Accessibility links

«Софронийдің балаларын» сот арқылы тартып алмақ


Софронийдің балалар мен қарттар паналайтын баспанасындағы балалар. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Софронийдің балалар мен қарттар паналайтын баспанасындағы балалар. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Софронийдің балалар мен қарттар паналайтын баспанасын сотқа берген Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімі ондағы балаларды мемлекет қарамағына өткізуді сұрайды. 132 баланың тағдыры сотпен шешілмек.

Алматы облысы билігі мен Ресей азаматы, православ миссионері Софроний арасындағы көп жылға созылған тартыс қайта қозды. Ықтияр хатпен тұрып жатқан Софронийді Қазақстаннан депортациялауға байланысты шыққан жанжал тыныштала бергенде тағы бір даудың ұшы шықты.

СОТҚА ШАҚЫРУ

Азаттық тілшісі «Билік Іле ауданындағы Түймебаев кентіндегі ғибадатхана жанындағы паналау мекемесінде тұрып жатқан балаларды тартып алып, балалар үйлеріне немесе жақын туыстарына таратып бергісі келеді» дегін хабар алды. Мұнша көп баланы «тартып алу» жағдайы Қазақстанда көптен бері болмаған.

Балалар мен қарттар паналайтын баспанада қуыршақ ұстап тұрған қыз. 3 қыркүйек 2013 жыл.

Балалар мен қарттар паналайтын баспанада қуыршақ ұстап тұрған қыз. 3 қыркүйек 2013 жыл.

Алматы облысы білім беру бөлімі Түймебаев атындағы кенттегі балалар үйін қаржыландырып отырған «Радонеж» корпоративтік қайырымдылық қорына қарсы аудандық сотқа талап-арыз түсірді.
Жұрт оны «Софроний әкейдің паналау орны» атап кеткен.

Азаттық тілшісіне бұл туралы балалар үйінің заңгері Юрий Юрин хабарлады. Ол Азаттық тілшісіне талап-арыздың фотокөшірмесін және қарашаның 12-сі күні сағат 15:00-ге, Өтеген батыр кентіндегі сотқа шақырылған қағаздың фотокөшірмесін көрсетті.

- Бірақ біз сотқа бармадық. Өйткені бізді талап-арызбен кеше кешкісін ғана таныстырды. Ал 178 беттен тұратын талапкердің уәждерімен таныстырған жоқ. Сондықтан сотқа дайындалуға біздің мүмкіндігіміз болмады, - дейді Юрий Юрин.

Ол «біз» деп паналау мекемесі өкілдері - адвокаттар Владислав Мадзигон мен Виктор Семинді айтады.

Паналау мекемесі оны ашқан діни қызметкер Софроний (құжат бойынша Петр Евтихеев - ред.) есімімен байланысты аталғанымен, ол қазір қамқоршылық функцияларын ресми орындамайды және мекеме директоры емес.

Қарашаның 12-сі күніне белгіленген сот алдындағы тараптар кездесуі өтпеді. Сол күні кешкісін Азаттық тілшісіне хабарласқан Юрий Юрин «кеш ескертілгендіктен, паналау мекемесі өкілдерінің бұл күні сот отырысына қатыса алмайтыны туралы арыз өткізу үшін түске дейін Іле аудандық сотында болғанын» айтты.

Ал талапкердің өкілі, Іле аудандық білім беру бөлімі қызметкері Ғалия Дүйсембаева Азаттық тілшісіне «Белгіленген уақытта сотқа келіп, паналау мекемесі өкілдерін күттім. Бірақ олар келген жоқ» дейді.

- Бүгін сот отырысы емес, тараптардың кездесуі тиіс еді. Мұндай процедура азаматтық кодексте қарастырылған. Жауапкер өкілдері кездесуге сотқа шақыру қағазы арқылы шақырылғанымен, келмеді. Себебі айтылмады, - дейді Ғалия Дүйсембаева.

АУДАНДЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІ

«Паналау үйі тәрбиеленушілерінің бәрі қазір жергілікті атқару органының тиісті шешімінсіз өмір сүріп жатыр» деп жазылған талап-арызда «бұл - үкімет Софроний баспанасының шошқа қорасы.

Софроний баспанасының шошқа қорасы.

қаулысын бұзу» деп көрсетілген. Талап-арызға сәйкес, паналау мекемесінде тұрғанына жылдан асқан тәрбиеленушілердің көбі асыраушысынан айырылғаны үшін төленетін жәрдемақы алмайды.

Талапкердің айтуынша, «балалары паналау мекемесінде тұратын ата-аналардың жәрдемақы алуын тоқтату жөнінде де мекеме әкімшілігі шара қолданбаған».

Талапкер паналау мекемесіне қарсы «Мекеме әкімшілігі балаларды жеке бас құжаты жоқ тұлғалардан (ата-аналары, туыстары) қабылдайды» деген уәж келтірген.

Талап-арызда Іле аудандық білім беру бөліміне қамқоршылық функциялары жүктелгені жазылған. Талапкер «Қамқоршы немесе қорғаушы тұлға қамқорлық немесе қорғаушылыққа алынған баланы заңсыз ұстап отырған кез келген тұлғадан, оның ішінде баланың жақын туыстарынан сот арқылы қайтаруды талап етуге қақылы» деп көрсетеді.

Талапкер соттан «тиісті орындарға орналастыру үшін кәмелетке толмаған 132 баланы тартып алуды» және сол арқылы «Радонеж» корпоративтік қайырымдылық қорын қарамағына өткізіп беруді сұрайды. Талап-арызда әрқайсысының туған күні, айы, жылы көрсетілген балалардың тізімі келтірілген.

Азаттық тілшісі паналау мекемесінің заңгері Юрий Юриннен талап-арыздағы «Радонеж» корпоративтік қайырымдылық қорын «талапкерге беру» туралы сөздерді түсіндіруді сұрады. Бұл паналау мекемесі иелігіндегі ғимараттар мен жерлерді де беру дегенді білдіре ме?

Софронийдің балалар мен қарттар паналайтын баспанасы.

Софронийдің балалар мен қарттар паналайтын баспанасы.

- Меншік беру жөнінде әңгіме жоқ. Олар талабын осылай қисынсыз жазған, - дейді Юрий Юрин.

Заңгер сотқа түскен талап-арыздың 132 баланы тартып алып, білім беру бөліміне өткізу туралы жазылғанын түсіндірді.

Мұны талапкердің өкілі Ғалия Дүйсембаева да растайды:

- Меншікті беру жөнінде әңгіме жоқ. Талап-арызда кәмелетке толмаған 132 баланы мемлекет қарамағына алу туралы жазылған, - дейді талапкер өкілі.

132 БАЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?

Талапкер өкілі Ғалия Дүйсембаеваның айтуынша, егер талап-арыз қанағаттандырылып, балалар білім беру бөлімі қарауына өткізілсе, алғашқы кезде оларды кәмелетке толмағандарды уақытша оңалту орталығына орналастырады. Содан кейін жетімдерді балалар үйлеріне, ал туысы бар балаларды «баланың конституцияда қарастырылған ең негізгі құқығы – отбасында тәрбиелену және тұру құқығын жүзеге асыру үшін» туыстарына береді.

- Заң бұзылды. Заң бұзылуы себепті Іле аудандық білім беру бөлімі сотқа талап-арыз түсірді. Соңғы шешімді сот шығарады, - дейді Ғалия Дүйсембаева.

Заң бұзу фактісін сот қана анықтауы тиіс. Бірақ Іле аудандық білім беру бөлімінің талап-арызы бойынша сот әлі басталған жоқ.

Балалар үйін ашқан Софроний әкей паналау мекемесінде тұлдыр жетімдермен бірге, жайсыз және бейшара халге түскен әке-шешесінің көзі тірісінде-ақ жетімнің күйін кешкен балалардың да бар екенін бірнеше мәрте мәлімдеген.

Мұндай ата-ананың көбі өздері келіп, баласын паналатуды сұрайды. Софроний әкей мен паналау орны қызметкерлері «біздің балалар өздерін үлкен де тату отбасының толық мүшесі сезінеді» дейді.

Софроний баспанасында тұрып жатқан қарттар. 24 шілде 2013 жыл.

Софроний баспанасында тұрып жатқан қарттар. 24 шілде 2013 жыл.

Азаттық бұл мәселені және 132 баланың тағдырын арық қарай да бақылайтын болады. Шіркеу жанынан ашылған паналау мекемесінде балалардан бөлек, 120 мүгедек қария тұрады.

Түймебаев атындағы кенттегі Сергий Радонежский ғибадатханасы жанындағы балалар мен қарттар паналайтын баспананың жақсы жабдықталған жатаханалары, инфрақұрылымы, үлкен қосалқы шаруашылығы бар. Паналау орны Алматы маңындағы Алатау етегіндегі топырағы шұрайлы, климаты жайлы жерде орналасқан.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG