шағын (Ту-16 бомбалаушы ұшағына сыятын), бірақ жарылыс қуаты зор алғашқы термоядролық қару.

Сутегі бомбасының сәтті сынағынан кейін оны жасаған ғалымдар әртүрлі атақтар мен марапаттар алды.

Андрей Сахаров СССР ғылым академиясының академигі, «Социалистік еңбек ері» атағының иегері, Сталиндік сыйлықтың лауреаты аталды. Бірақ кейін ядролық сынаққа қарсы шыққан, Совет одағындағы танымал құқық қорғаушыға айналған Сахаров барлық атағынан айрылып, 1980 жылы Горький (қазіргі Нижний Новгород) жер аударылды.

Ол 1986 жылы ғана еркіндік алып, Мәскеуге оралды. 1989 жылы СССР халық депутаты болған Сахаров адам құқығын және барлық халықтардың мемлекет құру хақын қолдайтын «Жаңа конституция жобасын» ұсынды.
– Қаңыраған ауылға тек 42 адамды тәжірибе ретінде алып қапты. Және түгел комсомол мүшелері. Ең үлкені сол кезде шамамен 30-дың маңайында. Көбісі 20-ның ішіндегі жігіттер еді. Солардың ішінен пошташы болып істеген Елеуғазы Нұрғалиевтың ғана көзі тірі. Денесінің барлық жері сол сынақтан кейін жараға айналып кетті. Ал қалғандары түгел түрлі аурулармен, оның ішінде ракпен, жүрек аурумен 40 жасқа жетпей өмірден кетті, – дейді Болатбек Нәсенов.

Ол кісінің айтуынша, Семей полигонында 1953 жылғы тамыздағы жарылыстан кейін Дегелеңнің айналасындағы сынақ болған жерге жақын орналасқан Қоныстан, Ұзынбұлақ, Тайлан секілді ауылдың халқын қоныстарына қайта апармай, Абай ауданының Абай ауылына, Жарма ауданының Белтерек, Михайловка секілді ауылдарына бөліп-бөліп көшірген.

– Ел көшетін кезде Қайнардың басына тоқтап, бір-бірімен қоштасты. Сондағы адамдардың зарын, жылағанын көрсең құтты бір қырғынның үстіне түскендей боласың. Сондағы адамдардың бір-бірін қимай жылауы әлі көз алдымда, – дейді ол.


«ПОЛИГОННЫҢ ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАСЫНА» КҮМӘН

Болатбек Нәсенов туған жеріне осыдан алты жыл бұрын барғанында полигон алаңында әскери адамдар толып жүргенін, олар «Бұл жерден марганец табылды. Әскери зона» деп ішке кіргізбей қойғанын айтты.

– Марганец табылғанына сенгенім жоқ, бірақ басқа да бір себептері болуы әбден мүмкін, – дейді ол.

Семей полигонының орыны. 18 маусым 2009 жыл.

Семей полигонының орыны. 18 маусым 2009 жыл.

Кейбір деректерге сүйенсек, қазір Семей полигоны аумағындағы «Найманжал», «Балтемір», «Қосқұдық» кеніштерінде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл маусымның 25-і күні Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында бұрынғы полигон аумағында радиация жоқ екенін, ондағы жердің жарамды екенін, «пайдалы қазбаларға да бай бұрынғы полигон территориясы экономикаға көп пайда әкелетінін» айтқан. Бірақ ғалымдар Семей полигоны аумағының кейбір бөлігі әлі де қауіпті екенін ескертеді.

ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ: «Полигонның жері кәдеге жарай ма?»

1949 жылдан бастап ядролық сынақтар жүргізген Семей ядролық полигоны 1991 жылы жабылды. Полигонда 40 жылға созылған сынақ барысында 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалды. Полигон аймағындағы халықты басқа жаққа түгел көшірмегеннің кесірінен мыңдаған адам қатерлі ісік, жүйке ауруына шалдығып, көптеген сәбилер дүниеге мүгедек болып келді.

Семей ядролық сынақ полигоны туралы Азаттық тілшілері түсірген видео

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG