Accessibility links

Шетпеде Роза Рымбаеваның концерті жоспарланып отыр


Шетпе станциясындағы Роза Рымбаеваның концертінің афишасы. Шетпе, 22 сәуір 2012 жыл.

Шетпе станциясындағы Роза Рымбаеваның концертінің афишасы. Шетпе, 22 сәуір 2012 жыл.

Шетпеде Роза Рымбаеваның жаңа әндерімен концерті өтетіндігі жайлы афишалар ілініп тұр. Тұрғындардың кейбірі концертке баратынын айтса, кейбірі концертке бойкот жариялауға шақырды. Бағасы екі мың теңге тұратын концерт билеті бейсенбіден бастап сатылмақшы.


Мамыр айының үшіне белгіленген бұл концерт туралы Роза Рымбаеваның өзіне хабарласқанымызда әнші бұл ақпаратты растады. Бірақ концерттің қай жерде өтетінін ұйымдастырушыдан сұрау керектігін айтты. Әнші сәуірдің 24-і күні Азаттық тілшісіне:

- Ақтауда Марат деген жігіт бар. Гастрольдік сапарымды ұйымдастырып отырған сол жігіт. Соған хабарлассаңыз, концерттің кестесін, барлығын айтып береді. Ұйымдастырушы жасап жатса, болады деген сөз. Рұқсат етілмесе, ол жасамайды ғой, - деді.

«Қазір ол жақта Шетпедегі оқиғаға қатысты сот өтіп жатқанын білесіз бе?» деп сұрағанымызда әнші «Жоқ, білмеймін. Ол Шетпеде өтіп жатқан жоқ. Меніңше, ол Жаңаөзен бе еді, қай қала - сонда өтіп жатыр» деп жауап берді.

«ҮКІМЕТ ЖАСАП ОТЫРҒАН КОНЦЕРТ ЕМЕС»

Ал концертті ұйымдастырып жүрген Марат Жарыновқа хабарласқанымызда сөйлесуге аса ықылас танытқан жоқ. «Ақыры жарнама жасамайсыздар, бұл Шетпенің кіре берісіне қойылған белгі. Маңғыстау облысы. 22 сәуір 2012 жыл

Шетпенің кіре берісіне қойылған белгі. Маңғыстау облысы. 22 сәуір 2012 жыл

сіздерге не үшін керек?» деп қайта тілшінің өзін тергеуге алды. Сұхбаттасымыздың сөзінен концерттің екі облыста: Атырау және Маңғыстауда өтетінін білдік.

- Бұл үкіметтің жасап отырған концерті емес. Сіздер бәрібір де жарнама жасамайсыздар. Не үшін сұрып отырсыз? Өтетін концерт өтеді. Концерт Атырау облысында және Маңғыстау облысында өтеді. Жаңаөзенде болмайды, - деп жауап берді.

Өткен аптада Шетпеде болып қайтқан Азаттық тілшісінің айтуынша, қазіргі кезде ол жақтағы тұрғындардың назары түгелімен сотқа ауған - «күн сайын сотқа шұбырған халық басқа жайтқа назар аударатын халде емес».

«СТИНГ ҚҰРЛЫ БОЛА АЛМАДЫ»

Азаттық тілшісі бұл концерт туралы Маңғыстау облысы тұрғындарының пікірін сұраған еді. Шетпе тұрғыны Сақтаған Атабаев әншілерге деген ренішін білдірді.
Шетпе станциясының тұрғыны Сақтаған Атабаев. Ақтау, 24 сәуір 2012 жыл.

Шетпе станциясының тұрғыны Сақтаған Атабаев. Ақтау, 24 сәуір 2012 жыл.


- Желтоқсанның 16-сы күні де Лұқпан Жолдасовы бар, т.б. әншісі бар, Астанада той тойлап жатты. Лұқпан Жолдасов - осы Маңғыстау ауданының төл перзенттерінің бірі. Соған қарамастан желтоқсанның 16-сы күні Астанада той тойланып жатты. Қазір де оқиға болған жерде Роза Рымбаева афиша іліп, той тойламақшы. Бүкіл Қазақстан халқын Роза Рымбаеваның концертіне бармауға, бойкот жариялауға шақырамын, - дейді Сақтаған Атабаев.

Ол сөз арасында Қазақстан әншілерінің өткен жылы мұнайшылардың ереуілі болып жатқан кезде Астанада концерт өткізуден бас тартқан әнші «Стинг құрлы бола алмағанын» да айта кетті.

- Тіпті басқа елдің әншісі Стингтің өзі бас тартқан кезде... біздің әншілер азаматтарымыз қырылып жатқан жерге концерт бермекші. Мен концерт беруге қарсымын. Бұл пікірімді айтуға да толық құқым бар шығар, - дейді Сақтаған Атабаев.

КОНЦЕРТКЕ БАРАТЫНДАР МЕН БАРМАЙТЫНДАР

Ақтау тұрғыны Қосберген Жылқышиев Азаттық тілшісіне Жаңаөзен оқиғасынан бері бұл аймаққа бірде-бір әншінің келмегенін айте келіп, «Бұлар тек қалтасында ақшасы таусылған кезде ғана келеді. Халықтан ақша жинап алу үшін келеді де кетеді» деген пікірін білдірді.
Ақтау қаласының тұрғыны Қосберген Жылқышиев. Ақтау, 24 сәуір 2012 жыл.

Ақтау қаласының тұрғыны Қосберген Жылқышиев. Ақтау, 24 сәуір 2012 жыл.


- Мен өзім Ақтауда тұрам. Өз басым бармас едім. Неге десеңіз, мынадай болып жатқан кезде той-тойлап, қызықтап жүретін жағдайым жоқ. Егер Роза Рымбаева халық жағдайына алаңдаса, мына жерде жігіттердің жатқанына төрт ай болды, соған келуі керек еді. Егер халық қалаулысы болса. Сондықтан мен оның концертіне бармаймын. Барғым да келмейді, - дейді ол.

Шетпе тұрғыны Асылбек Бекбосынов «Баратын шығармыз. Ауылда болса барамыз. Жаңаөзен оқиғасынан бері мұнда ешкім келген жоқ» деді.

Ақтаудан 108 шақырым жердегі Маңғыстау ауданының орталығы Шетпедегі халық саны 11-15 мың арасында деп шамаланады. Ондағы мәдениет үйі 370 орынға арналған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG