Accessibility links

Шымкентте көмекке зәру жүздеген отбасы бар


Шымкент қаласында былтыр 110 мыңнан астам адам әлеуметтік көмек сұрап әкімдікке келген. Бірақ жәрдем сұрағандардың бәрі бірдей көмекке мұқтаж емес екені де айтылады.

Бес баласы бар жесір ана Гүлмира Сағымованың үй-іші – Шымкент қаласындағы тұрмысы ауыр отбасылардың бірі. Ол қаланың Достық шағын ауданындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнап салынған үйде тұрады.

«28 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ КҮН КӨРІП ЖАТЫРМЫЗ»

Шымкент қаласының тұрғыны Гүлмира Сағымова. 31 қаңтар 2016 жыл.

Шымкент қаласының тұрғыны Гүлмира Сағымова. 31 қаңтар 2016 жыл.

Тозығы жеткен ағаш есікті ашып, табалдырықтан аттағанда сол жақ қабырғадағы тақтайға қағылған бірнеше шегеде ілулі тұрған киім бірден көзге түседі. Аумағы алты шаршы метрлік кіреберісте пеш тұр. Ал тоғыз шаршы метрлік ас үйде отбасының азық-түлік, ыдыс-аяқ, орындық пен ас үстелі бар. Жалғыз жатын бөлме – Гүлмира Сағымова мен үлкені 20 жастағы, кішісі 6 жастағы 5 баласының – алты адамның тұрағы.

- Бұл бір бөлмелі үйді 2012 жылы жергілікті әкімдік берген. Бұған да шүкір дейміз. Оған дейін 10 жыл шамасында пәтер жалдап тұрдық. Көшіп-қонып жүріп қатты қиналдық. Жағдайы жасалған пәтер жалдауға шамамыз болмады. Бір бөлмелі цемент төселген күрке тамда амалдап күнелттік, – дейді ол.

Ері үш жыл бұрын қан қысымы көтеріліп қайтыс болғанын айтқан Гүлмира Сағымова қазір үйде жұмыссыз отыр.

- Денсаулық сыр берсе, қиын екен. Аяғым ауырып, жұмысқа жарамай қалдым. Әйтеуір қу тіршілік. Үйде балалардың ас-ауқатын дайындап, жыртық-тесігін жамап отырмын, – дейді Гүлмира Сағымова.

Отбасы бес баланың кәмелетке толмаған үшеуіне асыраушысыз қалғандары үшін ай сайын төленетін 28 мың теңге жәрдемақыға күн көріп жатқандарын айтады.

Гүлмира Сағымованың үйіндегі пеш. Шымкент, 31 қаңтар 2016 жыл.

Гүлмира Сағымованың үйіндегі пеш. Шымкент, 31 қаңтар 2016 жыл.

- Жәрдемақы алғанда негізгі азық-түлікті түгендеп аламын. Мысалы, 50 келілік бір қап ұн, май, шай дегендей. Соны үнемдеп жұмсап, тамақ жасаймын. Бірде тоқ, бірде аш болсақ та, өз шаңырағымыздың астында отырмыз, – дейді Гүлмира Сағымова.

«Тұрмыста қиыншылық көріп, жаным жабырқаған кезде оңашада жылап аламын» деген ана әкімшіліктің жәрдемақы алуына көмектесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған баспана бергеніне разы екенін айтады.

«КІМГЕ КӨМЕК КЕРЕГІН УЧАСКЕЛІК КОМИССИЯ АНЫҚТАЙДЫ»

Шымкент қаласы әкімшілігінің дерегінше, Гүлмира Сағымова сияқты көмекке мұқтаж жанұяларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілген кезде әрбір үйдің отбасылық табысы есептелінеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Гүлдана Нұржанова:

- Азаматтардан заң талаптарына сәйкес құжаттарды қабылдаймыз. Қаладағы әр аудан әкімдігінде құрылған учаскелік комиссия отбасының тұрмыстық-материалдық жағдайын тексеріп, бізге қорытынды береді. Соның негізінде біз көмек тағайындау немесе тағайындамау туралы шешім шығарамыз, – дейді.

Үш жылдан бері «Шұғыла» қоғамдық қорының Шымкенттегі ерікті мүшесі болып жүрген Нұрлан Садырбаев мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмек алушылардың ресми құжаттарына ғана илана бермеу керек деп біледі.

Тұрмысы нашар отбасының дастарханы. Шымкент, 31 қаңтар 2016 жыл.

Тұрмысы нашар отбасының дастарханы. Шымкент, 31 қаңтар 2016 жыл.

- Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтау үшін қалалық әкімдік берген тізіммен әр отбасына барып, анкета толтырамыз. Сол кезде әкімдікке әлеуметтік жағдайы төмен отбасы ретінде тіркелген отбасылардың барлығы бірдей көмекке зәру емес екенін жиі байқаймыз. Мысалы, бір үйдің тұрмыстық жағдайы, ішіп-жемі жақсы, енді бір отбасылардың тұрмысы төмен, кедей екені үй-жайынан, дастарханынан, көздерінен көрінеді, – дейді Нұрлан Садырбаев.

884 мың тұрғыны бар Шымкент қаласы әкімдігінің дерегінше, 2015 жылы 110 мыңнан астам адам әлеуметтік көмек көрсетуді сұрап, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш берген. Былтыр қалада 191 отбасына – жиыны 8,1 миллион теңгенің атаулы көмегі, 688 отбасына – жиыны 25,4 миллион теңгенің тұрғын үй көмегі төленген, 4063 азамат әлеуметтік жәрдем алған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG