Accessibility links

Техникалық мамандыққа ынта кеміп тұр


"Серпін" грантын иеленген талапкерлер. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл. Көрнекі сурет

"Серпін" грантын иеленген талапкерлер. Шымкент, 25 тамыз 2014 жыл. Көрнекі сурет

Шілденің 31-і күні «Серпін-2050» жобасы бойынша негізінен Қазақстанның солтүстігіндегі жоғарғы және арнаулы оқу орындарына құжат қабылдау аяқталады. Биыл техникалық мамандықтарға құжат тапсырушылар аз.

Жанар есімді Алматы облысы «Өтеген батыр» ауылының тұрғыны «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне түсуді көздейді. ҰБТ-ден 91 балл жинаған оның негізгі таңдаған мамандығы – физика. Сол себепті болашақта техникалық мамандық иесі болғысы келеді.

«Бұл мамандыққа түскісі келетіндер өте көп. Бәсекелестік күшті болмақ. Сондықтан таңдаған төрт мамандығымның біріншісі ретінде «Серпін-2050» бағдарламасын атадым» дейді Жанар Азаттық тілшісіне. Жанар сияқты оңтүстік өңірлерде туып-өскен абитуриенттер үшін «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының бір тартымды жері – ірі қалалардағы сияқты емес, орталық және солтүстік Қазақстандағы университеттерге түсу мүмкіндігі күрт көбейеді. Бұл жоба арқылы солтүстік өңірлердегі университеттерге ҰБТ-дан ең төменгі шекті 50 балл жинаған талапкерлер грант байқауына құжат тапсыра алады. Негізгі шарт – талапкер Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда немесе Маңғыстау облыстарының бірінде мектеп бітірген болуы керек. 2014 жылы бұл жоба аясында 2050 мемлекеттік грант бөлінген. Биыл грант саны 6200-ге бір-ақ көбейген кезде талапкерлердің былтырғыдай ынталы емес екені байқалып қалды. Олардың ішінде Жанар сияқты техникалық мамандықты қалайтындар аз болып шықты.

«АҒАЙЫН-ТУЫСҚА АЙТЫҢЫЗДАР»

Жоба қызметкерлерінің әлеуметтік желілерде құлақтандыру жариялауы да жиіледі. Солардың бірі Амангелді Құрметұлы шілденің 30-ы күні Facebook-та: «28 мамандық бойынша құжат тапсырушылардың саны аз болып отыр. Демек, сол мамандықтарға грантқа оқуға түсіп кету мүмкіншілігі жоғары.

Биыл мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырған, не бұған дейін тегін оқу грантына іліне алмай, кешенді тест тапсырған іні-қарындас, ағайын-туыс, ауылдас, көшелес таныстарыңыз болса, «Серпін» бойынша тегін оқу мүмкіндігі бар екенін айтыңыздар» деп жазды.

«Серпін -2050» әлеуметтік жобасының республикалық үйлестіру кеңесінің мүшесі Мәншүк Зекенқызының айтуынша, биыл аталған жоба бойынша бірнеше мамандыққа құжат тапсырушылар жетіспей жатыр. Оның сөзінше, биология, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, информатика, есептеу техникасы, математика, химия, физика, тау-кен ісі, металлургия, транспорт, құрылыс және жылу энергетикасына қатысты мамандықтарға құжат тапсырғандар саны өте аз. Биыл талапкерлер машина жасау, транспорт технологиясы, электр энергетикасы, агрономия мамандықтарын көбірек таңдаған.

"Серпін-2050" әлеуметтік жобасының вебсайты

"Серпін-2050" әлеуметтік жобасының вебсайты

Азаттық аталған әлеуметтік жоба бойынша талапкер жіберуші бес облыстағы құжат тапсырушыларды зерттеп көрген еді. Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жоғарғы және арнаулы оқу орындарына бөлінген 2600 гранттың 886-сын Оңтүстік Қазақстан облысынан құжат тапсырғандар иеленіпті. Облыстық білім департаменті жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Болат Серікұлы биыл бұл өңірден «Серпін» бағдарламасы бойынша құжат тапсырушылардың бүгінге дейінгі саны 6 мыңнан асқанын айтты.

Ал Жамбыл облысы бойынша «Серпін» бағдарламасына құжат тапсырғандардың саны – 2380.

«Былтыр аталған бағдарлама бойынша құжат тапсырғандардың саны өте аз болатын. Ал биыл ҰБТ-ден 104 балл жинаған оқушы төрт мамандықты да осы «Серпін» бағдарламасы бойынша таңдап отыр. Бұл біз үшін үлкен көрсеткіш» дейді «Серпін -2015» жобасының Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі Алтынай Жайлышқызы.

Маусым айында «Серпін-2050» үйлестіру кеңесінің төрағасы, бұрынғы депутат әрі білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов бірнеше облыста жобаны насихаттап кездесулер өткізген. Олардың ішінде Әбеновтің туған облысы Қызылорда да бар еді. Былтыр бұл облыс бойынша солтүстіктегі университеттерде оқуға ынта білдірген талапкерлер саны 400-ге жетпеген. «Осыдан екі күнгі мәлімет бойынша 1300 оқушы «Серпін» бағдарламасы бойынша құжат тапсырған. Соңғы күнге дейін 3 мыңға жетуге тиіс» деді Қызылорда облысы бойынша «Серпін-2050» өкілі Жасұлан Серіков шілденің 31-і күні Азаттыққа.

«БИОЛОГИЯНЫ КӨП ТАҢДАЙДЫ»

Алайда аталған облыс өкілдері құжат тапсырушылардың нақты қай мамандықтарды таңдап жатқанын айта алмады. Жасұлан Серіковтің айтуынша Қызылорда облысы бойынша құжат тапсырушылардың жиі таңдаған мамандығы – биология екен. Сондықтан техникалық мамандықтарға баратындар өз аз.

Алматы облысы бойынша да химия, физика, информатика және кәсіптік техникалық мамандықтар бойынша құжат тапсырушылар аз болып шықты.

«Техникалық мамандықтар бойынша, оның ішінде машина жасау, электр энергетикасы, аспап жасау, тау-кен ісі, мұнай-газ ісі, ақпараттық жүйелер, жылу энергетикасы секілді мамандықтар бойынша құжат тапсырушылардың саны өте аз» дейді Алматы облысы әкімдігінің өкілі Әсел Сейітжанқызы.

Әзірше «Серпін-2050» жобасының қызметкерлері биыл саны үш есе көбейген гранттарға талапкерлерді ынталандырудың түрлі амалдарын қолданып бағып жатыр.

«Жобаға қатысқысы келетіндердің қарасы мол болғанын қалаймыз. Өйткені теріскей мен шығыста санымыздың өскені керек. Оған «Серпін-2050» жобасы мысқалдай болса да үлес қосатындығына өз басым сенемін» деп жазады Амангелді Құрметұлы Facebook-тағы бір постында.

Былтыр ашылған «Серпін-2050» жобасы бойынша негізінен солтүстік және шығыс аймақтардағы 19 жоғарғы оқу орнына 2015-2016 оқу жылына құжаттар қабылдау шілденің 31-і күні аяқталады. «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары талапкер жіберуші аймақтар ретінде таңдап алынған. Ал Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары қабылдаушы аймақтар ретінде іріктелген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG