Accessibility links

«Бір диктаторға тәуелді болған кезде жақсы қоғам құрылмайды»


Саясаткер әрі экономист Серікболсын Әбділдин кеңсесінде отыр. Алматы, 19 қазан 2016 жыл.

Саясаткер әрі экономист Серікболсын Әбділдин кеңсесінде отыр. Алматы, 19 қазан 2016 жыл.

Тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы кеңесінің алғашқы төрағасы Серікболсын Әбділдин Қазақстанның саяси өмірі25 жыл ішінде қалай өзгергені жайлы айтып берді.

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Азаттық «Тәуелсіз адамдар» деген жобаны бастайды. Бұл – 1990-жылдардың басынан қазіргі күнге дейін қоғамдық пікір тудыруға моральдық түрткі болған саясаткер, музыкант, журналист, экономист, артист сияқты танымал адамдармен және белгілі медиатұлғалармен сұхбат. Жоба кейіпкерлері жаңа елде өзі және мамандығы бойынша қандай мақсат қойғанын және ол мақсаттарынан 2016 жылға қарай қандайнәтиже шыққанын айтып береді.

Алғашқы сұхбатта Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесі төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы, Қазақстан коммунистік партиясын көп жыл басқарған Серікболсын Әбділдин елдің алғашқы конституциясы қалай қабылданғаны, Жоғарғы кеңесті қалай таратқаны және 1990-жылдары мен 2000-жылдардың басында оппозициямен әуелі ымыраға келген билік оны кейін кемі партия деңгейінде қалай бағындыруға тырысқаны жайлы әңгімелеп берді.

«БАҚЫТЫМА ОРАЙ, ПАРТИЯ ФУНКЦИОНЕРІ БОЛҒАН ЖОҚПЫН»

Вячеслав Половинко: - Совет Одағы ыдыраған кезде қайда едіңіз әрі мұны қалай қабылдадыңыз? Ол күн есіңізде ме?

Серікболсын Әбділдин: - Бұл қай күні болғаны жайлы ортақ пікір жоқ. Біреулер одақ путч кезінде ыдырап кетті десе, біреулер ол күн ретінде Беловеж кездесуі өткен желтоқсанның 8-ін атайды. Ал жұрттың көбі СССР Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде түпкілікті ыдырады деп жүр. Өз басым Совет Одағы ыдырай бастағанын бір жыл бұрын - Мәскеуде жұмыс істеп жүргенде сезіне бастадым. Экономика құлдырап кетті, мемлекетті басқаруға Горбачевтің шамасы келмей республикалар егемендігін жариялай бастады.

Ал Совет Одағы ыдыраған нақты күн жайлы айтар болсам, мен ол күні жұмыста болатынмын - Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесін басқарғанмын. Сол күні біз тәуелсіздікті жариялап, ал мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі төрағасына айналдым.

Вячеслав Половинко: - Сізде апат болып, дүние астан-кестеңі шығып жатқандай сезім болды ма әлде жаңа мемлекет дүниеге келген мереке сияқты әсерде болдыңыз ба?

Мұршам болса, партбилетімді о дүниеге ала кетемін.

Серікболсын Әбділдин: - Негізі, мынау кейін сұхбат алатын адамдардың бәрі үшін жайсыз сұрақ сияқты. Жұртта қилы көңіл-күй болды. Ол сәтте менде экономика мен Қазақстан халқын құтқару қажет деген сезім болды. Бұл сезім одақтың ыдырауынан туған басқа әсерлерді басып кетті. Негізі, Совет Одағы 1990-жылдардың басында тап болған мүшкіл күйінде ұзақ тіршілік ете алмайтынын жұрттың көбі түсінді.

Петр Троценко: - Ал бұл мезетте коммунистік партияда не болып жатты? Партия жікке бөлініп, дүрбелең басталып, жұрт партбилеттерін жаппай өткізуге кірісті ме?

Серікболсын Әбділдин: - Мұны Нұрсұлтан Әбішұлынан сұрағандарың жөн. Мен партияның басшы органдарында жұмыс істеген жоқпын әрі бақытыма орай, коммунистік режим тұсында партия функционері болған жоқпын.

Петр Троценко: - Сіз оны бәрібір режим деп санайсыз.

Серікболсын Әбділдин: - Әрине, режим. Бірақ ол қазіргідей режим емес болатын. Қазіргі режим алдыңғысынан өткен қатыгез болып шығады деп күткен жоқ едік.

Вячеслав Половинко: - Ал сіз партбилетіңізді қайтарып бердіңіз бе?

Серікболсын Әбділдин: - Жоға. Мұршам болса, партбилетімді о дүниеге ала кетемін.

Вячеслав Половинко: - Бірақ партбилетін жұрттың көзінше жыртқандар бар ғой.

Серікболсын Әбділдин: - Мен мұны мүлде құптамаймын. Ельциннен бастап, оны қостаған әлгі адамдардың бәрі коммунистік жүйеде тәрбиеленді. Ельцин партия тәрбиесінен өткеннен кейін ғана сондай дәрежеге жетті. Ал Горбачевпен керісіп алып, бір сағаттың ішінде партбилетін жыртып тастағаны сұмдық көрініс болды. Сондықтан одан үлгі алғандардың бәрін үзілді-кесілді айыптаймын.

Вячеслав Половинко: - Демек әлгі адамдарды партияға жасанды жолмен,күштеп кіргізген болып шықты ғой.

Серікболсын Әбділдин: - Қайдағы! Ешкім ешкімді партияға сүйреп кіргізген жоқ. Керісінше, бізде партияға өткісі келетіндердің көптігінен анкета жетпей қалатын. Ал билетін жыртқан әлгі адамдар - партияның атын қызметте өрлеу үшін ғана пайдаланғандар. Алаяқтар мен жылпостар.

«ПРЕЗИДЕНТТІ ҚҰРМЕТТЕЙМІН, БІРАҚ ШЫНДЫҚ ҚЫМБАТ» САРЫНЫНДАҒЫ ТАЛҚЫЛАУЛАР

Вячеслав Половинко: - Тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы кеңесіне бірінші кезекте қандай міндеттер жүктелді?

Серікболсын Әбділдин: - Мен талқыға салған мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң жобасында енді қандай нормалар бойынша және қалай өмір сүретініміз анық жазылған болатын. Бірақ алғашқы күндері біз көбінесе бір ғана нәрсені – өндірісті аман алып қалу, жұртты жұмыспен қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын сақтап қалуды ғана ойладық.

Вячеслав Половинко: - «Әл-ауқатын сақтап қалу» дегенді қалай түсінуге болады? Ол кезде дүкендерде ұзын-сонар кезек, тіпті азық-түлік тапшы болды ғой.

Серікболсын Әбділдин: - Қонаевтың тұсында азық-түлік тапшылығы мүлде болған жоқ. Дүкенде ет аз болса да, Алматыдағы көк базарда толып тұратын. Одақта қаңыраған сөрелер Горбачевтің тұсында, ал Қазақстанда Назарбаевтың тұсында пайда болды. Ол кезде сендер әлі кішкентай бала шығарсыңдар. Ал қазір жылпос саясаткерлер мен өтірікшілер «жейтін ештеңе болған жоқ» деп Совет Одағына жала жабады.

Мәскеуде жұмыс істеп жүргенде СССР министрлер кеңесінің әр отырысына қатысып, Николай Рыжковтың (СССР министрлер кеңесінің төрағасы. — Азаттық) ызалы сөздерін тыңдайтынмын. Азық-түлік бағдарламасымен ешкім дұрыс айналыспағаны аздай, саботаж ұйымдастырды. Бірде біз жұмысты талқылап отырып Мәскеу түбінде көкөніс, сүт, ет сияқты азық-түлік тиелген вагондар тәуліктеп тұратынын анықтадық. Оның бәрі бұзылып кетіп, кейін сол жерде - Мәскеу төңірегіндегі шұңқырларға көмілетін.

Саясаткер әрі экономист Серікболсын Әбділдин журналист Вячеслав Половинко (арғы планда) және Петр Троценкомен әңгімелесіп отыр. Алматы, 19 қазан 2016 жыл.

Саясаткер әрі экономист Серікболсын Әбділдин журналист Вячеслав Половинко (арғы планда) және Петр Троценкомен әңгімелесіп отыр. Алматы, 19 қазан 2016 жыл.

Вячеслав Половинко: - Әлгі саботажды кім ұйымдастырды?

Серікболсын Әбділдин: - Одақты әдейі күйреткендер. Халықтың наразылығын қоздыру үшін осындай қаскүнемдік жасау керек болды. Бұл - Америка Құрама Штаттарының нұсқауымен жасалған әрекет (Совет Одағын тауар тапшылығын жасанды жолмен тудыру арқылы күйретті деген болжам Совет Одағын аңсайтындар арасында көп тараған, бірақ одақ бұл себепті ыдыраған жоқ, ал оған әлдебір шетелдіктердің қатысы болғанын айғақтайтын ешқандай дәлел жоқ. - Азаттық).

Петр Троценко: - Одақ ыдырағаннан кейін коммунистерде кек алу туралы ой болған жоқ па? Жаңа революция ұйымдастырғысы келмеді ме?

Серікболсын Әбділдин: - Қазақстанның компартиясын 1991 жылғы тамызда жауып, социалистік партия құрды, оған уақытша мүше болдым. Партия толықтай Назарбаевты қолдады, сондықтан оның жақтастарында кек алу деген ешқандай пиғыл болған жоқ. 1994 жылы біз коммунистік партияны қайта құрдық, бірақ СССР-ді сақтап қалу туралы референдум болған күннің (наурыздың 17-сі. — Азаттық) құрметіне митинг өткізбек болғаны үшін 1996 жылы оны жауып тастады. Алайда бұл ешқандай реваншизм емес, әлгі оқиғаны еске алу ғана болатын.

Ол кезде мен партияны әлі басқармайтынмын, ардагерлердің сұрауымен мені төрағалыққа 1996 жылғы сәуірдің 12-сінде ғана сайлады. Бірақ сол кездің өзінде бүкіл жұртқа «Бұрынғы режимге қайта оралмаймыз, Қазақстанда реваншизм болмайды. Біз көппартиялық жүйені қолдаймыз, ал коммунистік партия демокартия аясында жұмыс істейді» деп бірден айттым.

Бірақ кейде Назарбаев бұра тартатын - билікке келген алғашқы жылдардан бастап елдегі бүкіл билікті уысында ұстауға ұмтылды. Біз мұнысын байқап, оны тежеуге тырыстық.

Вячеслав Половинко: - Жоғарғы кеңестің сол кездегі – 1991-1993 жылдардағы жұмысын қалай сипаттар едіңіз? Кеңесте саяси тартыстар болушы ма еді?

Серікболсын Әбділдин: - Мен мұны тартыс деп айтпас едім, бірақ қызу пікірталас болғаны анық. Күрделі ғана емес, тіпті ұсақ-түйек мәселелердің өзін қызу талқылайтынбыз. Тіпті заң баптарындағы әлдебір әріп, сөздерге дейін талқылайтынбыз.

Мемлекет құру мәселесі көп талас тудырды, бірақ парламент пен президент немесе парламент пен үкімет арасында ешқандай қақтығыс болған емес. Пікірталастар «президентті сыйлаймын, бірақ маған шындық қымбат» деген сарында өтетін. Қазіргі парламенттен осылай айта алатын бір адам болса, маған тауып беріңдерші.

Петр Троценко: - Айтпаса да, осылай ойлауы мүмкін.

Серікболсын Әбділдин: - Ал одан не пайда?

«НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚЫЛЫҒЫ АЙНАЛАСЫНДАҒЫЛАРДЫҢ БӘРІНЕ ЖҰҒАДЫ»

Петр Троценко: - Сол жылдардағы антикоммунистік риторикасымен ерекшеленген Назарбаевпен қарым-қатынасыңыз қалай болды? Ал оның коммунизмге деген қазіргі көзқарасы аздап жұмсарды ма?

Серікболсын Әбділдин: - Коммунизмге деген көзқарасы жұмсарды деп айтпас едім. Ал екеуміздің қарым-қатынасымызға келсек, оның орнын тартып алайық деген ойымыз болған жоқ. Тіпті оның ұтымды деп санаған ұсыныстарын көпшілік дауыспен үнемі қолдап отырдық. Бірақ кейде Назарбаев бұра тартатын - билікке келген алғашқы жылдардан бастап елдегі бүкіл билікті уысында ұстауға ұмтылды. Біз мұнысын байқап, оны тежеуге тырыстық.

Қазақстан премьер-министрі болған(2012 жылы), кейіннен сотталған Серік Ахметов.

Қазақстан премьер-министрі болған(2012 жылы), кейіннен сотталған Серік Ахметов.

Ал екеуміздің қарым-қатынасымызға келсек, өз басым Назарбаевқа деген ешқандай жеке араздығым жоқ. Мені оның өтірік айтатыны ғана алаңдатады. Мүмкін, дәлел керек дерсіз, бірақ Назарбаевтың өз уәделерін орындамай қойғанынан артық қандай дәлел керек? Кез келген уәдесінен тайқып шыға келеді. Бүкіл материалдық дәулетін заң жүзінде ешкім тиіспейтіндей етіп алса, бірдеңені дәлелдеп қайтемін. Егер адал еңбекпен тапқан байлығы болса, оны неге жасырады?

Мұндай қылық бүкіл айналаңа жұғады. Назарбаев таңдап тағайындаған екі премьер-министр сотқа тартылды. Оппозицияның көрнекті екі қайраткерін өлтіріп тастады. Мұны ойдан шығарып отырған жоқпын ғой. Қайта құру мен жариялылық кезеңі басталған кез болатын, бірде Нұрсұлтан Әбішұлынан «Нұреке, бар кінәні неге Сталинге жаба береміз? Ол өзі ешкімді өлтірген жоқ қой» деп сұрадым. Ол кезде Назарбаев «Сталин сондай саясатты құрды» деп дұрыс жауап берген. Енді мынадай сұрақ: «Ал біздегі қазіргі саясатты кім құрды сонда?».

Ал енді құпияландыру сияқты әлгі заңдардың бәрі уақытша фактор элементі деп ойлайық. Мәңгі ештеңе жоқ, бір күні Назарбаев та кетеді. Бірақ жастар немен қалады? Қазір екі университетте магистранттарға сабақ беремін, сондықтан қазіргі жастар бізден әлдеқайда саналы екенін байқаймын. Бірақ олар ұрлық, жемқорлық, алдау-арбау жайлаған ортада өсіп келеді. Айналасында осындай жайттар болып жатқанда ақыл-есі дұрыс атаның жүрегі қайдан тыныш соғады?

Миллиондаған адам әрең күнелтіп отыр. Әлгі КТК телеарнасын қоссаң болды, қайыр сұраған біреуді көресің, тығырыққа тірелген адамдарды көрген кезде халықтың әл-ауқаты артып, ел өркендеп келеді деп қалай айтуға болады?

Сондықтан президентке ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ оның саясатына қарсымын.

«НАЗАРБАЕВ МЕНІ ҮГІТТЕДІ»

Вячеслав Половинко: - 1993 жылы Жоғарғы кеңес қалай қуылды? Бұған жол бермеуге тырыстыңыз ба? Мүмкін Назарбаевпен жеке сөйлесіп, бұлай істеуге болмайды деп айтқан шығарсыз?

Серікболсын Әбділдин: - Бәрі Назарбаевтың «елдегі саяси билік бір адамның қолында болуы тиіс әрі ол адам - мен» деген ойынан басталды. Алғашқы конституция жобасын пысықтап жатқанда комиссия төрағасы әуелі Ерік Асанбаев болған, бірақ кейін ол вице-президент болып кетті де, төраға мен болдым. Назарбаев маған «Жоғарғы кеңес төраға етіп мені сайласын» деп жалынып қоймады. Ол мұны менен жолдас ретінде сұрады деуге болады, ал мен «бұл мәселені дауысқа саламын» деген уәде ғана бердім. Жоғарғы кеңес әуелі қарсы болды, бірақ мен үгіттеп, көндірген соң президентті сәл басым дауыспен конституциялық комиссия төрағалығына сайлады.

Отырыстарды ол төраға болғаннан кейін де мен жүргізе бердім, бірақ енді Назарбаев конституцияға президенттік республика деп жазылсын деп талап етті. Біз сол сәтте билікті үш тармаққа бөлу жобасын жасап, үшеуінің бүкіл құқығын жазып қойғанбыз. Әлгі конституция бойынша президентке мемлекетті басқаруда көп мүмкіндік берілді. Назарбаев конституцияға «президенттік» деген сөзді енгізу туралы мәселе көтеріп еді, комиссия келіспей қойды. Назарбаев жобаға еріксіз қол қойды.

Ол кезде мұндай әңгімелер 100 грамсыз өтпейтін, ол коньяк ішетін, мен арақ ішетінмін – екеумізге бір бөтелкеден әкелді, бірге отырып түскі ас іштік.

Кейін жобаны Жоғарғы кеңестің бекітуіне ұсынар кезде Назарбаев менімен кездесуді сұрады. Екеуміз жексенбі күні таңғы сағат 10-да кездескеніміз есімде қалыпты. Жұмыс жайына байланысты аздап әңгімелестік, сосын Назарбаев «сөйтсе де, конституцияны президенттің ықпалын күшейту жағына ойыстыру керек» деді. Ол «әрдайым бірге боламыз, екеуміздің идеологиялық көзқарасымыз бірдей» деп мені үгіттеуге кірісті. Ол кезде мұндай әңгімелер 100 грамсыз өтпейтін, ол коньяк ішетін, мен арақ ішетінмін – екеумізге бір бөтелкеден әкелді, бірге отырып түскі ас іштік. Бірақ конституция мазмұнын өзгерту туралы мәселені Жоғарғы кеңес талқысына салуға бәрібір батпадым.

Назарбаевқа «Ертең Жоғарғы кеңеске келіп, бәрін өзіңіз айтыңыз. Талқыланып жатқан жобаны қайтарып алыңыз, сосын не қалайсыз, соны істеңіз» дедім. Бірақ ол да бұлай істей алмады, өйткені Назарбаев көрінген бұрышта демократия мен демократияландыру туралы жар салатын, ал талқылауға түскен жоба әлгі талапқа 100, тіпті 200 пайыз сай болатын.

Ақыры конституцияны ұрандатып қабылдадық. Құжат күшіне енді, ал кейін Назарбаев конституцияда парламентті тарату құқығы туралы жазылмаған деп «қыңқылдай» бастады. Мен «әуелі бірер заңнан вето қоюға негіз болатындай ілік табыңыз, ал мына парламент керек пе, жоқ па – оны сол кезде талқылаймыз» дедім. Бірақ Назарбаев мұны да істей алмады, ол кезде заңдар талапқа сай қабылданатын.

Ал мен Үндістанға кеткен кезде Назарбаев былықтырып, 43 депутат өзімізді таратамыз деп арыз берген. Нұрқаділов Алматыдағы Алатау аудандық кеңесін таратыпты (сосын республикадағы тағы төрт аудандық кеңес таратылды. — Азаттық). Сөйтіп жоғарғы кеңесті тарату әрекеті басталды.

Вячеслав Половинко: - Мұның бәрі сіз жоқта болған ба?

Саясаткер әрі экономист Серікболсын Әбділдин кеңсесінде отыр. Алматы, 19 қазан 2016 жыл.

Саясаткер әрі экономист Серікболсын Әбділдин кеңсесінде отыр. Алматы, 19 қазан 2016 жыл.

Серікболсын Әбділдин: - Иә. Кейін Назарбаевпен сөйлесіп, «Жоғарғы кеңес керек жоқ десеңіз, өз басым қарсы емеспін. Бірақ жаңа конституция бар ғой, жаңадан сайлау өткізейік. Әлгі авантюристерді тыңдап, кеңесті таратып, бүкіл елді дүрліктірудің қажеті не?» дедім. Ол «жақсы» деді де, екі күннен кейін заңгерлермен кездесуінде кенет «кеңестің тарайтыны жақсы болды» деп қалды. «Өзін-өзі тарату» кімнің бастамасы екенін сол кезде түсіндім.

«ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ЖОСПАРДАН КЕЙІН ЭКОНОМИКА 25 ПАЙЫЗҒА ҚҰЛДЫРАДЫ»

Вячеслав Половинко: - Сіз 1994 жылы оппозицияға қосылдыңыз. Ол кезде сізді қолдағандар көп болды ма?

Серікболсын Әбділдин: - Әуелі оппозиция қалыпты қоғамдық институт екенін айту керек. Қазір оппозицияда болсаң, ертең биліктесің. Мен 23 партия мен қоғамдық қозғалыс кіретін республикалық кеңесті басқардым. Бұл менің кандидатурамды толық қолдау болды. Бірақ біз біреуге қарсы емес, дағдарысқа қарсы жоспар құрамыз деген мақсатты көздеп жиналдық.

Вячеслав Половинко: - Оларды (дағдарысқа қарсы жоспар – ред.) Назарбаевқа бердіңіздер ме?

Серікболсын Әбділдин: - Назарбаевқа да, Терещенкоға да бердік. Әлгі жобаларымызды кәсіподақтар қолдады. Бірақ президент дағдарысқа қарсы өз жоспарын шығарып, үкіметте дағдарысқа қарсы бағдарлама бар, қалғандарың «терлемей-ақ» қойыңдар деді. Бірақ дағдарысқа қарсы әлгі жоспар бәрін қиындатып жіберді. 1994 жылдың басында премьер Терещенко үкімет экономикаға араласпауы тиіс деген қаулыға қол қойды. Сол жылы экономика 25 пайызға бірден құлдырады. Елді жоқшылық жайлады. Жұрт, әсіресе ауыл адамдары кете бастады. Сол жыл миграция шарықтаған жыл болды. Сол күйі жаңа ғасырдың басына дейін құлдырадық, сондықтан қазір жоғарғы кеңесті алып қалмағанымызға өкінемін, өйткені мүмкін әлгіндей қырсықтар болмас па еді.

Петр Троценко: - 1995 жылғы конституция жайлы ойыңыз қандай?

Президент дағдарысқа қарсы өз жоспарын шығарып, үкіметте дағдарысқа қарсы бағдарлама бар, қалғандарың «терлемей-ақ» қойыңдар деді.

Серікболсын Әбділдин: - Ол кезде ешкім емеспін, қарапайым профессор болатынмын. Әрине, өз ұсыныстарымды жарияладым әрі президентке де жолдадым. Бірақ оларды ешкім қараған жоқ. Бірақ негізі мен мұндай күрделі құжаттарды қабылдауға референдум өткізу жарамайды деп санаймын. «Иә» немесе «жоқ» деген нұсқасы бар екі сұрақ қою бір бөлек те, 100-ден аса бабы бар құжатты талқылау бір бөлек. Жаңа конституция керек пе, жоқ па деген сұраққа қандай адам тез жауап бере алады?

ЖАҒЫМПАЗДАРДЫҢ БӘРІ НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚОЛЫНДА БОЛДЫ

Вячеслав Половинко: - 1999 жылы сіз сайлауға жеңемін деген оймен түстіңіз бе? Жоғарғы кеңесті қуып таратып, жаңа конституция қабылданғанан кейін сіздің жеңуіңізге мүмкіндік береді деп ойладыңыз ба?

Серікболсын Әбділдин: - Ондайға тек мисыз адам ғана сенеді. Ол сәтте Назарбаев өкілеттігін жеті жылға текке ұзартып алған жоқ. Ол кезге қарай бүкіл билік бір адамның қолында шоғырланған болатын. Ақша да, жағымпаздар да, қолпаштау да бәрі соның қолында еді. Сайлауға жұрттың есіне оны ауыстыруға болатынын салу үшін ғана түстім.

Бұдан бөлек, маған сол кездің өзінде тұралап қалған компартияны таныту керек болды. Бұл мақсат орындалды. Ашық дереккөздерде ол кездегі негізгі сұрақ «Назарбаев жеңді ме?» деген сауал болғаны жайлы ақпарат бар. Біздің сауалнамаларымыз екінші тур өткізу керек екенін көрсетті, ал кей сарапшылар тіпті Әбділдинге сайлаушылардың 54 пайызы дауыс берді деді. Кейін төрт облыс маған, ал Назарбаевқа алты облыс, қалғандары екеумізге 50 де 50 пайызбен дауыс бергенін айтты.Бәрін қосып есептегенде, екеуміз де 50 пайыз алған жоқпыз.

Петр Троценко: - Сайлау нәтижелері қандай схемамен бұрмаланды? Бұл туралы не білесіз?

Серікболсын Әбділдин: - Сен не, қалай бұрмаланатынын әлі күнге дейін білмейсің бе (күледі)?

Вячеслав Половинко: - Қазір талқыланып жүрген схемалар ол кезде де болып па еді? Мысалы, «карусель», үйде дауыс беру сияқты...

Петр Троценко: - Ал бұл қайда шешілетін? Территориялық сайлау комиссияларында ма әлде жоғарыдан ба?

Серікболсын Әбділдин: - Дұрыстап түсіндірейін. Сайлаушылар келді. Назарбаевқа 10 адам, Әбділдинге 20 адам дауыс берді. Бірақ Назарбаевқа 80 адам, ал Әбділдинге 10 адам дауыс берсін деген нұсқау бар. Жоғарыдан қалай айтылса, солай жазады. Бірақ сайлау комиссияларында, тіпті менің туыстарым да болған. Бір жерде Әбділдинге 15 пайыз, Ғани Қасымовқа 5 пайыз, әлгі экологқа (Энгельс Ғаббасов. — Азаттық) екі пайыз берілсін деген жарлық түскен. Бірақ учаскелік комиссия «компьютер бұзылып қалды» деп алдап, Назарбаевқа тиесілі дауысты маған жазған. Ал округтік комиссия бәрібір талап еткендей етіп жазған.

Сайлауда жеңген Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Сайлауда жеңген Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Нұрсұлтанмен араздасып қалған марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы ол кездене болғанын кейінірек ертегі сияқты айтып берген. Оның айтуынша, бірер апта бұрын Әзербайжандағы сайлауда Гейдар Әлиев 70-тен көп пайыз алғаннан кейін, Қазақстанда да сол шамада дауыс жинаған. Бірақ Назарбаев «түзетіңдер, қане» деп бақырған соң түзетіп, 90 пайызға жуыққа (нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев 81 пайыз дауыс алды. — Азаттық) жеткізген.

Вячеслав Половинко: - Кейінірек сіз билікке қайта оралдыңыз. Мысалы, азаматтық қоғамды ары қарай демократияландыру мен дамыту ұсыныстарын құрастыратын жиналысқа қатыстыңыз.

Серікболсын Әбділдин: - НКВД кезінде де жиналыстар болған.

Петр Троценко: - Азаматтық қоғамды ары қарай демократияландыру мен дамыту туралы ма?

Вячеслав Половинко: - Бірақ сіз ол жерде елеулі рөл атқарып, Назарбаевпен жолығып тұруға тура келді. Демек ескі өкпе-реніштер уақытша ұмытылғаны ғой?

Серікболсын Әбділдин: - Мен президент сайлауына түскеннен кейін Назарбаетың өзге амалы қалмады. Ол кезде парламент сайлауы да өтіп еді ғой, сондықтан партия тізімі бойынша 10 мандаттың төртеуін біз алғанбыз. Ақыры бізге екеуін ғана берді, бірақ мен парламент ішінде фракция құрып алдым. Оны тіркете алмағаныммен, біздің идеямызды қолдаушылар көп болды. Бірақ бұл билікке келу деп саналмайды, жалғыз депутат билік бола алмайды.

Билікке оралған әлгі бес жылым зая кетті деп есептемеймін. Көптеген маңызды мәселелер көтердім. Олардың бірі – «Қазақгейт». «Әлгі ақшаны тықпай, беріңдер» деп Нұрсұлтанға ашық жаздым.

Ол кезде Назарбаев жер мәселесіне қатысты биылғы комиссия сияқты қилы комиссиялар құрып, жиналыстар өткізіп, бәрімізді ақымақ еткен еді. Әлгі комиссияларға оппозициялық партиядан адамдарды кіргізбеуге шарасы қалмады. Негізі, отырысты мен еш агрессиясыз жүргізетінмін. Бірақ билікке бұл да ұнаған жоқ. Мұндай комиссияларға Назарбаевтың тапсырмаларын орындауды бұйыратын ғой. Сондықтан Әбділдин мен [Төлен] Тоқтасыновты жаңа шақырылымға кіргізбеу туралы міндет жүктелді.

Билікке оралған әлгі бес жылым зая кетті деп есептемеймін. Көптеген маңызды мәселелер көтердім. Олардың бірі – «Қазақгейт». «Әлгі ақшаны тықпай, беріңдер» деп Нұрсұлтанға ашық жаздым. Ақыры ол ақшаны үкімет қоры мен «Бота» қорына аударды емес пе. Бұған қоса, әнұранды өзгертуге қатысты мәселе шықты (2001 жылы. — Азаттық) . Әуелі жалғыз мен қарсы болдым, ал талқылай келе депутаттардың бәрі қарсы болды. Ақыры Назарбаев әлгі мәселені күн тәртібінен алып тастауға мәжбүр болды (2006 жылы әнұран бәрібір өзгерді. — Азаттық).

Вячеслав Половинко: - Бұл кезде Назарбаев екеуіңіз оңаша жиі сөйлесуші ме едіңіз?

Серікболсын Әбділдин: - Арақты бірге ішетіндер жиі сөйлеседі емес пе?

Вячеслав Половинко: - Демек сіз ішпейтін болғансыз ғой?

Серікболсын Әбділдин: - Ішпейтін болғанмын. Екеуміз Республика күні мерекесінде кездестік - ол кезде Назарбаев кейде мәжіліске келіп тұратын. Амандасып, бірдеңелерді айтқан болдық.

Вячеслав Половинко: - Ал жұмыстан тыс кезде кездескен жоқсыздар ма?

Серікболсын Әбділдин: - Ондай бір кездесу болған. Әблязов пен Жақияновты еш жазықсыз алғаш қамап тастады. Екеуінің саяси айыптармен отырғанын білетінмін. Негізі, мен Назарбаевқа зейнетке шығу жасына қатысты мәселемен кірген болатынмын, бірақ әлгі мәселені де қозғадым. Екеуміз әңгімелесіп біраз отырдық, бір-бірімізді аздап қыжыртып алдық. Назарбаев өкінеміз деп менің атыма хат жазып берсін дейді. Мен олар жазбайды, өйткені кінәсі болса, ондай хатты сотқа дейін жазып берер еді дедім. Ақыры Назарбаев менің міндетім болмаса да «екеуіне колония бастығынан мінездеме алып кел» деді. Әлгі кездесуден кейін Әблязов пен Жақияновқа көзқарасы аздап жылыды, өйткені екеуі сотталған мерзімнің аяғына дейін отырған жоқ.

ВИДЕО: Азаматтық белсенділер туралы "Еркін сөз" хабары (орыс тілінде)

«ЕЛ ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРІП КЕТТІ»

Вячеслав Половинко: - Сізді жаңа шақырылымға кіргізбеу туралы пәрмен деп партиядағы 2004 жылғы жікке бөлінуді айтасыз ба?

Серікболсын Әбділдин: - Қысқартып айтып беруге тырысайын. Владислав Косаревті (жікке бөлінгеннен кейін президентшіл деп саналатын Қазақстан коммунистік халықтық партиясын басқарған. — Азаттық) партияға өзім әкеліп едім. Маған партияны мәжілістегі депутаттармен нығайту керек болды да, мен оған біздің партияға өтуді ұсындым. Ол «прокурор аңдуындамын» деп оппозициялық жұмыспен айналыса алмайтынын айтты. Ал біраздан кейін күтпеген жерден оппозициялық жұмыспен айналыса аламын деді.

Ал құпиясы біраздан кейін –ҰҚК-ні аз уақыт басқарып, кейін президент әкімшілігіне қайта оралған Марат Тажинмен сөйлескенімде ашылды. Оған «компартияны жою жоспарын неге құрасыңдар?» деп кіріп едім, Тажин «ол менің емес жоспарым, оған қатысым жоқ» деді. Ал сосын жоспарда жазылған жікке бөліну туралы сұрап едім, Тажиннің өзі мойындай бастады: адамдарының ізінен прокурорлық бақылауды алып тастауды сұрап Косарев келгенін айтты. Ал Тажин оған укомпартияның ішіне ірткі сал, сонда келісемізу деп қарсы талап қойған.

Еліміз адам танымастай болып өзгерді, тіпті таныстарым мен құрдастарымның өзгеруіне тура келді. Бүкіл билік бір адамның уысында болса енді қайтеді?

Енді қараңыз, әлгіден кейін Косарев партияға тез ие болып алды. Сайлауға екі ай қалғанда тіркеп, облыстық филиалдарын ашып берді. Мен мұның бәрі мемлекет басшысының бастамасы деп санаймын.

Негізі, сөзі жылтыр кей адамдар ар-ұят болмайды. Косаревті өзіме тең адам деп қабылдап едім. Ол әрине осылай істеуге мәжбүр болды.

Петр Троценко: - 1990-жылдарға қайта оралғыңыз келер ме еді?

Серікболсын Әбділдин: - Өткенді ешкім ешқашан қайтара алмайды.

Петр Троценко: - Ал нені өзгерткен болар едіңіз?

Серікболсын Әбділдин: - Ол кезде шаруаның бәрі қауырт істелді ғой. Бірақ ол заманда заңдарды тыңғылықты құрастырып, ал олар мүлтіксіз орындалса, қазір мүлде өзге елде өмір сүріп жатар едік. Еліміз адам танымастай болып өзгерді, тіпті таныстарым мен құрдастарымның өзгеруіне тура келді. Кімге орден тағып, кімге қандай зейнетақы тағайындап, кімге Кеңсайдан орын бұйыратынына дейінгі бүкіл билік бір адамның уысында болса енді қайтеді? Бәрі бір диктаторға тәуелді болған кезде дені дұрыс қоғам болмайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG