Accessibility links

Жаңаөзен құрбандарына Теңгеде ас берілді


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа келгендер зират басында құран бағыштап отыр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 14 желтоқсан 2013 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа келгендер зират басында құран бағыштап отыр. Теңге ауылы, Маңғыстау облысы. 14 желтоқсан 2013 жыл.
Бүгін Маңғыстау облысындағы Теңге әулие басында 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында болған қанды оқиға құрбандарына ас беріліп, құран бағышталды. Бұл туралы Теңге ауылынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Жаңаөзен қаласынан 12 шақырым жердегі Теңге ауылындағы асқа 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде құрбан болғандардың туған-туыстары, оқиғадан зардап шеккендер, "Өзенмұнайгаз" кәсіпорны жұмысшылары, Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов пен "Өзенмұнайгаз" кәсіпорынының бас директоры Мақсат Ибағаров, сонымен бірге осы шараға Ақтаудан, Алматыдан, Оралдан арнайы келген қоғам өкілдері қатысты.

Осыдан екі жыл бұрын Жаңаөзенде оққа ұшқан 16 жастағы Рахат Көшеровтың анасы Алтын Көшерова қазақ салтымен жоқтау айтып, жалғыз ұлынан айрылған соң өзіне өмір сүрудің мәнісі қалмағанын жырға қосты.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілі күшпен басылып, полицияның қолынан 16 адам қаза тапқан еді. Ертеңінде жаңаөзендіктерді қолдап осы облыстағы Шетпе стансасының тұрғындары темір жолды бөгемек болған. Шетпедегі толқу кезінде тағы бір адам оққа ұшқан.

Жаңаөзендегі «ӨзенМұнайГаз» компаниясының жұмысшылары жалақыларын көбейтіп, әлеуметтік жеңілдіктер беруді талап етіп келген. «Жаңаөзен ісі» бойынша «өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен жергілікті абақты басшысы, бірнеше полицей, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері және оппозиция өкілі де сотталды.

Жаңаөзен оқиғасына қатысты «айыпты» деп танылған мұнайшыларға 2012 жылғы маусымның 4-і күні үкім шықты. 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
XS
SM
MD
LG