Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-сі «Биылғы алғашқы алты айда өңірде 157 әйел өзіне қол салмақ болды. 120 әйел тірі қалды, 37-сі қайтыс болды» деген хабар таратты. Облыста өзіне қол жұмсаған әйелдер 2015 жылдың сол мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға көбейген.

Тамыздың 8-і күні Шымкенттегі Абай саябағының маңында орта жастағы әйел өзін-өзі өртеп жіберген еді. Мұнан соң Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті (ОҚО ІІД) өңірдегі әйелдер суицидіне қатысты мәлімет жариялады. 2016 жылдың алғашқы алты айында өзіне қол жұмсаған 157 әйелдің 95-і 30 жасқа толмаған болса, 52-сі 35-45 жас аралығында, қалғаны 45-тен асқан.

ІІД мамандары бұл оқиғаларды талдағанда оның негізгі себептері «жүйке жұқаруы, жалғыздық, жұмыссыздық» болып шыққан. Ал психологтар «отбасылық» және «қоғамға бейімделе алмау» мәселелерін атайды.

«МЕН ЕНДІ ЖОҚПЫН» ДЕГЕН КЕЗДЕРІМ БОЛДЫ»

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Атакент ауылы тұрғыны, 37 жастағы Ақерке Жансерікованың (аты-жөні өзгертілді – ред.) күйеуімен ажырасқанына екі жыл болған. Бес баланың анасы ерімен отасқан 19 жылда «өмірден түңіліп кеткен кездері болғанын» айтады.

Қазір дәмханада аспаз болып жұмыс істеп, бес баласын жалғыз асырап отырған Ақеркені «17 жасында ауылдасы алып қашқан».

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

- Барған соң қайтіп келе алмадым. Алғашқы жылдары ата-енемнің қолында тұрдық. Екінші баламды туғанда еншімізді берді, - дейді ол.

Ол «бөлек шыққан соң күйеуінің күзетші болып жұмысқа орналасқанын» айтады. Ері «алғашқы айлығын алғаннан-ақ арақ ішкен».

- Қызғаншақ еді. Ешкіммен араласқанымды қаламайтын. Төрт қабырғадан шықпай отыратын болдым. Сонда да ішіп келіп бала-шағаммен үйден қуып шығады да, есін жиған соң кешірім сұрайтын, - дейді ол.

Ақерке Жансерікова «отбасындағы ұрыс-жанжал көбіне жоқшылық пен ішімдіктен шығатынын» айтады.

- Бір күні ішіп келіп, үш жасар кішкентайымызға қарамай тағы үйден қуды. Дала аяз еді. Үлкен ұлым мен қызым «Шаршадық. Қашанғы қиналасың» деп үйден алып шықты. Көрсеткен қорлығы сүйегімнен өтті. Өмірден түңіліп, «мен енді жоқпын» деген, тіпті онымен төбелескен кезім болды. Ажырасып кетсем де кейде жұмысыма келіп, аузына түскен былапытты айтып кетеді, - дейді көзіне жас іркілген Ақерке Жансерікова.

Қазір оның 19 жастағы тұңғыш ұлы әскерде қызмет атқарып жатыр, 17 жастағы қызы – студент. Кішкентай үш баласы – әке-шешесінің тәрбиесінде.

СУИЦИДТІҢ ТАМЫРЫ

ОҚО ІІД аға инспекторы Алма Серғазиеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, «полиция қызметкерлері әйелдер жасаған суицид оқиғаларына арнайы талдау жасаған».

"Ана үйі" келіншектердің дағдарыс орталығында баласын қарап отырған әйел. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"Ана үйі" келіншектердің дағдарыс орталығында баласын қарап отырған әйел. Шымкент, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

- Суицид жасаудың негізгі себептері анықталып отыр. Алғашқы себептері ретінде жүйке жұқару, жалғыздық, экономикалық және қаржылық қиындықтар мен жұмыссыздықты атай аламыз, - дейді инспектор.

Ал облыс орталығы Шымкентте тұратын клиникалық психолог Абылайхан Рысдәулет суицидтің себебін түсіндіру үшін мамандардың тұлғалық және әлеуметтік себептерді қарастырып жүргенін айтады. Психолог «қазір Қазақстандағы психологиялық ахуал мен психикалық денсаулық нашар болғандықтан» әлеуметтік бағытқа көбірек назар аударуға шақырады. Оның сөзінше, суицид "аутодеструктивті мінез-құлық" ретінде адамның өз ортасына бейімделе алмауынан да, я болмаса қарсы шығуынан да пайда болады.

- Бұл - әлеуметтік-психологиялық дезадаптация нәтижесі, екінші жағынан қоғамға деген қарсылық реакциясы. Түп-тамыры қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси, идеологиялық факторларда жатыр. Мұқтаждық, мақсат пен мүмкіндіктің сай келмеуі, кедейлік, келешекке сенбеу - барлығы да адамның өмірден түңілуіне әкеледі. Созылмалы әрі терең күйзелістің соңғы нүктесі – суицид, - дейді психолог.

Суицидке оқталған әйелдерге кәсіби көмек көрсететін психолог Бахыт Дастанқызы «әйелдердің эмоцияға бейім» екенін, олардың ішкі күйзелісін көбінесе «жылау, ыдыс-аяқты сындыру арқылы шығаратынын» айта келе:

- Өзіне қол салатын адамның мінезі тұйық келеді. Әйелдердің суицидке баруына отбасылық және материалдық тұрақсыздық себеп болады. Қазір адамдар агрессивті, - деді.

Ол орта жасқа келген әйелдердің суицидке «жалғыздықтан баратынын», өйткені «өзіне есеп берген кезде күйзеліске түсетінін» айтады.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

ОҚО ІІД аға инспекторы Алма Серғазиеваның айтуынша, Тамыздың 8-і күні Шымкентте өзін-өзі өртеген 45 жастағы әйел бұрын тұрмыс құрмаған болып шыққан. Қаладағы базарлардың бірінде көкөніс сатқан Дильбар Тұрымбаева тамыздың 9-ы күні ауруханада қайтыс болды. «Жалғыздықтан жүйкесі сыр берген болуы мүмкін» деген болжам жасап отырмыз» дейді аға инспектор. Ал отбасылық өмірінде күйеуінен жәбір көрген Ақерке Жансерікова «қазір өзін балаларына қарап қана жұбатады».

- 19 жылым босқа кеткені жаныма батады. Қазір менің алға қойған жоспарым да жоқ. Жоспар құруға мұршам да жоқ, - дейді ол.

Абылайхан Рысдәулет мұндай күйзелісті күйден шығудың бірнеше жолын ұсынады. Мысалы, тұрмыстық психологтардың көмегіне жүгіну, интернет арқылы кәсіби психологтардан кеңес алу, арт-терапияны қолданып көру, жеңіл спорт түрлерімен шұғылдану және серуенге шығып тұру.

Былтырғы жылдың алғашқы алты айында Оңтүстік Қазақстан облысында 107 әйел өзіне қол жұмсаған. Оның 78-і аман қалса, 29-ы қайтыс болған. Өңірде 2 миллион 851 мың адам тұрады. Оның 1 миллион 428 мыңы – әйелдер. Облыс әкімдігі ресми сайты ақпараты бойынша, облыс халқының 5,1 пайызы жұмыссыз, мұндағы орташа жалақы көлемі – 88 мың теңге.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG