Accessibility links

Шалқарлық әйел отбасын тары салып бағады


Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны Жанар Қанибаева тары өңдеп сатады. Жұмыссыздық деңгейі жоғары өңірде тұратын әйелдің отбасы осы тарының арқасында жан сақтап отырғандарын айтады.

Шалқардағы шағын базардың алдында қаз-қатар тізіліп отырған әйелдер өткен-кеткен жұртқа «Тары алсаңызшы» деп қиыла қарайды. Тары өңдеп сату кейбір жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібіне айналған.

ТАРЫ САЛУШЫ

Тары салу – шикі тарыны қайнату, шаю, қуыру, суыту, қаралау, елеу, ақтау, кебегін ұшыру сияқты кезеңдерден тұратын ұзақ процесс.

Шалқар тұрғыны Жанар Қанибаева бірнеше жылдан бері тары салуды кәсіпке айналдырған.

– Өзім базарда тұрып сауда жасамаймын. Ол үшін патент алу керек. Әрі уақытым да жоқ. Одан гөрі тұрақты клиенттеріме көтерме бағамен бере салғанды жөн санаймын, – дейді Жанар.

Жасы отыздың үстіндегі келіншектің қимылы ширақ, тары толы шағын қапты қиналмай көтеріп кете береді. Өзінің айтуынша, жергілікті алыпсатарлардан шикі тарының бір қабын төрт мың теңгеден (27 доллар) алып, одан дайындалған өнімді сатып, кейде екі еседей пайда табады екен.

Базардың кіреберісінде тары сатып отырған әйелдер. Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы. 4 мамыр 2013 жыл.

Базардың кіреберісінде тары сатып отырған әйелдер. Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы. 4 мамыр 2013 жыл.

Шалқардағы базарда 500 грамдық банкіге салып сатылатын, қант қосылған тары талқанының бағасы - 300 теңге (2 доллар). Ал дәл сондай көлемдегі тары 250 теңгеден (1,7 доллар) сатылады. Жанар Қанибаева дайын тарыны өзінен көтерме бағамен алатын Балсұлуға бұдан арзанға - 180 теңгеден (1,2 доллар) береді екен.

ТАРЫ САТУШЫ

Жасы алпысты алқымдаған Балсұлу "Шалқарда тары салатындар өте көп" дейді. Сондықтан ол жергілікті базарда тұрғаннан көрі, күн сайын Шалқар мен Қызылорда облысының аумағындағы Сексеуіл станцияларының арасына электричкамен (шалқарлықтар «тоқылдақ» деп атайды) қатынап, сауда жасағанды жөн санайды екен.

– Шалқардан таңғы сағат 8-де шығамыз. Тоқылдақ Сексеуілге сағат түскі 12-нің шамасында жетіп болады. Жолай ірілі-уақты разъездердің бәріне тоқтайтындықтан онда да тұрақты клиенттеріміз бар. Тарыны әсіресе Сексеуілдің халқы жақсы алады. Түс ауа қайтадан тоқылдаққа отырып, кешкі сағат алтының шамасында Шалқарға қайтып келеміз. Кәдімгі 8 сағаттық жұмыс күні ғой, – деп күледі Балсұлу.

Ортақ шаруаларының жайын сөз қылған екі әйел тары алушылар азайып кеткенін айтып, «Ораза жақындап қалды ғой. Оразаның кезінде тары жақсы өтеді» деп бір бірін жұбатты.

«БӘРІМІЗДІ АСЫРАП ОТЫР»

– Тары сарайға жүрсеңізші, - деген Жанар Қанибаева Азаттық тілшісін аула түпкіріндегі мұржасынан қою қара түтін будақтап шығып жатқан күркеге бастап барды.

Қабырғасы ескі тақтай мен көне қаңылтырдан тұрғызылған күркенің ішіндегі балшықпен сыланған ошақтағы отта бүлк-бүлк қайнап жатқан үлкен қара қазан тұр. Күркенің кіре берісіндегі қабырғаға ілулі тұрған, аудиокассета салатын бөлігі сынған ескі радиоқабылдағыштан Қазақстанның индустриялық-инновациялық жетістіктері туралы хабар беріліп жатыр екен.

Жанар Қанибаева тары қуырып отыр. Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы. 4 мамыр 2013 жыл.

Жанар Қанибаева тары қуырып отыр. Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы. 4 мамыр 2013 жыл.

– Осы жерде жыл он екі ай тары саламын. Жаңа ғана қазандағы қайнаған суға үш шелек шикі тары салдым. Ол 25 минуттан соң пісуі керек. Ең бастысы – ошақтағы от сөніп қалмаса болғаны. Тарыны қайнатқан кезде отын талғамаймыз. Ескі бәтеңке ме, жыртылған күртеше ме - бәрібір. Тек жанса болғаны. Бізге үнемі отын керек екенін білетін көршілер ескі-құсқы киімдерін әкеп береді. Ал тарыны қуырған кезде күйдіріп алмау маңызды. Сондықтан оған тек ағаш жағамын, – дейді Жанар Қанибаева.

«Бәрімізді осы қара қазан асырап отыр» дейді балаларымен бірге Жанардың отын-суын тасып беріп жүрген күйеуі Әлібек Лекеров.

– Шалқардың халқы тары екпейді. Сондықтан саудагерлер Ойыл мен Қарабұтақтан әкеп сатады. Қай жақтан әкелетіні маңызды емес. Бастысы – уақытылы жеткізіп тұрса екен. Бала-шағамызбен жабылып жүріп, тәулігіне бір қап тары саламыз. Шикі тарыға кететін ақша мен отыннан өзге шығынымыз жоқ. Бірақ бұл жұмыс қол күшін көп қажет етеді, – дейді Әлібек Лекеров.

Ол әйелінің бейнетін азайту үшін совет кезінен қалған ескі кір жуатын машинаның моторына сырлы шелек орнатып, электр қуатымен жұмыс істейтін аспап жасап беріпті. Ол айналдырған кезде тарының қауызы бір бөлек, дәні бір бөлек түсіп, бір-бірінен ажырайды. Өздері оны «тоқ келі» деп атайды екен.

Әлібек Лекеровтың қолдан құрастырған "тоқ келісі". Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы. 4 мамыр 2013 жыл.

Әлібек Лекеровтың қолдан құрастырған "тоқ келісі". Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы. 4 мамыр 2013 жыл.

– Нағашы әжемізден қалған келі-келсап бар. Онымен де тары түюге болады. Бірақ ісің өніп болмайды. Ал тоқ келі – рақат. Тарыны қайнаған соң сүзіп аламын. Сосын шыптаға жайып, таза сумен жақсылап шаямын да, қуырамын. Артынан осы тоқ келіге салып, алдымен қаралап, кейін ақтап аламын. Бабымен піскен тары күртілдеп тұрады, – деді Жанар.

Ол Азаттық тілшісіне дайын өнімінің дәмін татқызды. Бабымен піскен сап-сары тары расында да күртілдеп тұр екен. Дәмі де тіл үйіреді.

«БАЛАЛАРЫМДЫ ОҚЫТУДЫ АРМАНДАЙМЫН»

Жанар тары қайнатып жатқан кезде кішірек балалары күрке маңында ойнап, ересектеулері шаруаға болысып жүрді.

– Су тасып жүрген мына баланың аты – Бостандық. Сол жылдары қайынағам істі болып, тезірек бостандыққа шықсын деген тілекпен қойған едік. Ал ағаш жарып жатқан баланың есімі – Нұрсұлтан. Жасы 16-да. Сол жылдары мода болған есім ғой, – деді Жанар.

«Қанша балаңыз бар?» деген Азаттық тілшісінің сауалына жауап бергісі келмеген сыңай танытқан Жанар «15-тен астам» деп қысқа қайырды. Мұны қазақтардың «тіл-көз тимесін» деген ырымына балап, ары қарай қазбаламадық.

Жанардың айтуынша, шағын үйде ағайынды үш жігіт – Жеткерген, Жасұлан мен Әлібек Лекеровтер бала-шағасымен бірге тұрып жатыр. Ерлер жағы біреудің құрылысына көмектесу, малын қарау сияқты әртүрлі уақытша жұмыстарға жалданады екен. Жанардың екі абысыны да жұмыссыз: біз барғанда бірі ыдыс-аяқ, екіншісі кір жуып жатты.

– Біздің Шалқарда қолында дипломы бола тұра жұмыс таба алмай жүргендер көп. Ал менде де, жұбайымда да арнайы мамандығымыз жоқ. Балаларымды оқытуды армандаймын, – деді тары салумен бір үйлі жанды асырап отырған шалқарлық келіншек Жанар Қанибаева Азаттық тілшісіне.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG