Accessibility links

Шаңырақтағы қиратылудан қалған үйлерді су басты, көлдің бөгетін біреу әдейілеп бұзды ма деген де күдік бар


Баспанасын су алған шаңырақтықтарға тігілген шатырлар мен көмек көрсету орталығы. Алматы, 25 мамыр, 2009 жыл.

Баспанасын су алған шаңырақтықтарға тігілген шатырлар мен көмек көрсету орталығы. Алматы, 25 мамыр, 2009 жыл.

Шаңырақ ықшамауданының жүздеген тұрғыны үйлерін су басып қалуына байланысты дүйсенбінің түнін далаға тігілген шатырларда өткізуге мәжбүр болды. Суда қалған 150-ге жуық үйдің 42-сі құлаған. Тұрғындар топансудың түннің біраз уақытында ауылды басып қалуының себебін іздестіруде.

Шаңырақ тұрғыны Зухра Нығматуллина мамырдың 21-і күні түнде көшеде адамдардың құлақ жаратын айқай-шуынан ояныпты. Далаға шықса лек-легімен ағып жатқан судың деңгейі үйдің іргетасын шамалап қалған екен.

- Халық әбден әбігерге түсіп, үйлері құлағандар шулап, естері шығып жатты, – деді сол бір аласапыран түнді бәзбір қайта басынан өткергендей кейіппен баяндаған Зухра Нығматуллина.


Оның айтуынша, түн жарымында шырт ұйқыдан оянған тұрғындар бір күн бойы сумен алысып, бүкіл ауыл көшіп жүріпті. Әжептәуір қарқынды ағысы бар су ауылдың жоғарғы жағындағы (оңтүстік-батыс) көлдің ернеуіне қолдан тұрғызылған бөгеттен жырылып шыққан. Тұрғындар өз күштерімен су жырып кеткен бөгетті қайтадан бекіткен. Ал қалалық әкімшіліктің көмегі бұл аралыққа келесі күні түнде ғана жетіпті.

Зухра Нығматуллинаның айтуынша, Шаңырақтың сайында мұндай көлкіген су 5 жылдан бері болмаған көрінеді. Соған қарап жергілікті халық жауынды судың түннің біраз уақытында ауылды басып қалуының себебіне қатысты әртүрлі болжамдар айтады.

- Суды әдейі жіберді ме деп те ойлаймыз. Трубасын ашып жіберген ғой... Су ағытылып кеткен бе, жоқ, әлде оны біреу әдейі ашқан ба, онысы белгісіз болып тұр. Көзімен көрген ешкім жоқ. Үйлерге құжат бермес үшін әдейі су жіберген шығар..., - дейді Зухра Нығматуллина.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мәліметі бойынша, көлден төмен, Шаңырақ сайында 700-ден астам тұрғын және шаруашылық құрылыстары орналасқан. Көпшілік құрылыстың ресми рұқсаты жоқ.
Шаңырақ тұрғындарының тағы бірі Тұрғанғали Ыдырысов. АЛматы, 25 мамыр, 2009 жыл.


Алайда осы ауылдың тағы бір тұрғыны Тұрғанғали Ыдырысов бөгетті «әдейі ашып жіберген» деген болжаммен келіспейтіндігін білдірді:

- Бұл жауынның көптігінен болып отыр. Биыл ылғал мол ғой. Суды елге әдейі жырып жіберген деп айтуға болмайды. Ол үшін адам оған көзін жеткізуі керек. Біз өзіміз барып қарадық. Бұл бейсенбіден жұмаға ауған күні түнгі сағат 2-де болған жағдай. Арықтағы су толыса бастағаннан кейін жігіттер оның төбесіне шығып қарап, бөгетті судың өзі бұзып кеткенін байқаған.

Департамент мәліметі бойынша, ауылға төніп тұрған көлге шамамен 1 миллион текше метр су жиналған. Оның көлемі ұлғайған сайын қаупі де артады. Соған байланысты Алатау ауданының әкімшілігі төтенше жағдай жариялаған.

Мамырдың 25-інен бастап су басқан ауданды құрғату жұмыстары басталып кетті. Оған әкімшілік жұмысшыларымен бірге ауыл тұрғындары да атсалысып жатыр. Жұмысшылардың бір бөлігі бөгетті нығайту ісімен айналысса, келесі бөлігі сайдағы суды Үлкен Алматы каналына (БАК) асырумен шұғылдануда.
Баспанасыз қалған тұрғындар шатырларда түнемекші.25 мамыр, 2009 жыл.

Бұдан бөлек, бөлінген құрал-жабдықтар мен жұрттың суда қалған мүліктері талан-таражға түспеу үшін күнделікті күзет кезекшілігі белгіленген. Ал баспанасыз қалған тұрғындар дүйсенбі күні кешкісін ғана тігілген 5 үлкен шатырда түнеп шығуға мүмкіндік алды.

- Тұрғындар неше күннен бері бас сауғалап туған-туысқандардың үйлерін мекендеп жүрді. Мына шатырларды төтенше жағдайлар мекемесі әкеліп тігіп берді. Халық бүгін осында түнегелі жатыр, - деді тұрғындарды ұйымдастырушылардың бірі Аят Нұрмұхамбетұлы.

Оның айтуынша, үйсіз-күйсіз қалған жүздеген шаңырақтықтар көпшіліктің қолдауына зәру және көмектесуге ниет білдіргендерге, сондай-ақ бүгін оларға қол ұшын созғандарға айтар алғыстары шексіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG