Accessibility links

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов үйқамаққа алынды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парламент сессиясында Серік Ахметовті премьерлікке ұсынған сәті. Астана, 24 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың парламент сессиясында Серік Ахметовті премьерлікке ұсынған сәті. Астана, 24 қыркүйек 2014 жыл.

Экс-премьер Серік Ахметов Қарағанды облысындағы "коррупциялық істерге байланысты" айыпталып, үйқамаққа алынғаны хабарланды

Мемлекеттік қызмет істері және коррупциямен күрес агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда, "Серік Ахметов Қарағанды облысының бұрынғы басшылығының үстінен қозғалған қылмыстық істерге байланысты айыпталып" отыр.

Агенттік "Коррупцияға қарсы қызмет Қарағанды облысы мен қаласының, "Сарыарқа" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, "Металлургия-Металлөңдеу" индустриалдық паркінің, "Қазагрофинанс" мекемесінің бұрынғы басшылары Бауыржан Әбдішев, Мейрам Смағұлов, Г.Рахымжанов және басқаларының үстінен қозғалған ауыр коррупциялық қылмыстық істерді тергеп жатыр. Осы істер аясында Серік Ахметовке де айып тағылып, Қарағандының Қазыбек би аудандық сотының санкциясымен қамауға алынды" деп хабарлады.

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевке қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша "қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдаланды" деген айып тағылып, қыркүйектің соңында екі айға қамалған.

Тамыз айының соңында Қарағанды облысында жұртшылық өкілдерімен кездесуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Әбдішевті «жерге қатысты заңсыз іс-әрекеттері» үшін биыл жазда облыс әкімі қызметтен босатқанын мәлімдеген еді. Назарбаев биыл көктемде бір топ кәсіпкерден хат алғанын, тексеру нәтижесінде «жерге қатысты заңсыздықтар анықталғанын» айтқан.

Қазан айының басында Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов та "қызмет өкілетін теріс пайдалану" айыбы бойынша екі ай мерзімге қамалған.

Серік Ахметов 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың сәуір айына дейін Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарып, отставкаға кеткен. Бұдан соң ол қорғаныс миинстрі болып тағайындалып, биыл қазан айында қызметінен босатылған еді.

Серік Ахметов оған дейін Қарағанды облысы әкімі (2009), премьер-министрдің бірінші орынбасары (2012) қызметтерін атқарған.

Бұл Қазақстанда премьер-министр қызметін атқарған саясаткерге тағылып тұрған алғашқы айып емес. 1994 жылдың күзінен 1997 жылдың күзіне дейін үш жыл премьер-министр қызметін атқарған Әкежан Қажыгелдин қылмыстық қуғындауға ұшыраған еді. Оппозициялық пікірлерін білдіре бастаған Қажыгелдин 1998 жылы шетелге кетуге мәжбүр болды.

Қазақстанда оған «билікті асыра пайдаланған, аса ірі мөлшерде мәжбүрлеп пара алған, заңсыз қару сатып алған, оны сақтаған, салық төлеуден жалтарған» деген айыптар тағылды. 2001 жылы Қазақстанның жоғарғы соты Қажыгелдинді 10 жылға бас еркіндігінен айыру туралы сырттай үкім шығарды. Кейін Әкежан Қажыгелдинді Қазақстанның ресми сұрауы бойынша Интерпол екі мәрте ұстап, екеуінде де босатып жіберді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG