Accessibility links

Шымкентте екі күнде екі жарылыс болды


Жарылыс болған Чапаев елдімекенінде жүрген полиция қызметкері. Шымкент, 14 тамыз 2015 жыл.

Жарылыс болған Чапаев елдімекенінде жүрген полиция қызметкері. Шымкент, 14 тамыз 2015 жыл.

Шымкенттегі Чапаев елдімекенінде соңғы екі күнде екі рет жарылыс болды. Құқық қорғаушылар жарылыстар салдарынан екі тұрғынның аяғын бірінші дәрежелі күйік шалғанын айтады.

Тамыздың 12-сі және 13-і күндері Шымкент қаласына қарасты Чапаев елдімекенінде екі рет жарылыс болды. Бұл оқиғалардың кесірінен алғашқы күні - 11 жасар оқушы қыз, екінші күні 39 жастағы азаматтың аяғын күйік шалған.

БІРІНШІ ЖАРЫЛЫС

Жарылыс болған жер. Шымкент, 12 тамыз 2015 жыл.

Жарылыс болған жер. Шымкент, 12 тамыз 2015 жыл.

Алғашқы жарылыс болған жерге барған Азаттық тілшісі зардап шеккен 11 жасар Фарида есімді қыздың құрбысымен сөйлесті:

- Тамыздың 12-сі күні Фарида екеуміз картоп алу үшін дүкенге бармақ болдық. Мен шашымды жинау үшін үйге кіріп кеттім. Бір уақытта сырттан қатты дыбыс шықты. Жүгіріп сыртқа шықтым. Жердегі тастар шатырға тиіп жатты. Ал Фарида «Мама, мама» деп жылап жерде жатыр екен. Аяғының бәрі қан жоса. Жарылыс дәл мына жерде болды, - деп есігінің алдындағы көшені көрсетті.

Түскі сағат 12:30-дар шамасында жарылғыш затты басып кетіп, аяғын күйік шалған Фариданың анасы бұл оқиға туралы қандай да бір пікір айтудан бас тартты. Ал олардың көршілерінің сөзінше, жарылыс болған сәтте «қатты дыбыс шыққан». Жарылыс болған Привольная көшесінің тұрғыны Вера Николаева «қатты дыбысты естігенде газ балоны жарылды деп ойлаған». Фариданың көршісі Вера Николаева:

- Жарылыс даусы қатты болғаны соншалық, Фариданы көшенің бір бетінен екінші жағына ұшырып жібергенін көрдік. Мен шыққанда оның аяғы күйік шалып, қан тоқтамай ағып тұрды. Тездетіп жедел медициналық жәрдем мен милиция (полицияны айтады – ред.) шақырдым. Қызды дәрігерлер алып кетті. Ал милиция көрші-қолаңның бәрін үйден шығарып, тағы мина бар ма, жоқ па – іздестірді, - дейді.

Куәгер сөзі (видео орыс тілінде):

ЕКІНШІ ЖАРЫЛЫС

Ал тамыздың 13-і күні сағат күндізгі 11:30-дар шамасында Чапаев елдімекеніндегі Кржижановский атындағы көшеде тағы жарылыс болған. Ол жолы 39 жастағы екінші топтағы мүгедек азамат зардап шеккен.

Зардап шеккен азаматтың әкесі Сайдулла Салибеков Азаттық тілшісіне:

- Жарылыстан қатты дыбыс шықты. Кім жасағанын білмеймін. Балам көлігінен түскені сол еді белгісіз зат жарылып кеткен. Балам аман. Үйде жатыр. Орнынан тұра алмайды. Табанын қатты күйік шалған, - деді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Шымкенттегі Чапаев елдімекенінде соңғы екі күнде қатарынан екі жарылыстың болғанын растап:

Тамыздың 12-сі күні оқиға орнына (Чапаев елдімекені – ред.) барған полиция қызметкерлерінің анықтағаны - 11 жасар оқушы қыз көрші үй жанынан өтіп бара жатып, пакеттегі қолдан жасалған жарылғыш затты басып кеткен. Сол аяғының табанын бірінші дәрежелі күйік шалды. Қазір үйінде емделіп жатыр. 13-і күні де осындай оқиға болып, ер адамның аяғын бірінші дәрежелі күйік шалды, ол да үйінде емделіп жатыр, - дейді.

Жарылыстан зардап шеккен азаматтың әкесі Сайдулла Салибеков. Шымкент, 14 тамыз 2015 жыл.

Жарылыстан зардап шеккен азаматтың әкесі Сайдулла Салибеков. Шымкент, 14 тамыз 2015 жыл.

Облыстық (ІІД) баспасөз орталығы берген мәлімет бойынша, «Тамыздың 12-сі күнгі оқиғаға байланысты Шымкент қаласы Еңбекші ауданы полиция бөлімі қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Чапаев елдімекенінің бір тұрғыны (ер адам) күдікті ретінде ұсталған. Екінші жайтқа қатысты іздестіру жұмыстары басталған. Екі жарылыстың бір-біріне байланысы жоқ».

Ал тамыздың 13-і күні болған жарылыстан зардап шеккен азаматтың әкесі Сайдулла Салибеков «соңғы үш жылда Чапаев елдімекенінде түсініксіз жағдайда бірнеше рет осындай жарылыстар болғанын» айтты.

2012-2013 жылдары Шымкенттің Чапаевка елді мекенінде болған бірнеше жарылыстар салдарынан бір адам ауыр жараланып, екі адам орташа дәрежеде жарақаттанған еді. Жергілікті құқық органдары сол жарылыстарға қатысы бар деген күдікпен ұстаған үш адамның ісін қараған сот былтыр көктемде оларды айыпты деп танып, екеуін 14 жылға және біреуін 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, жазаларын қатаң режимдегі колонияда өтеуге және дүние-мүліктерін тәркілеуге үкім шығарған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG