Accessibility links

Шымкентте екі мың оқушы өз мектебіне әлі бара алмай жүр


Жөндеу жұмыстары аяқталмаған №46 мектеп-лицейінің оқушылары автобус күтіп тұр. Шымкент, 24 қараша 2014 жыл.

Жөндеу жұмыстары аяқталмаған №46 мектеп-лицейінің оқушылары автобус күтіп тұр. Шымкент, 24 қараша 2014 жыл.

Шымкентте №46 мектеп-лицейінің жөндеу жұмыстары әлі аяқталмады. Төрт мектепке бөлінген оқушылар сабаққа жету машақатын айтса, құрылысшылар жұмыс желтоқсан аяғында бітетінін хабарлады.

Шымкент қаласындағы жөндеу жұмыстары жаздан бері аяқталмай келе жатқан №46 мектеп-лицейінің екі мыңдай оқушысы бар. Қазір олар өз мектептеріндегі құрылыс жұмыстары аяқталмағандықтан, қаланың әр ауданындағы төрт мектепке (№41, 43, 44, 24 мектептерге – ред.) бөлінген.

Қыс түсіп, күн суытқан сайын олардың, әсіресе төменгі сынып оқушыларының алыстағы мектептерге жетуі қиындай бастады. Оларды құрылыс жұмыстары бітпеген мектептерінің қасынан қалалық әкімдік бөлген автобустар алып кетеді. Одан кешіккендері қоғамдық көлікпен баруға мәжбүр.

«КҮТУДЕН БАСҚА ШАРА ЖОҚ»

Мектебінің пайдалануға берілуін күтіп жүрген 7-сынып оқушысы Жанардың (аты-жөні өзгертілді – ред.) айтуынша, жөндеу жұмысының қашан аяқталатыны туралы әр мұғалім әртүрлі айтады. Бірі «қысқы демалыстан соң бітеді» десе, екіншісі «келер жылдың қыркүйегіне шейін жалғасады» дейді.

− Күнде мұғалімдер осы мектептің алдынан автобуспен алып кетеді. Азап қой. Көбіне орын болмайды. Кейде өзіміз көшедегі автобуспен барамыз. Кейде әкем көлігімен алып барады. №44 мектептің өз оқушылары − бірінші ауысымда, біз екінші ауысымда оқимыз. Тек мектеп директоры басқа демесек, өз мұғалімдеріміз сабақ өтеді, − дейді Жанар Азаттық тілшісіне.

Автобус күтіп тұрған оқушылар. Шымкент, 24 қараша 2014 жыл.

Автобус күтіп тұрған оқушылар. Шымкент, 24 қараша 2014 жыл.

6-сыныпта оқитын Люба өз сыныбынан оқушылардың басқа мектептерге ауысып жатқанын айтады.

− Біздің сыныпта 31 бала оқитын. Қазір 25 бала қалдық. Қалғаны қаладағы басқа мектептерге ауысып кетті, − дейді Люба.

Ал 4-сыныпта оқитын немересін күнде мектеп ауласына алып келіп, автобусқа отырғызатын Зинаида Шерстюк:

− Амал қанша, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Желтоқсан айында аяқталады деп уәде берген. Күтуден басқа шара жоқ, − дейді.

Азаттық Шымкенттегі бұл мектеп-лицейдің оқу жылына дайын болмай қалғанын қыркүйектің басында да жазған еді. Сол кезде №46 мектеп-лицейдің директоры Анар Аманқұлова «Оқушылардың жаңа оқу жылында аталған мектептерде білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Оқушыларға өз мұғалімдері сабақ береді. Жөндеу жұмыстары үш айда аяқталса, оқушыларымызға өз мектебімізде білім береміз» деген еді.

Үш айдан кейін №46 мектеп-лицейіне қайта айналып соққан Азаттық тілшісі (қарашаның 24-і – ред.) құрылыс жұмыстарының бітпегенін, оқушылардың автобустарды жарты сағаттай жаңбыр астында күткенін көрді. Кейбір оқушылар құрылысы бітпеген мектептің дәлізін паналаса, кейбірі қарашаның қара суығында қолшатыр ұстап, жел мен жауын өтінде тұрды. Арнайы бөлінген 4 автобусқа оқушылардың сыймайтыны да, балалардың қысылысып, көбінің жеткенше тұрып баратыны да байқалды.

Ал №46 мектеп-лицей директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Қайрат Есеннің айтуынша, «жөндеу жұмыстарының бітуіне 20 күн қалған».

- Қазір жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Жылу берілді. Есік-терезе қойылып, сылақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Желтоқсанның 20-лары оқушыларды кіргіземіз деп отырмыз, - дейді ол.

Мектеп-лицейдің жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ентер» компаниясының жұмысшысы Базарбай Тасқынбаев «жөндеу жұмысын тексеріп алатын арнайы комиссияға да уақыт керек екенін» айтады.

ТЕНДЕР ДАУЫ

Жөндеу жұмыстары жазда басталған мектеп ғимаратының әлі күнге пайдалануға берілмеуіне дұрыс өткізілмеген тендер себеп болып отыр. Тендерден ұтылып қалған «Айди» құрылыс компаниясы сотқа жүгінген.

Шымкент қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Ерлан Пірімқұловтың айтуынша, Шымкент қалалық соты «тендер дұрыс өтпеген» деп тауып, мектеп ғимаратын жөндеуді бастап кеткен «Ақнұр строй» компаниясының жұмысын маусымның 18-і күні тоқтатуға үкім шығарады.

№46 мектеп-лицейінің бір кабинетінің қазіргі көрінісі. Шымкент, 24 қараша 2014 жыл.

№46 мектеп-лицейінің бір кабинетінің қазіргі көрінісі. Шымкент, 24 қараша 2014 жыл.

Дауға айналған тендерді Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасы қайта өткізіп, алдыңғы екі компания шеттетіліп, ғимаратты жөндеу құқығы «Ентер» компаниясына берілген. Енді күрделі жөндеу жұмыстарын «Ентер» аяқтайды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасынан тендердің неге дұрыс өткізілмегені туралы қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.

Тендер дауы кесірінен басқа мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болған оқушылар жауын-шашында дірдектеп, жаураған аяқтарын жерге қайта-қайта ұрып тұрды. Автобус есігін ашқанда таласып мінген олар көлік ішіне лық толды. Аяғынан тік тұрған оқушылар Азаттық тілшісіне қолдарын бұлғап бара жатты.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG