Accessibility links

Шымкенттегі жер дауының соңы көрінбейді


Шымкенттегі «Нұрсәт» шағын ауданындағы жаңадан салынатын көпқабатты үйдің схемасы мен оның орнында тұрған жер үйлер. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағын ауданындағы жаңадан салынатын көпқабатты үйдің схемасы мен оның орнында тұрған жер үйлер. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысы шенеуніктері Шымкенттегі «Нұрсәт» ауданындағы «заңсыз сатылған» 72 жер телімі мемлекетке қайтарылатынын хабарлады. Ал кейбірі үй салып үлгерген тұрғындар бұған наразы.

Қарашаның 20-сы күні Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасы басшысы Серік Тұрбеков «Шымкенттегі «Нұрсәт» шағын ауданындағы 72 жер телімін қаланың Қаратау аудандық соты қазан айында «заңсыз берілген» деп танығанын» мәлімдеді. Шенеуніктің сөзіне қарағанда, бұл жерлер мемлекетке қайтарылуы тиіс, ендігі мәселе – жерлері мемлекет қажетіне алынатын тұрғындарға өтемақы беріле ме, жоқ па – соны анықтау.

– Тұрғындарға өтемақы төлене ме, төленбей ме – оны да сот шешеді, – дейді Серік Тұрбеков.

Шымкенттегі Астана даңғылы бойында орналасқан жаңа көпқабатты тұрғын үйлер мен мемлекеттің мұқтажы үшін алынатын жер теліміне салынған жер үйлер. Шымкент, 20 қараша 2015 жыл.

Шымкенттегі Астана даңғылы бойында орналасқан жаңа көпқабатты тұрғын үйлер мен мемлекеттің мұқтажы үшін алынатын жер теліміне салынған жер үйлер. Шымкент, 20 қараша 2015 жыл.

Азаттық тілшісі Шымкенттегі «Нұрсәт» шағын ауданындағы Астана даңғылы бойындағы «заңсыз берілді» деген жерлерді шолып шыққан еді. 72 жер телімінің 26-сында үй салынған, кейбірінде құрылыс басталған. Салынған үйлердің бірінің иесі Уәлихан Тәжібаев «бес жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келгенде жер телімін 12 мың долларға сатып алғанын» айтады.

- Жер телімінің құжаттары Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінде сараптамада жатқанына екі ай болды. Құжаттарды тексере келе түбірі (әкімдік шешімінің арнайы журналға тіркелуі – ред.) бар болып шықты. Енді мемлекеттік мекеме кім қай жерде қандай қате жібергенін тексеріп жатыр, - дейді ол.

Уәлихан Тәжібаевтың айтуынша, оның «жер теліміне деген меншік құқығы ресми тіркелген, үй құрылысын бастағанда қалалық архитектура бөлімі рұқсат қағазын берген».

- Қолымда мемлекет өкілі қол қойып мөр басқан, бір емес бірнеше мекеме тексерген, тіпті үй салуға рұқсат алған құжаттарым бар. Оларға тағы қандай дәлел керек? Енді жерді «мемлекет қажетіне өткізіңдер» деп отыр. Соттан жеңсек қана өтемақы беріледі екен, - дейді Уәлихан Тәжібаев.

Уәлихан Тәжібаевтың шағымы (2015 жылдың тамызы):

ДАУДЫҢ БАСЫ

Шымкенттегі «Нұрсәт» ауданындағы жер дауының шеті 2012 жылы әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы басталған кезде шыққан.

Ал 2014 жылдың наурыз айында Қазақстан бас прокуратурасы мұндағы жер телімдерінің заңсыз сатылғанын мәлімдемеді. Хабарламада «2004 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша «Нұрсәт» ауданын салу үшін Шымкент қаласына қосылатын 283 гектар жер сатып алынғаны, бірақ он шақты жыл ішінде қалалық әкімдік қызметкерлерінің бұл аумақтың жартысына жуығын заңсыз сатып жібергені, бастапқы құжаттары қасақана жойылғаны» жазылған. Сол жылы наурыз айында Қазақстан бас прокуратурасы өкілі Әсет Шындәлиев «Қазір әкімдік бұл жерге әкімшілік-іскерлік орталық салғысы келеді, ол үшін жерді қайта сатып алу қажет» деп мәлімдеген.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серік Тұрбеков. Шымкент, 20 қараша 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серік Тұрбеков. Шымкент, 20 қараша 2015 жыл.

Жер телімдерін заңсыз сату оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Мырзаевтың айтуынша, «бас прокуратура кінәлілерді анықтап жатыр».

Жер телімдерінің құжаттары қолдан жасалынғанын Оңтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасы басшысы Серік Тұрбеков те растады.

- Жаңа әкімшілік іскерлік орталығы аумағында 89 жер телімінің құжаты қолдан жасалынып, заңсыз таратылған. Бұл жерде қылмыс жатыр. 72 жер теліміне қатысты сот шешімі шықты. Қалғаны қаралып жатыр. Әрине, біз тұрғындардан «жер заңсыз берілген» деп тартып ала алмаймыз. Бұған тұрғындар жауап бермейді. Жер телімін заңсыз берген азаматтар бар. Бірақ тұрғындарға [мемлекет қажетіне алынатын жер үшін] өтемақы төлене ме, төленбей ме - енді сот соны шешеді, - дейді Серік Тұрбеков.

Ал «Нұрсәт» шағын ауданының тұрғыны Ахмет Сапаров жер телімін сатып алғанда заң бұзбағанын айтады.

"Нұрсәт" шағын ауданындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында тұрған Уәлихан Тәжібаев пен Ахмет Сапаровтың үйлері. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.

"Нұрсәт" шағын ауданындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында тұрған Уәлихан Тәжібаев пен Ахмет Сапаровтың үйлері. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.

- Жер бөліміне барудан шаршадық. Бізді бөлімнің еден жуушысына дейін танып алды. Жердің өтемақысын бермесе, мемлекеттік қызметкердің сотталғанынан маған бір тиын пайда жоқ. Өйткені мен бұл жер мен үйге неше жылғы еңбегімді тіктім. Қажет жер болса, үкімет бізге оны құжаттарын рәсімдеп сатпауы керек еді, сатқызбауы керек еді. Әлдекімнің қателігінен отбасыммен үйсіз қалуым керек пе? – дейді.

Тұрғындардың кейбірі «Сот бізді қалай айыптаса да, үйден шықпаймыз, өздерінің (жергілікті билікті айтады – ред.) кінәсі» дейді.

Қазір Шымкенттің «Нұрсәт» шағын ауданындағы Астана даңғылының бойында мемлекеттік бағдарлама бойынша салына бастаған көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын тұр. Кейбірі пайдалануға беріліп, тұрғындары кіріп те алған. Бүгінде бұл жаққа қоғамдық көліктер де қатынайтын болған.

Алайда «заңды құжаттары» бола тұра, «заңсыз үйлерге» айналған кейбір баспаналарға су, газ сияқты тұрмыстық инфрақұрылым тартылмай қалған. Бұл туралы Азаттық бұған дейінгі мақаласында жазған еді.

2015 жылы шілде айының басында әкімдік Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы Астана даңғылының бойында орналасқан 189 даулы жер телімін сот арқылы қайтарып алуға талаптанып жатқанын мәлімдеген еді. Кейіннен олардың ішіндегі 100 жер телімінің ауыл шаруашылығы жерлері екені анықталғаны хабарланған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG