Accessibility links

Шымкентте қараусыз балалар көбейе бастады


Балалар үйінің терезесінен қарап отырған тәрбиеленушілер. (Көрнекі сурет)

Балалар үйінің терезесінен қарап отырған тәрбиеленушілер. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекет қарамағындағы мекемелерге өткізілген балалар көп. Сәбилер ол жерге әртүрлі себептен тап болады.

Шымкенттік Ақмарал Жарылқасынова үш баласын туыстары полицияға өткізіп жібергенін бір жарым ай бұрын естіген.

Шымкент қалалық мамандандырылған бөбектер үйінің тәрбиеленушісі Мирас (Ақмарал Жарылқасынованың баласы). Шымкент қаласы, 17 ақпан 2014 жыл.

Шымкент қалалық мамандандырылған бөбектер үйінің тәрбиеленушісі Мирас (Ақмарал Жарылқасынованың баласы). Шымкент қаласы, 17 ақпан 2014 жыл.

Ақмарал өзі күйеуім деп санайтын Ержігіт есімді жігітпен қосылуына оның жақын ағайындары қарсы болғанын, сондықтан әлі күнге дейін заң жүзінде некеге тұрмағандарын айтады. Оның сөзінше, ері Алматыда қара жұмыс істейді, өзі Шымкентте құрылыста еңбек етеді, анасымен бірге жатақханада тұрады. Балаларын бағатын адам таппаған соң күйеуінің ақылымен оның туыстарына апарып тастаған.

«Күйеуімнің туыстары полицияға хабарласып, біреулер есігінің алдына кәмелет жасқа толмаған үш баланы тастап кеткенін хабарлапты» дейді ол.

Қазір Ақмарал Жарылқасынованың балалары – төрт жасар Керемет, үш жасар Мирас пен бір жасар Кәусар – Шымкенттегі мемлекетке тиесілі мекемелерде қарауға алынған. Оңтүстік Қазақстан облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасы «балалар отбасына тек қана сот шешімінен кейін баратынын» айтып, аналарына жолықтырмаған.

«Ақмарал осында келіп, жылап тұрып балаларын сағынғанын айтты. Бірақ бұл уақытта төрт жастағы Керемет облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, үш жастағы Мирас пен бір жастағы Кәусар қалалық мамандандырылған бөбектер үйіне тапсырылған еді» дейді облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі басқарма бастығы Ғалия Жүсіпова.

Бөбектер үйінің қызметкерлері Кәусар алғашқы кезде өте әлсіз болғанын, қазір оңала бастағанын айтады. Азаттық тілшісі көргенде Кәусардың жүруге талпына бастағаны байқалды, ал ағасы Мирас басқа балалармен бірге ұйықтап жатты.

Облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі басқарма мамандарының айтуынша, Ақмарал Жарылқасынованың қолында балаларының туу туралы куәліктері болмаған, тек балалардың анасы екенін растап перзентхана берген анықтама қағазы ғана бар. Сондықтан қаңтардың 2-сі күні қалалық балалар үйіне түскен кезде артынан ешкім іздеп келмеген Мирас пен Кәусарға туу туралы куәлік рәсімделіп, басқа фамилия берілген. Басқарма сәбилерді анасына беруден бас тартқан.

ңтүстік Қазақстан облыстық балалардың құқығын қорғау жөніндегі басқарма басшысы Ғалия Жүсіпова. Шымкент қаласы, 17 ақпан 2014 жыл.

ңтүстік Қазақстан облыстық балалардың құқығын қорғау жөніндегі басқарма басшысы Ғалия Жүсіпова. Шымкент қаласы, 17 ақпан 2014 жыл.

Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы Азаттық тілшісіне Кереметке туу туралы куәлігін рәсімдеп, құжат көшірмесін анасына тапсырғанын хабарлады.

«Ақмарал Жарылқасыноваға перзентханадан балалардың анасы екенін растап берген анықтама қағазды Сайрам ауданындағы хал актілерін тіркеу бөліміне апарып өтініш жазатынын, балаларды өз атына аударатынын, содан кейін ғана балаларын қайтарып алу бойынша сотқа жүгінетінін айтып заңдық кеңес бердік» дейді Ғалия Жүсіпова.

«МҰНДА ТҮСЕТІН БАЛАЛАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ»

Шымкенттегі қалалық мамандандырылған бөбектер үйінде Мирас пен Кәусар сияқты төрт жасқа дейінгі 76 бала бар. Мекеменің аға педагогы Халида Әбдіханованың айтуынша, соңғы кездері мұнда түсетін балалар көбейіп барады – тек жыл басынан бері жаңадан 12 бала қабылданған. Бөбектер үйіндегі балалардың көпшілігіне «орталық жүйке жүйесінің зақымдануы» деген диагноз қойылған.

«Үйдегі балаларға жеке-жеке көңіл бөлеміз, ойнаймыз, күлеміз, күлдіреміз. Бөбектер үйіндегі 15 баланы бір медбике мен бір тәрбиеші күтеді. Кесте бойынша ұйқыдан оятады, тамақ береді, ойнатады. Әр балаға көңіл бөлуге үлгермейді. Мұндағы балалар әке-шешенің мейірім-шапағатына зәру. Баланың тәрбиесіне, дамуына ол көп әсер етеді» дейді Халида Әбдіханова.

Шымкент қалалық мамандандырылған бөбектер үйінің аға педагогы Халида Әбдіханова. Шымкент қаласы, 17 ақпан, 2014 жыл.

Шымкент қалалық мамандандырылған бөбектер үйінің аға педагогы Халида Әбдіханова. Шымкент қаласы, 17 ақпан, 2014 жыл.

Ақмарал Жарылқасынованың төрт жасар баласы Керемет түскен мекеме – облыстық кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына да қараусыз қалған балалар көп тапсырылады. Тек 2014 жылдың алғашқы айында ғана бұл мекемеге 82 бала түскен.

Орталық директорының орынбасары Жанар Қырымбаеваның сөзінше, «мұнда көбінесе өмірден жолы болмай жүрген азаматтардың балалары түседі, кейбір балалардан ата-аналары бас тартқан оқиғалар да кездеседі».

Балалар құқығын қорғау комитетінің ресми мәліметі бойынша Қазақстанда 10 мыңнан астам қараусыз, я жетім қалған бала бар.
  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG