Accessibility links

Facebook-те «Қазақстанның азаматтық үкіметі» құрылмақ


Қазақстан тұрғыны Facebook әлеуметтік желісін қарап отыр. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл.

Қазақстан тұрғыны Facebook әлеуметтік желісін қарап отыр. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл.

Танымал әлеуметтік желіні пайдаланушы бір топ белсенді балама үкіметтің порталы мен рәміздерін дайындауға кірісті. Оппозициялық саясаткерлердің басын қосуды көздеген «азаматтық үкімет» идеясының авторлары халықтың сөзін билікке жеткіземіз дейді.


Facebook-те («Фейсбук») құрылып жатқан азаматтық үкіметтің белсендісі, сәулетші Ләйла Рахымжанова бұл топқа қосылып жатқандар қоғамдағы заңсыздықтар мен кемшін тұстарды реттеуді мақсат еткен ерікті белсенділер дейді. Сәуірдің 17-сі Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен белсендінің айтуынша, азаматтық үкімет негізгі үкіметке халық талабын жеткізіп отырады. Сол себепті әр министрлік жұмысына жауапты кәсіби адамдар бекітіледі.

ВИРТУАЛДЫ БАЛАМА ҮКІМЕТ

Facebook-те азаматтық үкімет құру жөніндегі арнайы топ құрған саясаткер Серікжан Мәмбеталин Батыс елдеріндегі «көлеңкелі» немесе балама үкімет жасақтау Қазақстанға дәл қазір қажет деп санайды. Ол қазір халық оппозициядан нақты іс-шаралар күтіп отыр деген ойда.

Серікжан Мәмбеталин сәуірдің 17-сі Азаттыққа телефон арқылы берген сұхбатында:

- Осы уақытқа дейін біз билікке сын айтып келгенімізбен, оппозиция тарапынан нақты бір ұсыныстар жасаған жоқпыз. Сондықтан азаматтық үкіметтің басты міндеті – біріншіден халықпен сөйлесу, екіншіден ұсыныстарды халыққа, қоғамға, билікке жеткізу болып отыр, - деді.
"Руханият" партиясының съезінің президиумында (солдан оңға қарай) ақын Мұхтар Шаханов, сол кездегі партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин және съез төрағасы Қалдыбек Құрманәлі. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.

"Руханият" партиясының съезінің президиумында (солдан оңға қарай) ақын Мұхтар Шаханов, сол кездегі партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин және съез төрағасы Қалдыбек Құрманәлі. Алматы, 30 қараша 2011 жыл.


«Руханият» партиясының бұрынғы жетекшісі Серікжан Мәмбеталиннің айтуынша, балама үкімет тәжірибелі, кәсіби мамандарды өз саласы бойынша министр етіп бекітеді. 200-дей мүшесі бар топ 40 шақты министрлер тізімін жасаған. Бірақ Мәмбеталин ол адамдармен әлі тікелей келіссөз болмағанын, бұл тізімдегілер Facebok-тегі азаматтық үкімет туралы топ белсенділерінің ұсынысы бойынша жасалғанын айтады.

- Алдағы күндері Алматыда Азаматтық үкімет құру жолындағы жиындар өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Серікжан Мәмбеталин.

Серікжан Мәмбеталиннің айтуынша, азаматтық үкіметтің «министрлері» елді дамыту тұжырымдамаларын дайындап, өз сайты арқылы халыққа бағыт-бағдар беріп, ресми үкіметтің назарын қоғамдағы күрделі мәселелерге қарай бұруды көздейді.

- Қазір қоғам қайраткері Болат Атабаев азаматтық белсенділік танытып отыр. Ол азаматтық үкіметтің мәдениет министрі болуға келісті. Әр министрге осы порталдың ішінде блог ашамыз ғой, сол блог арқылы Атабаев халықпен сөйлесіп, ресми мәдениет министрлігінің шешімдеріне қатысты пікірлерін ортаға салады, елдің болашағы қандай болу керектігін айтады, - деді Серікжан Мәмбеталин.

40 ВИРТУАЛДЫ МИНИСТР

Виртуалды балама үкімет құруды ұсынған Серікжан Мәмбеталин азаматтық қоғам белсенділері халықтың мүддесі үшін тегін жұмыс істеуге дайын деп сенеді.

- Бәріміз тек нан табу үшін ғана қоғамдық мәселелермен айналысып жүрген жоқпыз ғой, елге жаны ашитын азаматтар күніне екі сағат уақытын халыққа арнаса болады, - деді ол.
Оппозицияның Алматыда өткізген қарсылық шеруі. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.

Оппозицияның Алматыда өткізген қарсылық шеруі. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.


Азаматтық үкіметтің әзірге бекітілмеген тізімінде 40-тан аса адамға азаматтық министр қызметі берілген. Олардың көбі қоғамға танымал адамдар. Бұл үкіметте кімнің премьер-министр болатыны белгісіз. Осыған дейін «Руханият» партиясын басқарған Серікжан Мәмбеталин қоршаған ортаны қорғау министрін құп көреді.

Facebook-тегі «азаматтық үкімет тобы» елдегі оппозициялық саясаткерлерді өзара партиялық пікір-қайшылықтарын ұмытып, балама үкімет құруға шақырады.

Ескерту: Мақаланың алғашқы нұсқасында "виртуалды балама үкіметтің логотипі" жайлы жазылып, оның суреті берілген еді. Facebook-тегі топ ол белгіден бас тартқандықтан мақаладағы дерек те алынып тасталды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG