Accessibility links

Шаруалар малдың пайдасынан шығыны көбін айтады


Сүт өндіретін "Абдуғани" шаруа қожалығының сауыншысы Рано Құрбанбаева. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Манкент ауылы. 17 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Сүт өндіретін "Абдуғани" шаруа қожалығының сауыншысы Рано Құрбанбаева. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Манкент ауылы. 17 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысында мал өсіретін шаруалар ет пен сүт сатудан еш пайда көре алмай жатырмыз деп наразы. Шаруалардың сөзін қуаттаған жергілікті билік оның бірнеше себебі барын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылындағы «Абдуғани» шаруа қожалығының иесі Шухрат Марифханов бұл кәсіппен айналысқан 10 жылдай уақытта көп пайда көрмегенін айтып шағынады.

– «Сыбаға» бағдарламасымен үкіметтен 8 миллион 400 мың теңге несие алып, мал басын көбейттік. 90 бас сауын сиыры мен ондаған бұзау, тана, бұқамыз бар. Қазір сүт өндіру бағытында жұмыс істейміз. Бірақ тапқанымыз сегіз жұмысшымыздың жалақысы мен отбасы шығынынан, малдың жем-шөбінен артылмайды, – дейді ол.

«ЕҢБЕКТІ АҚТАМАЙДЫ»

«Абдуғани» шаруа қожалығы сүт өнімдерін шығаратын фирмаға 1 литр сүтті 73 теңгеден өткізеді екен. Қожалық мемлекеттен сүттің литріне 10 теңгеден субсидия да алады. Бірақ Шухрат Марифхановтың сөзінше, мемлекеттен алған ақша мен сүт сатудан түскен қаржы малды ұстауға кеткен шығынды ақтамайды.

- Шыны керек, бізде шығын көп. Жем-шөпті сатып аламыз. Қымбат. Жайылым жер жоқ. Совет үкіметі кезінен қалған техниканы пайдаланып отырмыз. Бұзылады – жөндейміз. Жаңасын сатып алуға ақша жоқ, – дейді Шухрат Марифханов.

«Абдуғани» шаруа қожалығы видеосы:

Сайрамдық шаруалардың енді бірі Ырысалы Бекенов бұл салада сүт қана емес, ет өндіру кәсібінің де пайдасы шамалы екенін айтады. «Береке» шаруа қожалығын басқаратын ол күніне 80 бас мал союға мүмкіндігі бар цехының қазір 15 мал ғана сойып қалғанын уайымдайды.

"Береке" шаруа қожалығы басшысы Ырсалы Бекенов. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылы. 17 қараша 2015 жыл.

"Береке" шаруа қожалығы басшысы Ырсалы Бекенов. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылы. 17 қараша 2015 жыл.

​ - 2015 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін бір килограмм етке мемлекеттен 80 теңге субсидия алғанбыз. Бірақ, неге екені белгісіз, екінші жарты жылдықта субсидия беру тоқтатылды. Мұның зиянды жағы көп. Басқа заттар, жем-шөп қымбаттағанымен, ет қымбаттаған жоқ. Мысалы, бір бұқаны сатып алып бордақыласақ, оның әр килограмм еті 950-980 теңгеге түседі. Бірақ біз оны 1000 теңгеден ғана өткізіп отырмыз. Ақтамайды еңбекті, – дейді Ырысалы Бекенов.

«ЖАЙЫЛЫМ ТАР, ҚАРЖЫ АЗ, МАМАН ЖОҚ»

Шаруалардың «көрген пайдамыздан гөрі шеккен шығынымыз көп» деген сөзін Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Тобағыл Шыршықбаев та растайды. Ол «аудандағы мал шаруашылығындағы басты мәселе – жердің тарлығы» деп біледі.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімі бас маманы Тобағыл Шыршықбаев. 17 қараша 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімі бас маманы Тобағыл Шыршықбаев. 17 қараша 2015 жыл.

- Мемлекет шаруаларға бір килограмм ет үшін 100 теңге, 1 литр сүт үшін 10 теңге субсидия беріп жатыр. Бірақ мемлекеттің бұл субсидиясы жайылымдық жер жеткілікті болса ғана шаруалардың еңбегін ақтайтын еді. Шаруалар жем-шөпті көрші аудандардан сатып алып тасымалдайды, – дейді ол.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Полатбай Тастановтың айтуынша, өңірдің мал шаруашылығынан пайда көре алмай жатқанына тағы бірнеше себеп бар.

- Ауыл шаруашылығында жаңа технологияны пайдалануда шаруаларға басты кедергі – қаржы мәселесі мен кадр мәселесі. Жаңа техника шаруаларға қолжетімді, бірақ оны пайдаланатын мамандар жоқтың қасы, – дейді Полатбай Тастанов.

Оның дерегінше, Оңтүстік Қазақстан облысында 70 мыңнан астам адам ауыл шаруашылығымен шұғылданады, олардың көбі – 3-5 гектар жері бар егіншілер.

Оңтүстік Қазақстан облысы статистика департаментінің дерегінше, бұл аймақтағы 2 миллион 800 мыңдай тұрғынның 900 мың бас ірі қара малы, 4 миллион 400 мыңдай қой-ешкісі бар.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG