Accessibility links

Жетім қыздарға құлдыққа түскендер тағдыры мысал


№31 кәсіби лицейде оқитын жетім қыздарға құқық қорғау органдары қызметкерлері осы оқу орнының жатақханасында тренинг өтіп жатыр. Теміртау, қараша 2012 жыл. Фотоны "Қайсар" қоғамдық қоры берді.

№31 кәсіби лицейде оқитын жетім қыздарға құқық қорғау органдары қызметкерлері осы оқу орнының жатақханасында тренинг өтіп жатыр. Теміртау, қараша 2012 жыл. Фотоны "Қайсар" қоғамдық қоры берді.

Жыныстық құлдықтан жақында ғана құтқарылған теміртаулық үш бойжеткеннің тағдыры қоғамда қызу пікір туғызды. «Қарағанды қаласында коммерциялық секс қызметін көрсетуді ұйымдастырды» деген күдікпен биыл күзде қылмыстық топ әшкереленіп, ұсталды. Бұл іс бойынша жеті жас келіншек жәбірленуші ретінде куәгер болды.

ЮЛИЯ

«Қайсар» қоғамдық қорының төрайымы Оксана Тарабукинаның айтуынша, Теміртаудағы балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін №31 кәсіби лицей жанындағы жатаханаға орналастырылған Юлия да бұрынғы секс-күңдердің арасында болған.

Лицейден жұмысшы мамандығын алып шыққан бойжеткенді дәмханаға ыдыс жуушы болып орналастырған. Бастапқыда әпкесінің отбасымен бірге болған Юлия ол үйде төрт кішкентай бала болған соң, ұзақ тұра алмапты. Себепсіз жұмыстан қалғаны үшін Юлияны жұмыстан шығарып жіберген.
Көрнекі сурет

Көрнекі сурет


«Көшеде бейтаныс екі қыз жолығып, менің жұмыссыз жүргенімді біліп, Қарағандыға барып жұмыс істеуге шақырды» дейді Юлия. «Қайсар» ұйымының қызметкерлерінің айтуынша, Юля оның қандай жұмыс екенін де сұрамастан, бірден келісе салған.

– Қарағандыға келген соң оған «жыныстық қызмет көрсетесің» деген. Бұл жұмысы үшін оған тіпті ақша да төлемеген. Ол қарсыласпай, айтқандарын орындаған. Қарсылық көрсеткенімен, қайыр болмас еді. Оның үстіне, ақыл-ойының кемістігі де әсер етсе керек. Дені сау, өзі өте өңді, дене бітімі де сымбатты қыз. Әлгі жерде Юлияның аяғы ауыр болып қалады. Жүкті қыздарға клиенттерден сұраныс жоғары болғандықтан, қожайындары түсік жасатпай қойыпты. Перзентханадан шыққан соң баласын сәбилер үйіне өткізді, – дейді Оксана Тарабукина.

Полиция жүргізген арнайы операцияның арқасында жыныстық құлдықтан босаған Юлияның одан кейінгі тағдыры не болғаны белгісіз.

АЛЬФИЯ

Астана қаласында да осындай іс бойынша тексеру жүргізілді. Жезөкшелер үйін әшкерелеген полицейлер Теміртау қаласының тұрғыны, балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі Альфияны құлдықтан құтқарды.

Теміртаудағы кәсіби лицейді бітіріп, жатаханадан кеткен соң оны жұмысқа орналастырыпты. Альфия үйіне паналатқан туыстарының қолында ұзақ тұрмаған. Ұрлық жасағаны үшін оны жұмыстан да шығарып жіберген. «Қайсар» ұйымы қызметкерлерінің дерегі бойынша, асханада жұмыс істеген бойжеткен әріптесінің ұялы телефонын ұрлаймын деп ұсталып қалған. Телефонды қайтарып бергенімен, оны бәрібір жұмыстан шығарып жіберген.
Секс құлдыққа түскен қыз. (Көрнекі сурет)

Секс құлдыққа түскен қыз. (Көрнекі сурет)


Альфия бұдан кейінгі жұмыс істеген орында да қалтаға түсіп, ақша ұрлап жатқан жерінен ұсталған. Ақыры Қарағандыдағы жезөкшелер ордасына тап болады. Ол жақтан қызды Астанаға жөнелтіп, жыныстық қызмет көрсетеді. Ол да жыныстық қызмет көрсеткені үшін ешқандай ақша алмаған.

– Әлгі қылмыстық орда әшкере болған кезде оның аяғы ауыр екен. Астананың оңалту орталығында босанып, орталық қызметкерлері баласын сәбилер үйіне өткізуге көмектесіпті. Оның да түрлі диагнозы бар. Оңалту орталығында үш айдың орнына сегіз ай жатты. Бұл қызға қатысты тағы бір мәселе – оның баратын жері жоқ. Жасы асып кеткендіктен, әлеуметтік орындарға қабылдамаған. Сөйтіп оны бізге жіберді. Оны тағы бір оңалту орталығына орналастырып едік, ол жақтан қашып кетіпті. Естуімізше, қазір бір жігітпен тұрып жатқан көрінеді. Ал баласы сол күйі сәбилер үйінде қалды, – дейді Оксана Тарабукина.

ҚЫЗДАРҒА АРНАЛҒАН ТРЕНИНГ

Оксана Тарабукина соңғы жылдары мұндай жағдайлар жиілеп кеткенін айтады. Ол басқаратын қоғамдық ұйым жыныстық күңдік пен құлдыққа түскен бойжеткендерге психологиялық, әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетеді.

Жетім қыздардың арасында жыныстық құлдық құрбандарының көбеюі «Интернаттан кейінгі кезеңде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қыздарды отбасылық өмірге дайындау» деген жобаны қолға алуға түрткі болған. Қарағанды қаласындағы «Экоцентр» қоғамдық ұйымы жобаны қаржыландыруға 300 мың теңге көлемінде шағын грант бөлді.

№31 кәсіби лицейде оқитын, осы оқу орнының жатақханасында тұратын 16-20 жас аралығындағы 25-ке жуық қыз осы жоба аясында тренингтен өтті. Тренер-психолог, «Қайсар» қоғамдық қорының өкілі Лариса Волосевич олардың Қарағанды облысындағы ақыл-ойы кеміс балаларға арналған балалар үйі, қосымша мектеп-интернаттар сияқты әр түрлі балалар үйлерінде тәрбиеленген қыздар екенін айтады.
№31 кәсіби лицейде оқитын жетім қыздарға жатақханада тренинг өтіп жатыр. Теміртау, қараша 2012 жыл. Фотоны "Қайсар" қоғамдық қоры берді.

№31 кәсіби лицейде оқитын жетім қыздарға жатақханада тренинг өтіп жатыр. Теміртау, қараша 2012 жыл. Фотоны "Қайсар" қоғамдық қоры берді.


– Тренинг кезінде дәріс тыңдағысы келмей, қасарысқан қыздар болды. Өйткені тренинг барысында зорлық-зомбылық, ұрып-соғу сияқты мәселелерді талқылау оларға ауыр тиеді. Кезінде туған аналары тастап кеткен оларды «Сендер – болашақ анасыңдар» деген тақырыпқа әңгімеге тарту қиын. Олардың бойында тұтынушылық психология басым. Тағдырына ашынған олардың мына әлемге өкпесі қара қазандай. Әйел затына тән нәзіктік оларға жат. Әйел-ана, отбасы және неке туралы түсініктері өте жұтаң. Біз оларға қолындағы ақшасын орынды жұмсауды, жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан қорғануды, құлдыққа тап болмау жолдарын, ұжыммен тіл табысу әдістері сияқты көптеген нәрселерді үйретеміз, – дейді тренер-психолог Лариса Волосевич.

«Қайсар» қоғамдық қорының деректеріне қарағанда, жетім қыздардың 80 пайызы 18 жасқа толмай жыныстық қатынасқа түседі, 90 пайызы алкогольді ішімдік ішіп, есірткі пайдаланады. Соңғы үш жылда 20 жасқа толмай жүкті болып, түсік жасатқан қыздар бір жарым есе көбейген.

Құрметті оқырман, егер әлдекімнің құлдықта жүргенін білсеңіз, 11616 (ұялы телефоннан) немесе 8 8000 8000 15 (қалалық телефоннан) тегін номерлеріне хабарлаңыз.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG