Accessibility links

Шетпе теміржолшылары наразылық білдірді


Жиналған жұмысшылар талаптарын айтып жатыр. Шетпе, 26 желтоқсан 2013 жыл.

Жиналған жұмысшылар талаптарын айтып жатыр. Шетпе, 26 желтоқсан 2013 жыл.

Маңғыстау облысының Шетпе стансасындағы теміржол жөндеушілері ұжымдық шарт талаптарының орындалмағанына наразы. Басшылық өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Шетпелік «Қазақстан темір жолына» (ҚТЖ) қарасты «ПЧ-13» мекемесінің теміржолшылары «еңбек жағдайлары нашар, жалақылары мардымсыз, арнайы жұмыс киімдері сапасыз болғандықтан денсаулықтары жиі сыр бере бастағанын» айтып желтоқсанның 25-сі күні наразылық жиынын өткізді.

Мекеме мен кәсіподақ арасында жасалатын, жұмысшылардың еңбек жағдайы мен әлеуметтік жеңілдіктерін нақтылайтын ұжымдық шартты «әлі күнге дейін көрген жоқпыз» деген олар, талаптарын аймақтық филиал орындамаса, «Қазақстан темір жолының» президенті Асқар Маминнің келуін талап етіп, акцияға шығатындарын мәлімдеді.

Жергілікті басшылық бұл әрекетті «бүлік» деп сипаттайды. Азаттық тілшісі Шетпеге барып, теміржолшылардың наразылық жиынының себептерін біліп қайтты.

ШАҒЫМ

«Ұжымдық шартты көрмегенін», «тиісті материалдық игіліктер мен әлеуметтік жеңілдіктерінен хабары жоқ» екенін айтып шағымданушы теміржолшылардың бірі – Асхат Есбосынов. Шетпелік теміржолшылардың наразылық жиыны туралы жазуға келген жалғыз БАҚ өкілін көрген кезде теміржолшы түйдек-түйдек мәселе айта бастады.

Теміржол жұмысшылары. Шетпе, 26 желтоқсан 2013 жыл.

Теміржол жұмысшылары. Шетпе, 26 желтоқсан 2013 жыл.

«Жұмысымыз денсаулыққа зиянды, сол үшін сүт берілуі керектігі айтылған ұжымдық шартта. Жалақыны да бір темір жолды жағалап жүрсек те, алалап төлейді. Маңғыстаудікі бір бөлек, Жаңаөзен бөлімшесі бір бөлек, тіпті разрядтары бірдей болса да, түрліше төленеді. «Материалдық көмек алу үшін балаң үшеуден асу керек» дейді, екі баласы барлар ше?» дейді шетпелік теміржолшы Асхат Есбосынов.

Теміржолшылар жаппай шағымданатын тағы бір мәселе – еңбек жағдайларының «өте нашарлығы». Өңі жел мен аяздан күреңітіп кеткен Асхат Есбосынов 20 жылдан астам уақыт темір жол саласында жұмыс істеп келеді. Ол күнделікті қандай жағдайда еңбек етіп жүргенін былайша суреттеді:

«Қысты күні ашық-шашық машинада күні бойы сыртта жүруге тура келеді. Бір сәт түстеніп, жылынуға тиісті будкалардың іші мал қорадан кем емес. Төбесінен жаңбыр ағады. Іші топырақ, антисанитария. Кірпіш қойып, үстіне тамақ ішеміз. Қасымызда жаздың күні жылан, тышқан дегендеріңіз жортып жүреді».

Теміржолшы Ералы Күшікбаевтың айтуынша, жұмыс киімінің сапасы мүлдем сын көтермейді.

«Вагоннан шпал түсіреміз қолымызбен. Сапасыз жұқа қолғаптар оған жарамайды, тез жыртылып қалады. Өзіміз мың теңгеден бірнеше парын сатып алуға мәжбүрміз. Соның кесірінен шпалдың майы қолымызға өтіп, кейде бетімізге шашырап химиялық күюге душар болып жатамыз. Әсіресе жазды күндері қиын. Теріміз қышып, жараға айналады» деді ол.

Кәсіподақ төрайымы Нурзия Тоғызбаева жұмысшыларға ұжымдық шарт туралы түсіндіріп тұр. Шетпе, 26 желтоқсан 2013 жыл.

Кәсіподақ төрайымы Нурзия Тоғызбаева жұмысшыларға ұжымдық шарт туралы түсіндіріп тұр. Шетпе, 26 желтоқсан 2013 жыл.

Жұмысшылар ұжымдық шартта жақын адамдарын жоғалтқан теміржолшы отбасына арналған материалдық көмекке бәрінің бірдей қолы жете бермейтінін айтып қынжылады.

«Менің балам биылғы қыркүйекте қайтыс болды, бір тиын жәрдем алған жоқпын» деді Сәкен Боранбаев есімді жұмысшы.

Амангелді Ерболатов есімді тағы бір теміржолшы ата-анасынан айырылған соң өзінің бір үйлі жанның жалғыз асыраушысы болса да, материалдық көмекке қол жеткізе алмай отырғанын айтты.

Азаттық тілшісі сөйлескен теміржолшылардың бәрінің дерлік аузынан шыққан ең басты арыз – жалақының аздығы. Олар тоқсандық сыйақыларын тек биыл бір-ақ рет алғандарын мәлімдеді.

«Сыйақы үш ай сайын берілуі тиіс. Былтырдан бері биыл тек үшінші тоқсан үшін алдық. Алдыңғылары қайда? Бухгалтериядан сұрасақ, Астанаға сілтейді» десті теміржолшылар бірауыздан.

Жұмысшылар өздерінің кәсіподақ төрайымы Нұрзия Тоғызбаеваны «кім, қашан сайлағанын да білмейтіндерін» айтып жатты.

Шетпе теміржол жұмысшылары шағымын мына видеодан көре аласыз:


«АШТАН ӨЛТІРМЕЙТІН МАМАНДЫҚ»

Желтоқсанның 26-сы күні жүз шақты «ПЧ-13» мекемесінің жұмысшысы кәсіподақ төрайымын, мекеме бухгалтері мен директорын келіссөзге шақырды.

Наразы теміржолшылармен кездесуге «ПЧ-13» мекемесінің директоры Бақберген Құрбанов келді. Оның айтуынша, «сыйақыны бүкіл Қазақстан бойынша ешбір теміржолшы осы уақытқа дейін алмаған».

«2012 жылдан бастап таза жалақыға көштік. Мұның бәрін ҚТЖ бекітіп береді, біз оған араласа алмаймыз» деп ақталды ол.

Құрбановтың айтуынша жұмысшылар тиісті киімдермен қамтамасыз етілген.

Бекберген Құрбанов. Шетпе, 26 желтоқсан 2013 жыл.

Бекберген Құрбанов. Шетпе, 26 желтоқсан 2013 жыл.

«Шпалмен жұмыс жасауға тиіспіз. Егер қолғабың жыртылса, артығымен жүз қолғап болсын береміз. Киімді мүмкін әдейі жырттыңыз ба, білмеймін. Мақтадан тігілген киімдер беріледі. Басқа жаман киімдеріңіз болса киіңіз» деді директор.

Ол жұмысшылардың наразылық білдіру себептерін мүлдем басқа жақтан іздейтінін де айта кетті. Теміржолшылардың ішінде «екі-үш бүлікшінің бар екеніне» тоқталды.

«Тәуелсіз кәсіподақ дегендерге ілесіп, солардың жасап жүрген әрекеті. Әйтпесе, «Қазақстан темір жолы» жұмысшыларға басқа елде жоқ жағдайды жасап отыр» деді Құрбанов Азаттыққа.

«Кәсіпкердің банкротқа ұшырауы, мұнайшының мұнай таусылып қысқаруы мүмкін. Ал темір жол әйтеуір аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын сала ғой» деп басу айтты Құрбанов жиын соңында жұмысшыларына.

Азаттық тілшісі Бақберген Құрбановтан теміржолшылардың не себепті ұжымдық шарттан хабарсыз екендерін, кәсіподақ басшысының қалай сайланғанын білмейтіндерін сұрады. «ПЧ-13» мекемесінің директоры ұжымдық шартты талқылау жиыны өткенін, шарттың толық мәтіні «Қазақстан темір жолы» компаниясының салалық газеті мен вебсайтында жарияланғанын айтты. Ал кәсіподақ қызметіне қатысты директор да, төрайым да ештеңе демеді.

Қайта жұмысқа кірісуге бейіл білдірсе де, теміржолшылар бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтындарын мәлімдеді.

«Себебі күнкөріс қиындады. Жұмысымыз да ауыр. Қысы-жазы далада жүреміз. Осы темір жолдан мұнай тасыған, күкірт тасыған цистерналар да өтеді. Зияндылығы бөлек әңгіме. «Қазақстан темір жолы» іргелі мекеме. Жұмысшыларының жағдайын жақсартуды, еңбек ақыны қайта қарауын талап етеміз. Қай ғасырда өмір сүріп отырмыз?» деді аты-жөнін атамауды өтінген жұмысшылардың бірі.

Шетпе темір жолы. Вокзалдың маңы, 22 сәуір 2012 жыл.

Шетпе темір жолы. Вокзалдың маңы, 22 сәуір 2012 жыл.

Шетпелік теміржолшылар жаңа жылдан соң «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті Асқар Мәминнің келіп жағдайларымен танысуын талап етпекші.

«Мамин тіпті біздің жайымыздан бейхабар болуы да мүмкін» десті олар Азаттық тілшісіне.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының Маңғыстау облысындағы Шетпе, Жаңаөзен және Маңғышлақ стансаларында 546 теміржолшы еңбек етеді.

Шетпелік теміржолшыларға республикалық БАҚ-тың назары бірінші рет 2011 жылғы желтоқсанда ауған. Станция жұмысшылары сол кезде Жаңаөзенде болған мұнайшылар ереуілін қолдап темір жолды жауып тастап, полицияның оларды күшпен таратуы кезінде бір адам оққа ұшқан болатын. Ал жаңаөзендік мұнайшылардың әлеуметтік құқықтарын талап ету әрекетінен соң «ӨзенМұнайГаз» компаниясына қарасты мекемелердің кәсіподақтары 2013 жылғы желтоқсанда басшылықпен еңбек жағдайы мен әлеуметтік жеңілдіктер нақтылап жазылған ұжымдық шарт жасасқан. Биыл «Қазақстан темір жолы» компаниясының да Маңғыстау облысындағы мекемелерінде ұжымдық шарт қабылдағаны туралы хабарланды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG