Accessibility links

«ОМОН қалай болса солай атты» дейді Шетпе тұрғыны


Арнайы жасақ өкілдері. Маңғыстау облысы, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Арнайы жасақ өкілдері. Маңғыстау облысы, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Шетпе станциясында 2011 жылы желтоқсанның 17-сі полиция мен тұрғындар арасындағы қақтығыстың қалай болғанын куәгер Азаттыққа әңгімелеп берді. Ол ОМОН басшыларына «Үш-төрт әйел барып: «Айналайындар, қазақ екенсіңдер ғой. Бұл жерде кілең қазақ тұрады. Кейін шегінің, оқ атпаң» дегендерін, бірақ олар «Ауылдарың суық екен, жігіттер жаурап қалды, жүгіртіп аламын» деп, халықты қоршатып алғанын айтты.


Ақтау қаласындағы Шетпе оқиғасына орай сот өтіп жатқан ғимарат маңында тізе бүгетін орындық та, әлденетін жер де жоқ. Полиция түскі үзіліс кезінде қалың жұртты шығарып жіберіп, есікті ішінен тарс жабады. Өтініш айтып ашқыза алмай, күдер үзгенбіз.

Қойны-қонышынан сумаңдаған қара желден ығып, бүрсеңдеген жұрт кейде түскі үзілісте «Газельдеріне» жапа-тармағай мініп, ең жақын әрі арзанырақ «Сары базардың» асханаларына жөнеледі. Кейбірі екі шақырым жердегі күре жолға жаяу-жалпы тартып кетеді.

Шетпелік бір топ ауылдан мініп келген ақ «Газельдің» «аяғы» (шетпеліктер көліктің доңғалағын «аяқ» дейді) жарылды ма – жұртты жұма күні түскі асқа жеткізе алмай, жолда қалдырғанын көрген едім.

Олар 23 сәуір күнгі сотқа сары «Газель» мініп келіпті. Сары «Газельді» «сотқа барып, айыпталушыларға қолдау көрсететін адамдарға арнап Шетпенің жігіттері шығарған» екен.

Екі шақырым кросс жасағанмен түк шықпайтынын, өзіңді өзің аямасаң болмайтынын тез түсініп, бұл жолы сары «Газельге» мінген шетпеліктерге біз де қосыла кеттік.

– Ауылымыздың бір баласы порттан қыдырып келе жатып, біреудің түйесін қағып өлтіріп қойған еді. Сонда «оқиға Түпқараған ауданында болды, демек істі сол Шетпе оқиғасы бойынша сотқа қатысушыларды алып келген көлік. Ақтау, 23 сәуір 2012 жыл.

Шетпе оқиғасы бойынша сотқа қатысушыларды алып келген көлік. Ақтау, 23 сәуір 2012 жыл.

жерде қараймыз» деп сотты Түпқараған ауданында жасаған еді. Туған-туыстарымыз әбден шапқылаған болатын. Ал мына оқиға Шетпеде болса да, сотты Ақтауда өткізіп отыр. Сірә, жұртты сотқа келтірмеудің амалы. Түйе өлсе заң бар, адам өлсе заң жоқ екен ғой, – дейді сары «Газельдегілер».

– «17 желтоқсанда Шетпеде кідіртілген пойызға 10-15 жасөспірім кіріп кетті» деген куәлардың сөздері де – жалған. Айтқызып отыр. Оқытып қойған ғой. Пойыздан түсіп кетіп қалғандар болды. Бірақ оларды ешкім қорқытқан жоқ, – дейді тағы бір тұрғын.

«Газельдегілер» кезекті сот отырысында айтылған сөздерді осылай талқылап, өз бағаларын беріп жатты.

«МҰНДАЙДЫ КӨРГЕН ЕСІ ТҮЗУ АДАМ КЕТЕ АЛМАСА КЕРЕК»

Сары «Газельдегі» серіктеріміздің бірі Сәндібала Мәзенова 17 желтоқсандағы қақтығысқа өзі де қатысып, президенттің «рақымшылық жасау туралы» жарлығынан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмай қалған адамдар санатынан екен.

Сәндібала Мәзенованың ері осыдан үш жыл бұрын қайтыс болыпты. Төрт баласы бар, оның екеуі студент. Үлкен қызы жылына 140 мың теңге төлеп, Ақтөбе қаласындағы Бәйішев атындағы университетте оқиды. Одан кейінгі ұлы – Шетпедегі колледждің студенті. Үшіншісі – яғни қызы 11-сыныпта, ал кенже ұлы 6-сыныпта оқиды.

Сәндібала Мәзенова Шетпеден жұмыс таба алмай, 250 шақырым жердегі «Кендірлі» демалыс орнының шаруашылық бөліміне орналасқан екен. Жеті күндік вахталық жұмыстың жалақысы – 54 мың теңге. Мемлекет 24 мың теңге жәрдемақы береді.

– 16-сы күні Жаңаөзенде болған жайды естідік. 17-сіне Жармыш ауылына қонаққа баруымыз керек еді – балам жоқ. Түскі үш жарымдар кезінде баламды іздеп, ​ Шетпе теміржол вокзалының алдындағы алаң - қақтығыс орны. Маңғыстау облысы, 22 сәуір 2012 жыл.

Шетпе теміржол вокзалының алдындағы алаң - қақтығыс орны. Маңғыстау облысы, 22 сәуір 2012 жыл.

вокзал жаққа барғанымда пойызды тоқтатып тастағанын көрдім. «Назарбаев кетсін! Жауапқа тартылсын!», «Жаңаөзендік бауырлар, сендермен біргеміз!», «Жаңаөзендік бауырлардың қаны Назарбаевтың мойнында!» деген плакаттар ілініп тұр екен. Мұндайды көрген есі түзу адам кетіп қала алмайтын болуы керек. Арты не болар екен деп алаңдадым, – дейді ол.

Сәндібала Мәзенованың айтуынша, «13 жастағы баласы бір жағынан қызықтап, бір жағынан қорқып, вокзалды маңайлап жүрген».

– Содан соң «Жармышқа бара алмаймыз» деп, 16 жастағы қызымды да шақырып алдым. «Тараң, пойызды жіберің» деп ауыл ақсақалдары сөйлеген болды, - дейді Сәндібала Мәзенова.

Оның айтуына қарағанда, «ашынған халық та түрлі әңгімелерге барып, біреу жұмыссыздығын, біреу бала-шағасын баға алмай жүргенін айтқан. Жеті айдан бері Жаңаөзенде ғана емес осы Шетпеде де топ адам ереуілдеп тұрған».

«ӘКІМГЕ ҮШ ТАЛАП» НЕМЕСЕ «АЛТЫ АВТОБУС ОМОН»

– «Жаңаөзендегі қырғын тоқтатылсын», «Жаңаөзенмен арадағы телефон байланысы қосылсын», «Жаңаөзенге баратын жол ашылсын» деген үш талап қойылды аудан әкіміне, – дейді Сәндібала Мәзенова.

Оның сөзіне қарағанда, 16 желтоқсан күні кешке қарай Шетпенің адамдары «Газель» көліктеріне мініп Жаңаөзенге аттанғанда жол полициясы жібермей қойған.

– Әкім «Ол талаптарды орындай алмаймыз. Бұл – жоғарғы жақтың бұйрығы» деді. Бірақ президенттің жарлығын оқып беріп: «Ертең таңертеңнен бастап жол ашылады, байланыс болады. Коменданттық сағат енгізілді» деді, – дейді Сәндібала Мәзенова.

Ол әкім келмей тұрып-ақ балаларын ертіп кеткелі тұрғанын, бірақ біреулер жүгіріп келіп, «алты автобус ОМОН келе жатыр» деп айқайлаған соң «ОМОН-дарды көрейік, не зат екен, не болар екен?» деп кідіргенін айтады.

– ОМОН-дар қолдарындағыларды тарсылдатып, халықты қорқытып-үркітіп келеді екен. Сатырлап келді де саппен тұра қалды. Сосын үш-төрт әйел барып, Тоқтап қалған поезд. Шетпе, 17 желтоқсан 2011 жыл. (Оқырманнан келген сурет)

Тоқтап қалған поезд. Шетпе, 17 желтоқсан 2011 жыл. (Оқырманнан келген сурет)

«Айналайындар, қазақ екенсіңдер ғой, бұл жерде кілең қазақ тұрады. Кейін шегінің, оқ атпаң» дедік. Тоқтатуға тырыстық қой, – дейді Сәндібала Мәзенова.

Ол «басынан бақайшығына дейін мұздай қаруланып алған, автоматтары, тапаншалары, тағы бірдеңелері бар, адаммен мүлдем сөйлеспейтін» арнайы жасақтың бір бастығына барып, «Мыналарды алып кетіңіздер, кейін шегініңіздер» дегенін айтты.

– Олар жақындаған сайын біздің балаларымыз шоғырлана түсіп, «тарамаң, тарамаң» деп жатты, бірдеңені бастап кетуге шақ тұр. Сосын біз «Сендер кейін шегінің, көліктеріңе қарай алып кетің, қазір бірдеңе болып қалса бізден көресіңдер» дедік. Жасақ басшылары да «Ата-анасыңдар, әйел адамсыңдар, мына жігіттерді тоқтатыңдар, айтсаңдар көнеді ғой» деді, – дейді Сәндібала Мәзенова.
Шетпе кентінің жалпы көрінісі. Маңғыстау облысы, 22 сәуір 2012 жыл.

Шетпе кентінің жалпы көрінісі. Маңғыстау облысы, 22 сәуір 2012 жыл.


Сәндібала Мәзенова сол сәтте жігіттердің саны үш жүзге жуықтап қалғанын, ал ОМОН-дар оларға екі-үш метр жерге дейін жақындап келгенін айтады.

– ОМОН-дар сап түзеп, балалар шоғырланып тұр. Енді бір-екі аттаса сойылмен соғатын жер. Соны көргенде екі-үш ата-ана балаларды шегіндіруге тырыстық. Ақыры басшылары келісіп, «Көліктерінің қасына дейін шегінетін болды, бірақ сендер пойыздарды жіберіңдер» деді. ОМОН артқа шегінген соң балалардың да шоғыры жазылып, бірі су ішіп, бірі телефонмен сөйлесіп, бытырай бастаған еді. Бір кезде ОМОН-ның басшысы жасағын қайта жақындатып келе жатқанын көрдім. Дереу басшысына барып, «Уәде қайда, жақындамаймыз деп едіңдер ғой» дегенімізде, «Ауылдарың суық екен, жігіттер жаурап қалды, жүгіртіп аламын» деді. Сосын перронның бойымен жүгіртіп, халықты бір қапталдан қоршап алды. Сөйтіп бізді алдап кетті, – дейді Сәндібала Мәзенова.

«ЕСКЕРТІП АТҚАН ШЫҒАР ДЕП ОЙЛАДЫҚ»

Сәндібала Мәзенова «жиналған жастардың қолында қару болмағанын, бары – теміржол бойындағы қиыршық тас екенін» айтады.

– Балалар сол тасты төрт-бес метр жердегі ОМОН-дар жаққа лақтыра бастады. Негізі қоршауға түскен кезде қорыққандарынан лақтырған болуы керек. Оны жоққа "Шетпе оқиғасы" кезінде полиция қолынан оққа ұшқан Төребек Төлегеновтың қабірі жатқан қорым. Шетпе, Жармыш ауылы, 22 сәуір 2012 жыл.

"Шетпе оқиғасы" кезінде полиция қолынан оққа ұшқан Төребек Төлегеновтың қабірі жатқан қорым. Шетпе, Жармыш ауылы, 22 сәуір 2012 жыл.

шығармаймын, көзіммен көрдім. Тастың бірі тисе, екіншісі далаға кетіп жатыр. Төпелеп ұрған жоқ бірақ. ОМОН-дар ағаш үй сияқты жинақталып қалды. Бірақ ол жерде жарақат алған ешкімді көрген жоқпын, – дейді ол.

Шетпе оқиғасы куәгерінің айтуынша, сол кезде мылтық атыла бастаған. Бірақ Сәндібала Мәзенова оны «қару емес, ескерту шығар» деп ойлағанын айтады.

– Баламды ертіп қашып келе жатқанымда екі баланың жараланып құлап жатқанын көрдік. Оны бір-екі бала сүйрелеп әкетіп жатыр. Оқ атыла бастағанда ауылдың үш-төрт жігіті «Апа, оқ тиеді, бері қарай жүріңіз» деп дүкен тасасына әкетті. Оқ даусы аздап басылғанда үйге қарай қаштық. Бір кезде ОМОН-дар жан-жаққа шыр айналдырып ата бастады. Қалай болса солай атты. Бірақ балалар тарап кете салған жоқ. Олар да айналып жүріп алды әр жерде, – дейді Сәндібала Мәзенова.

«АНА БАЛАЛАРДАН ЖАНЫМ АРТЫҚ ЕМЕС»

Сәндібала Мәзенова «Қылмыс жасадық деп ойламадық» дейді. Оны полицейлер қаңтардың 2-сі күні түсте, вахталық жұмысынан келген соң «куә боласыз» деп үйінен алып кеткен. Ішкі істер бөліміне апарған соң бейнетаспаны көрсетіп, «қылмысын дәлелдей» бастаған.

– Сөйтіп куәгерден қылмыскерге айналдырды. Қазір айыпталып отырған балалардың аты-жөнін айтып, «қылмыстық істі ұйымдастырдың» деген айып тақты. "Папамның баласымын. Папам - түрмеде" дейді айыпталушылардың балалары. Шетпе станциясы, 22 сәуір 2012 жыл.

"Папамның баласымын. Папам - түрмеде" дейді айыпталушылардың балалары. Шетпе станциясы, 22 сәуір 2012 жыл.

Балалардың талабын қолдап жүргенім рас. Бірақ маған «Балаларға оқ атпаң, бәріміз қазақпыз, бір-бірімізді атамыз ба?» деген сөздерімді көрсетуді сұрадым тергеушіден. Бірақ оны көрсетпеді. Олар мені тек айыпты еткісі келді, – дейді Сәндібала Мәзенова.

Оның айтуынша, тергеушілер «Сіз мына жерде «пойызды жібермең» депсіз» деген уәж айтқан. Сәндібала Мәзенова «Олай дегенім рас, оны мойындаймын. Балалар да «талабымыз орындалмаса, пойыз кетпейді» деп тұр ғой» деп жауап бердім дейді.

– «Үйде кәмелетке толмаған екі балам бар, қасыма әкеліп берің – мен жата беремін, неше күн жатсам да. Ана балалардан жаным артық емес. Айыбымыз бір болса, жата берейін» дедім. Екі тәулік қамады. Дегенмен сот «Мына кісіні неге ұстап отырсыңдар, босатың» деді. Сөйтіп босатып жіберді. Бірақ полиция «Мына сот санкция берген жоқ саған, облыстық сотқа кетесің» деген. Бір айдан асқаннан кейін бе екен - бір күні тағы полиция алып кетті. Бөлімге барғаннан кейін «Сіз рақымшылыққа іліндіңіз, енді жауаптан босатамыз» деді. Сөйтіп бүгін куәгер болып келіп отырмын сотқа, – дейді Сәндібала Мәзенова.

Түске дейін Шетпе оқиғасына орай өтіп жатқан сот алдында куәлік берген Сәндібала Мәзенова «ертең сотқа келе алмайтынын, вахталық жұмысқа кететінін» айтып, сары «Газельден» түсіп қалды.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG