Accessibility links

«Феминистік лига» Қазақстан заңына «сексуалдық қысым» ұғымын енгізуді, ол үшін жауапқа тартуды ұсынады. Ондай қысым көргендердің арасында сирек болса да ер адамдар бар.

Толық аты-жөнін атаудан бас тартқан Жанар есімді алматылық бойжеткен жақында жұмыстан шығып кетіпті. Айтуынша, бастығы көз салып, қырындаған.

«ӘБДЕН ШАРШАДЫМ»

— Тұспалдап әзілдеп, бір түрлі астарлы көзбен қарап дегендей жайсыз сәттер болды. Байқаусызда тиіп кеткендей түр танытып, кейде иығымнан құшақтап, кейде белімнен қысып, маған жанасуға тырысатын. Ашық ештеңе айтпайтын. Бірақ оның көңіліме жақпайтын бұл қылықтарынан әбден шаршадым. Ақыры басқа жұмыс табуды ұйғардым, - дейді бойжеткен.
«Феминиcтік лига» президенті Евгения Козырева (сол жақта) мен Қазақстандағы адам құқықтары комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев. Астана, 24 қаңтар 2013 жыл.

«Феминиcтік лига» президенті Евгения Козырева (сол жақта) мен Қазақстандағы адам құқықтары комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев. Астана, 24 қаңтар 2013 жыл.


«Феминиcтік лига» президенті Евгения Козырева «тіпті көз тастаудың өзін сексуалдық қысымға жатқызуға» болады дейді.

— Сексуалдық қысым көбінесе жұмыс орнында болады. Бұл қысым кез-келген жастағы адамның қалыпты өмір ырғағын бұзып, келешек өмірін жоспарлауына бөгет болады. Бізде сексуалдық қысым туралы өзіндік ұғым қалыптасқан. Егер қызмет орнында жас келіншекке үлкен және тәжірибелі бастық көз салса, жұрт мұны жолы болғанға балап, «қарашы, әне, ағамыздың өзінің көзі түсті» деседі, - дейді Евгения Козырева.

«Феминистік лига» ұйымы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңға толықтыру енгізу қажет деп санайды.

Евгения Козыреваның айтуынша, Қазақстанда бұл қылмысты заң тұрғысынан қарастыратын база жоқ. «Жыныстық сипаттағы қылмыс» деген ұғым бар, бірақ бұл «сексуалдық қысым» емес, - дейді ол.

«СЕГІЗ ПАЙЫЗ»

Мысалы, қаңтардың аяғында Астанада өткен «Адам құқықтары саласындағы іс-шаралардың 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық жоспарының» орындалу барысын талқылаған дөңгелек үстелде әйелдер мен балалардың құқықтары туралы айтылды.

Сонда мәлім болған деректер бойынша, жұмыс орнындағы сексуалдық қысым туралы шағымдар үкіметтік емес ұйымдарға жиі түседі. Алғашқы зерттеудің нәтижелері көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан 750 қазақстандықтардың 70 пайызы сексуалдық қысым көргенін айтады.

— Олардың сегіз пайызы – ер адамдар, - дейді «Феминистік лига» президенті Евгения Козырева.

Евгения Козыреваның айтуынша, парламент «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңды талқылаған кезде олар осы жаңа ұғымды енгізу туралы ұсыныс жасаған. Бірақ олардың бұл ұсынысы қолдау таппаған. Енді ұйым осы заңға толықтыру енгізуді сұрайды.
Парламент мүшелері заңға толықтыру енгізсек, Америкадағы сияқты жұрт пальтосы түсіп кетсе де бірден сотқа жүгіреді деп қорқады.

— Біздің парламент мүшелері қатты қорқады. Олар заңға толықтыру енгізсек, Америкадағы сияқты жұрт пальтосы түсіп кетсе де бірден сотқа жүгіреді деп қорқады, - дейді Евгения Козырева.

Оның айтуынша, басқа елдерде «сексуалдық қысым» ұғымы еңбек кодексінде қамтылған. Евгения Козырева «гендердік теңдік мәселелерінде халықаралық құқық нормаларын қолдану тәжірибесін кеңейту қажет» деп есептейді.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG