Accessibility links

Түнгі үшке дейін велосипед тебетін қала


"Билерге тағзым" велошеруіне біркелкі форма киіп келген тұрғындар. Шымкент, 28 мамыр 2016 жыл.
"Билерге тағзым" велошеруіне біркелкі форма киіп келген тұрғындар. Шымкент, 28 мамыр 2016 жыл.

Шымкенттік әуесқой велоспортшылар қалада велоинфрақұрылымның дамымағанын айтады. Жергілікті билік велотұрақтар мен төрт-бес көшеге веложол салуды енді жоспарлап жатыр.

Азамат Үмбетов – күн сайын көшеге жаттығуға шыққанда басын қатерге байлайтын шымкенттік әуесқой велоспортшылардың бірі.

Велоинфрақұрылым дамымаған қалада Азамат пен оның велосипедші жолдастары қауіпті болса да, көліктің жолымен жүруге мәжбүр. Олар барынша абай болуға тырысатындарын айтады.

- Қалада көліктер жүретін жол мен жолаушылар тротуары ғана бар. Тротуарлармен жүрейік десек, адамдар көп. Абайсызда қағып кетсек, тағы қиын. Қаладағы кейбір фитнес клубтардың алды мен саябақтарда ғана велотұрақтар бар, - дейді Абай.

Сүйікті спортымен айналысуға қиналып жүргендердің арасында қала билігінің жоғары лауазымды өкілдері де кездеседі. Мамырдың 28-і күні Шымкент қаласында өткен «Билерге тағзым» велошеруін ұйымдастырушылардың бірі, әуесқой велоспортшы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсетік Шарипов «аптасына үш рет велосипед теуіп, спортпен айналысатынын» айтады. Велоспортты денсаулық үшін пайдасы зор деп білетін ол «Шымкент көне қала болғандықтан кезінде велоинфрақұрылым қарастырылмаған» дейді.

- Шымкентте әуесқой велоспортшылар көп. Бірақ, қалада велоинфрақұрылым дамымаған. Былай қарасақ, қала көшелеріндегі жол жүру жолағының өзі тар. Тек дендросаябақ пен жаңа әкімшілік іскерлік орталығының аймағы ғана велосипед тебуге ыңғайлы, - дейді сот төрағасы Азаттыққа.

ВИДЕО: «Билерге тағзым» велошеруі

Шымкенттегі велошеру
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:30 0:00

Кәсіби және әуесқой велоспортшылардың уәжін Оңтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та жоққа шығармайды. Оның сөзінше, аймақта велоспорт «өз деңгейінде дамып келеді».

- Шымкенттің ауа-райы велоспортты дамытуға қолайлы. Оның үстіне «Билерге тағзым» сынды велошерулер бұл спорт түрінің бұқаралық сипатын арттыруға септігін тигізеді, - дейді басқарма басшысы.

Әзірше Шымкент қаласында бірде-бір веложол салынбаған. Әкімдік велотұрақтарды қайда салу керектігін анықтап жатыр.

- Велоспортшылар кез-келген жаттығуға шығатын кезде арнайы автокөліктер бірге ілесіп жүреді. Спортшылар бапкерлерімен бірге тиісті ережелерді сақтап жаттығуларын жасайды. Қаланың пилоттық жобасына сәйкес веложолдар салу ойластырылған. Жоба жүзеге асқанда бұл қиыншылықтың бәрі артта қалады, - дейді Нұртаев.

Шымкент қаласы жергілікті полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Әбдіраманов велошеру өте қалса арнайы жасақ құрып, спортшылар мен жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін іс-шараны бақылап жүруге мәжбүр.

Билерге тағзым велошеруінің жанынан өтіп бара жатқан реанимация көлігі. Шымкент, 28 мамыр 2016 жыл.
Билерге тағзым велошеруінің жанынан өтіп бара жатқан реанимация көлігі. Шымкент, 28 мамыр 2016 жыл.

- Арнайы велошерулер кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірге жүреміз. Қалада веложолдар болмағандықтан, велосипедпен жолға шықан тұрғындардан барынша жол қауіпсіздігі ережелерін сақтап жүруін ескертеміз, - дейді Әбдіраманов.

Бірақ мұндай ыңғайсыздық шымкенттіктердің велоспортқа деген құмарлығын тежей алмағанға ұқсайды. Асқар есімді жеке кәсіпкер күніне қаланың 15-20 тұрғынына сағатына 500 теңге, тәулігіне 3000 теңгеге жалға велосипед береді. Оның сөзінше, қалада велосипедпен жүру өте ыңғайсыз болса да, оны тебуге құмар тұрғындар көп. Жұмысы түскі сағат 13:00 кезінде қыза бастайтын Асқар бәсекелестерінен қалмау үшін кейде жалға беру орнын түнгі 03.00-ге дейін ашық ұстайды.

- Әуесқой велоспортшылар бар. Аптасына үш рет 3-4 сағатқа велосипедті жалға алып тебеді. Олар көбіне түн ортасынан ауғанда шығады. Вележолдар жоқ болғандықтан, көліктер саябырсығанда жолға шығып, жаттығады, - дейді Асқар.

Оңтүстік Қазақстан облыстық велоқауымдастығының төрағасы Рауан Берікұлы велоспортты велошеру сияқты мерекелік іс-шара кезінде еске алып, спорт түрі ретінде ғана қабылдауға қарсы.

Қала сыртынды өткен велошеру күре жолдағы көліктерді бөгеді. Оңтүстік Қазақстан облысы, 28 мамыр 2016 жыл.
Қала сыртынды өткен велошеру күре жолдағы көліктерді бөгеді. Оңтүстік Қазақстан облысы, 28 мамыр 2016 жыл.

- Меніңше, велосипедке тек спорт деп қарау дұрыс емес. Транспорт, денсаулық және экологиямен байланыстыру керек. Мысалы, велосипедтің денсаулыққа пайдасы зор. Жүрек, қан-тамырлары мен мидың дұрыс жұмыс істеуіне сеп болады. Экологиялық жағынан ауаны ластаудан қорғайды, - дейді Рауан Берікұлы.

Осы мақала жазылып біткен тұста Шымкент қаласы әкімдігінен Азаттық тілшісіне ресми жазбаша жауап келді. Онда «Шымкент қаласы орталық көшелері Астана, Бәйтереков, Желтоқсан, Қазыбек би және Қонаев даңғылына веложолақша салу жоспарланған. Жоспарға сәйкес бюджеттен 193 378,29 мың қаржы қаралған. Қазіргі таңда Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиь жолдары бөлімі тарапынан 9 велосипед қойылатын тұрақ салынды. Алдағы уақытта 31 велосипед тұрағын салу жоспарлануда» деп жазылған.

Ресми мәліметке сәйкес бір миллионға жуық халық тұратын Шымкентте 200 мыңға тарта көлік тіркелген.

XS
SM
MD
LG