Accessibility links

Әлемдік БАҚ Қазақстанның солтүстігіне «алаңдайтынын» жазды


Геогрий лентасы байланып тұрған көлік. Алматы, 6 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Геогрий лентасы байланып тұрған көлік. Алматы, 6 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Әлемдік басылымдар қазақстандық биліктің кейбір солтүстік аудандардағы жағдайға алаңдауы мен елдің этникалық құрамының өзгеруі жайлы жазды.

Британдық ақпарат агенттігі Reuters сайтында «Украинадан кейін Қазақстан этникалық орыстардың автономиясы басталғанына алаңдайды» деген мақала жариялады, онда Қостанайдағы жағдай сипатталады.

СОЛТҮСТІКТЕГІ СЕНІМСІЗДІК

Автордың жазуынша, демографиялық тұрғыда аймақтың украиналық Қырым түбегі мен шығыс Донбасс облысына ұқсастығы көп. Аталған жерлерде орыстілді топтар Мәскеу көмегімен Киевтің қарамағынан шыққан болатын.

«Солтүстік Қазақстанда сепаратистік бүлік жоқ, бірақ 18 миллион халықтың бестен бірінен астамын құрайтын этникалық орыстар өздерін барған сайын сенімсіз сезініп, Украинадағы сепаратистерге бүйректері бұрады» деп жазады ол.

Мақалада Мәскеудің Қазақстандағы сепаратизмді қолдайтыны туралы ешқандай белгі жоқ екені айтылады, бірақ Ресей мемлекетті қадағалап отырғысы келеді дейді. Reuters «қартайып бара жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың» орнына кім келетіні әлі белгісіз екенін ескертіп, жаңа мемлекет басшысы Ресеймен жақсы қарым-қатынаста қала ма, жоқ па – ол жағы белгісіз дей келе, Украинаның Ресеймен араздасуы сепаратистік бүлікке әкеп соққанын еске салады.

Қазақстандағы орыс диаспорасы 3,7 миллион адамды құрайды және Украинадан кейінгі саны жағынан екінші орында тұр, ал елдің солтүстік және шығыс аудандарында Ресеймен байланысы зор ірі өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан. Reuters-тің жазуынша, Қазақстанның әкімшілік құрылымынан Қостанай облысы барлығынан көп жапа шеккен.

Қостанай тұрғындары сепаратистік көңіл-күйлерін көпшілік алдында білдірмейді, ал екі машинаның бірі тағып жүрген Георгий лентасын Екінші дүниежүзілік соғыс жеңісіне деген құрметпен түсіндіреді, оны Украинадағы ресейшіл сепаратистерді қолдау белгісі демейді.

ОРЫСТАРДЫҢ АЗАЮЫ

Жапониядан шығатын Diplomat газеті «Орыстар неліктен Қазақстаннан кетіп жатыр?» деген сауалға жауап іздейді. Мемлекет 1991 жылы Совет Одағына тәуелсіз болған кезде, Қазақстан байырғы ұлты ел халқының көпшілігін құрамаған жалғыз советтік республика болғанын айтады.

Сол кезде қазақтардың саны тұрғындардың 40 пайызын құрады, бұл этникалық орыстардан сәл ғана көп еді. Ширек ғасыр өткен соң, соңғы санақ бойынша, этникалық қазақтардың саны тұрғындардың 70 пайызын құраса, этникалық орыстар 20 пайыз болып шыққан.

«Бұл тосын жаңалық емес еді – барлық постсоветтік елдердің этникалық құрамында айтарлықтай өзгерістер болды. Бірақ Қазақстанның жағдайы тіпті ерекше, жаңа есептердің арқасында этникалық қазақтардың осындай аз уақыт ішінде ұлттық құрамын қалай өсіргенін анықтадық», - деп жазады Diplomat.

Astana Times газетіне сілтеме жасай отырып, басылым 1992 жылдан бері Қазақстан азаматтығын бір миллионға жуық адам алғанын, олардың 90 пайызға жуығы – этникалық қазақтар екенін айтады.

Негізінен олар Қазақстанға Қытай, Өзбекстан және Ресейден оралды. Соған орай Ресейге көшкен этникалық орыстардың саны да айтылады. Азаттық жақында Қазақстан азаматтарының Ресейге «отандастарды қоныстандыру» бағдарламасына қатты қызығушылық танытқаны туралы жазған еді.

Этникалық орыстардың азаюын Diplomat «Астана үшін аралас бата» деп атайды. Газет кетіп жатқан адамдардың көбі білікті жұмысшылар, дәрігерлер, мұғалімдер және басқа да сұранысқа ие мамандар екенін айтады. «Олардың кетуі қазақстандық биліктің елдегі этникалық азшылықты ұстап қалуға барынша күш салып жатқанын, елдің байырғы тұрғыны еместерге қарсы «баяу отта қайнап жатқан» шовинизмді тоқтатуға тырысатынын көрсетеді» деп жазады Diplomat.

Газет қолда бар ақпаратқа сүйеніп, соңғы бірнеше жылда «этникалық шиеленіс барған сайын маңызды мәселе болып келе жатқанын» және Ресей мен Қазақстандағы макроэкономикалық жағдайдың нашарлауы кезінде «қаржылық та, этникалық та шиеленіс ушыға береді» деп қорытады.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG