Accessibility links

Жарылған үйде бір адам қайтыс болды


Шымкент қаласында жарылған үйге келген мамандар мен маңайға жиылған жұрт. Шымкент, 9 қаңтар 2017 жыл.

Шымкентте газ жарылысынан қираған үйдің иесі «барлық техникалық қауіпсіздік шараларын сақтағанын» айтады. Жауапты мекемелер «апатқа үй иесінің салғырттығы себеп болды» деп болжайды.

Шымкент қаласында 18-шағын ауданы Халықтар достығы көшесі №47 үйдегі жарылыс қаңтардың 8-і күні таңғы сағат төрттер шамасында болған. Жарылыстан 26 жастағы Сабина Орынбаева қаза тауып, аумағы 64 шаршы метр үй қирады. Үш адам – ауруханаға, бір адам жансақтау бөліміне түскен. Зардап шеккендер арасында қайтыс болған Сабина Орынбаеваның 2015 жылы туған Аружан есімді қызы бар.

Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген Әсия Орынбаева мен Дәурен Жұмалиев және Аружан Дауылбайдың «жағдайы қалыпты» дейді. Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) Жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бөлім меңгерушісі Икрам Төлеевтің Азаттыққа айтуынша, «денесінің 65 пайызын күйік шалған 20 жастағы Қарлығаш Аханованың қазіргі жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр».

Апат кезінде қайтыс болған Сабина Орынбаеваны бүгін түсте Жаңабазар елдімекенінде жер қойнына тапсырды.

Жарылыс болған үйдің иесі Аманбек Сәуірбаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, «қаңтардың 8-і күні түнгі төрттер шамасындар тарс еткен қатты дыбыс естіген. Сыртқа шыққанда ауласындағы барак типтес екі қабатты үйдің құлағанын көрген».

- 20 жылдан бері осында тұрамыз. Апат болған үйге газды 2005 жылы қостық. Газды да, жарықты да тексертіп, техникалық қауіпсіздігін сақтаған едік. Мұндай нәубатты ешкімнің басына салмасын. Әйелімнің де, менің де зейнетақымыз күнкөріске жетпейді. Қаймаққа жаймақ бола ма деп, екі пәтердің әрқайсысын (екі қабатты барак типтес үйді айтады – ред.) 15 мың теңгеден жалға беріп едік – дейді 70 жастағы Сәуірбаев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Жарылған үй

Аманбек Сәуірбаевтың көршісі Индира Байбосынованың Азаттыққа айтуынша, жарылыс болған кезде үйі дірілдеп, үстел үстіндегі ыдыс-аяғы жерге түскен. «Не болды екен деп жүгіріп далаға шықтық. Үй құлаған. Қақпасы жолда жатты. Шаңнан ештеңе көрінбей қалған еді» дейді ол.

- Жарылған үйді көргенде бірден онда пәтер жалдап тұратын кішкентай баласы бар келіншек есіме түсті. Көршілер жан-жақтан шапқыладық. Біріміз қолмен, біріміз күрекпен қазып, бесіктегі баланы шығардық. Осы кезде төтеншеліктер (құтқарушыларды айтады – ред.) келіп, баланың әкесін [тірідей], одан кейін анасы Сабинаның өлі денесін алып шықты, - дейді Индира Бойбосынова.

«ҚазТарнсАймақГаз» компаниясының бас инженері Сәкен Исмаиловтың айтуынша, «тәртіп бойынша әр тұрғын үйіне кіргізген газ құбырлары мен қондырғыларына өзі тікелей жауапты. Қызмет көрсететін мекемелермен келісім-шартқа отырып, техникалық қауіпсіздік шараларын сақтау керек».

- Біз тек ақпарат құралдары арқылы қауіпсіздікті сақтау жөнінде хабарлама береміз, - дейді ол.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов «бұл апат бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын» айтады. «Алдын ала болжам бойынша, жеке тұрғын үйдің иесінің салғырттығы, өз бетімен газ тартып, пеш орнатуы апатқа себеп болған» дейді ол.

Оқиға орнында бүгін болған ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев әкімдік қызметкерлеріне алдағы уақытта азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңға енгізілген өзгерістерге орай жүргізілетін тіркеу жұмыстары кезінде жеке баспанасы жоқ азаматтар санын анықтап, сол арқылы апатты үйлерді түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Пәтер берушілер азаматтарға жалға берер алдында және жалға алатын кезде қауіпсіздік жағдайын ескеру қажет.

- Пәтер берушілер азаматтарға жалға берер алдында және жалға алатын кезде қауіпсіздік жағдайын ескеру қажет, - деді әкім.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиғадан зәбір көрген жанұяларға жергілікті бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш (226 900 теңге) мөлшерінде қаржылай көмек беріліп, уақытша тұру баспанасын бөлу сияқты қосымша әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылып жатыр. Одан бөлек, қайтыс болған жас сәбилі отбасыға қажетті көмектер беріледі.

«ҚазТранГазАймақ» компаниясының мәліметінше, биылғы жылу маусымында ОҚО-да газдан улану бойынша 126 оқиға тіркеліп, 11 адам қаза тапқан. Олардың алтауы - балалар. 74 оқиға көпқабатты тұрғын үйлерде, 52оқиға жеке тұрғын үйлерде болған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG