Accessibility links

Қазақстандағы сепаратизм қаупін Батыс басылымдары жазды


Қазақстан президенті Ресеймен шекаралас жатқан Өскемен қаласындағы драма театрында әртістермен кездесіп тұр. 7 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Ресеймен шекаралас жатқан Өскемен қаласындағы драма театрында әртістермен кездесіп тұр. 7 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Нұрсұлтан Назарбаев бес жылдық мерзімге қайта сайлана салысымен, Батыс басылымдары Қазақстандағы сепаратизм қаупі туралы тағы жазды.

Осы апта АҚШ-тың The Washington Post және Ұлыбританияның The Guardian басылымдары «Қазақстан екінші Украина болуы мүмкін» деген сарындағы сараптамалық мақалалар жариялады.

Авторлар мұндай болжамдардың шығуына себеп болған бірнеше факторды атап көрсетеді. Екі мақалада да орыс ұлты өкілдері санының азаюы, орыс тілінің қолданыс аясының тарылуы, билікте орыс ұлты өкілдерінің аздығы, солтүстік аймақтарда олардың тығыз қоныстануы сияқты мәселелер сөз болады.

«Президент Назарбаевтың орнын басатын мұрагердің айқындалмауы күдікті күшейте түседі» дейді батыс журналистері. Тіпті The Washington Post «Қазақстан келесі Украина болудан қауіптенеді» деген мақаласында «Сайын далада орналасқан бұл қала (Астананы меңзеп тұрса керек – М.Е.) тұрғындарының көпшілігі осы президент сайлауын «соңғы бейбіт сайлау болған шығар, Ресейдің назары енді бізге бұрылады» деп үрейленеді» деп төндіре түскен.

КРЕМЛЬДІҢ АҚПАРАТТЫҚ ЫҚПАЛЫ

Қос мақала авторы да Қазақстандағы орыстілді халыққа Кремльдің ақпараттық ықпалының қатты екенін ескерткен. Мәселен, The Guardian «Қырым аннексиясы Қазақстан қоғамын екіге жарды» деген мақаласында «Мәскеудің Қырымды аннексиялап алуы, Украинаның шығысында сепаратистік соғыстың басталуы Қазақстан қоғамының екіге жарылуына алып келді» деп жазады.

«Орыс ұлтының өкілдері бұл конфликт туралы Ресей телеарналарынан естіген пікірлерді сол қалпында қайталайды». Британиялық газет «Путин – нағыз еркек. Ол Украинаның шығысындағы жапа шегіп жатқан бейшара халыққа жәрдем беріп жатыр, ал Батыс болса тек қару жіберді» дейді Игорь есімді 42 жастағы Петропавл тұрғыны» деп жазады.

«Ресейдің аса ықпалды мемлекеттік телеарналарының Украинадағы конфликт жайындағы хабарларын көрген олардың үрейі тіпті күшейе түскен. Ол телеарналар Украинадағы қозғалыстардың арасындағы ұлтшыл элементтерді елдің жаңа үкіметімен бірге көрсетеді.

The Washington Post авторы «Ресей телеарналарының сипаттауынша, Киев орыстарды қыруға ниетті қандықол ұлтшылдарға толып кеткен» деп жазады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Орал қаласында түрлі этнос өкілдерімен кездесуі. 2 сәуір 2015 жыл.(Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Орал қаласында түрлі этнос өкілдерімен кездесуі. 2 сәуір 2015 жыл.(Көрнекі сурет)

Батыс басылымы әсіресе Қазақстанның солтүстігіндегі ахуалға алаңдайды. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлды Сібірдің қатардағы бір қаласына ұқсатқан британиялық журналист мұндағы пойыздардың Мәскеу уақытымен жүретінін, Ресей пойыздарының Қазақстан аумағын күніне бірнеше мәрте кесіп өтетінін және жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі орыс ұлтының өкілдері екенін жазады. Оның пікірінше, «мұндағы экономикалық тоқырау кесірінен жұрт бұрынғы СССР-ді аңсайды».

ҚАТАҢ ЖҮЙЕ СЫР БЕРЕ МЕ?

The Washington Post журналисінің ойынша, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері Назарбаевты қауіпсіздік кепілі санайды. «Өткен сайлауда кандидат Назарбаевтың 98 пайызға жетеқабыл дауыс жинауының да сыры осында».

Ал The Guardian «Елді ұзақ жылдан бері басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев этностар арасындағы алауыздыққа қатаң бақылау орнатты. Назарбаев саяси бөлінушіліктің орнына этностар арасындағы үйлесімді насихаттау арқылы билік жүргізіп келеді» деп жазады. «Соңғы айлардың өзінде бұл елді мекен ететін ұлттардың арасына сына қағуға тырысқан бірнеше адам жауапқа тартылды. Facebook парақшасында қазақтарды нәсілдік тұрғыдан кемсітіп, «Қырымның кебін киесіңдер» деген пікір жазған Татьяна Шевцова-Валова есімді әйел «ұлт араздығын қоздырды» деген айыппен сотқа тартылып, төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Шығыс Украинада сепаратистердің жағында соғысқан кем дегенде екі Қазақстан азаматы жауапқа тартылды».

Британиялық басылым мұнан ары «Ұлты орыс Астана тұрғыны Евгений Вдовенко Украинаның шығысындағы ресейшіл жасақтардың жағында ерікті ретінде соғысқаны үшін бес жылға түрме жазасына кесілді... Украинадағы орыстардың мүшкіл халі туралы ақпаратты оқи сала ерікті ретінде сол жаққа барған ол «онда бірнеше апта болғанын, ешкімді өлтірмегенін» айтқан. Өткен аптада Атырау соты сепаратистер жағында соғысқан тағы бір Қазақстан азаматын бас бостандығынан айырды» дейді.

Мұндай қатаң саясат этностар арасындағы кикілжіңдерді болдырмауға мүмкіндік бергенімен, ұзақ мерзім тұрғысынан алып қарағанда, олқылықтары бар.

«[Назарбаев] тұрақсыздық жайлаған, қатаң репрессиялық үкіметтер салтанат құрған аймақта салыстырмалы түрде жақсы дамыған, мұсылманы басым мемлекет қалыптастырды» деген The Washington Post авторы «Қазақстандағы демократиялық реформалардың баяу жүріп жатқанын, саяси оппозицияның тұншықтырылғанын» жазған. «Мұндай қатаң саясат этностар арасындағы кикілжіңдерді болдырмауға мүмкіндік бергенімен, ұзақ мерзім тұрғысынан алып қарағанда, олқылықтары бар. Аяқ астынан жария болып қалғанға дейін бұл қатаң жүйенің осал тұстары көзге байқалмайды. Мұндай жағдай 2011 жылғы желтоқсанда елдің батысындағы мұнай өндіретін Жаңаөзен қаласында болды».

НАЗАРБАЕВ КЕТКЕН СОҢ НЕ БОЛАДЫ?

The Guardian басылымына сұхбат берген қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев «Қазақстан – әскери тұрғыдан әлсіз ел, бізді тек халықаралық құқық қана қорғап тұр. Бірақ оның қалай жұмыс істейтінін Украина мысалынан көрдік» деген.

Ал екінші бір қазақстандық саяси сарапшы, бұрынғы дипломат Расул Жұмалы «Қырымды [аннексиялауға] ұзақ жылдар бойы дайындық жүріп жатты. Украина полиция, армия, қауіпсіздік қызметі тұрғысынан толық тәуелсіз болып кетпеуі үшін Ресей бар күшін салды. Қазақстандағы армия мен қауіпсіздік күштері де солардың кебін киеді, әсіресе елдің солтүстігінде» деген.

Наурыз мерекесінде Астана алаңында шашу шашып жатқан әжелер. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Наурыз мерекесінде Астана алаңында шашу шашып жатқан әжелер. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

«Президент пен оның тұстастары қазақ тілінен гөрі орысша сөйлегенді қолай көреді, ал Петропавл сияқты қалаларда қазақша бір сөз де білместен жақсы карьера жасауға мүмкіндік бар. Бірақ бұл жағдай таяу арада өзгеруі мүмкін. Елдегі орыстардың орташа жасы 46 болса, қазақтардың орташа жасы – 27, яғни қазақтардың үлес салмағы арта бермек. Қазақ интеллектуалдарының арасында ұлттық киім кию, қазақ әндерін тыңдау сәнге айналып келеді. Осының барлығы Назарбаевтан кейін билікке келген адам өзінің легитимдігін арттыру үшін біріктіруші күшті қажет ететін болса, ұлтшыл саясат ұстана ма деген күдікті күшейте түседі. Ал қазақ сарапшылары «мұның соңы Еуразия экономикалық одағының аясында Қазақстан, Беларусь, Армения және Қырғызстанмен экономикалық және саяси интеграцияны арттыруға құлшына кіріскен Ресейдің қарсы шаралар қолдануына алып келе ме» деп қобалжиды» деп жазады Ұлыбритания басылымы The Guardian.

Осыған байланысты пікір білдірген Досым Сәтпаев «Егер болашақта Қазақстанды Еуразия экономикалық одағынан шығаруды көздейтін жаңа басшы билікке келер болса, Ресейдің мұны ұната қоймасы анық. Қазақстанның өз ішінде Ресейден араша сұрап, Қазақстанның дұрыс таңдау жасауына ықпал етуді сұрайтын күштердің шығатыны анық» деген болжам айтқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG