Accessibility links

Шымкентте 364 үй жарықсыз, сусыз отыр


Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайының жарықсыз, сусыз қалған тұрғындары. Шымкент, 14 қазан 2015 жыл.

Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайының жарықсыз, сусыз қалған тұрғындары. Шымкент, 14 қазан 2015 жыл.

Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайы тұрғындары «екі апта жарықсыз, сусыз отырғандарын» хабарлады. Ал әкімдік өкілі мұның «саяжай кооперативі дауы» екенін, «араласа алмайтындарын» айтады.

Шымкенттен 10 километр жердегі Қайнарбұлақ саяжайы қалаға қарайды. Ал саяжайда құрылған «Пресс тұтыну» кооперативіндегі 364 үйдің тұрғындары «қазанның 1-інен бері жарықсыз және ауызсусыз отырғандарын» айтады.

«ЖАҢБЫР СУЫМЕН ОТЫРМЫЗ»

Азаттық тілшісі Қайнарбұлақтағы «Пресс тұтыну» кооперативіне барғанда асфальтсыз көшелер езіліп, сазға бөгіп жатты. Тұрғындар, әсіресе, мектепке жаяу бара жатқан оқушылар лай кешіп, батпақтап әрең жүр.

Күздің қара суығында жұпыны үйлер де сүреңсіз көрінеді. Тұрғындардың аяғында мәсі-кебіс, көбі керзі етік киген. Әр жерден, үй шатырларынан түтін будақтайды. Азаттық тілшісі тұрғындардың бір-бірінен «жарық, су келді ме?» деп сұрап жатқанын естіді. «Бала мектептен қалды. Киімін жуа алмадым» дегендері де болды.

Күлайна Сәбденова отбасында төрт студент пен үш оқушы бар. Оның айтуынша, балалары қазір сабаққа шырақпен дайындалып жүр.

- Жарықсыз отырмыз. Тоқ болмаса, су да болмайды бізде. Су тоқпен шығады. Ыдыс пен киімді жаңбыр суымен жуып отырмыз. Ал ішерге үш көшеден кейінгі басқа кооперативтен су тасып жүрміз, - деді ол.

Ал Рабиға Сатыбалдиева - 1-топтағы мүгедек. Жалғызілікті әйел «жүрегім қысылып, құлап қалсам, дәрігер шақыра алмай қалам ба деп қорқам» дейді.

-Тіпті телефон қуатын толтыра алмай отырмын. Су тасып беретін адамым да жоқ. Түнде қысылып, телефон өшіп қалса, дәрігерді қалай шақырам? - дейді тұрмыс қолайсыздығынан наразы науқас әйел.

Тұрғындар шағымы:

Ол электр қуаты ақысын үзбей төлеп келе жатқанын айтады. «Қарызсыңдар деп жарықты өшірді. Сонда біз төлеген ақша қайда кетті? Екі адам екі жақтан [кооператив] «кассасын» ашып алды да, енді есебін шығара алмай отыр. Бірақ түбіртегіміз бар» дейді Рабиға Сатыбалдиева.

Ал Күлайна Сәбденованың сөзінше, «кооператив белсенділері екіге бөлініп, ақшаға иелік етуге таласып, кесірінен ел жарықсыз қалған».

- Мысалы, мен электр қуаты ақысын кезінде кооператив басшысы болып сайланған Мұрат Тиляевқа төледім, - дейді ол.

ҮШ «КАССА»

«Кооператив билігіне екі адам таласып, 2014 жылы сәуір айында бұрынғы «кассаның» үстіне екінші «касса» ашылғанын» саяжайдың басқа тұрғындары да растады. Содан бері әркім өзі сенген тарапқа ақша төлеп келген. Алайда осы айдың басында тұрғындардың электр энергиясына қарызы жиналып келіп, 200 мың теңгеге таяғаны хабарланған. Бірақ кейбір тұрғындар соңғы айдың да ақшасын төлегендерін айтады. Зейнеткер Галина Будекова:

- Кім, қашан, қайда төлегені туралы қолымызда түбіртек бар. Тәуелсіз адам келіп, барлығын (екі «кассаны» айтады – ред.) есептеу керек, - дейді.

"Пресс тұтыну" кооперативі тұрғындары ашқан "үшінші касса". Шымкент, 14 қазан 2015 жыл.

"Пресс тұтыну" кооперативі тұрғындары ашқан "үшінші касса". Шымкент, 14 қазан 2015 жыл.

Осыдан кейін кооператив тұрғындары екі жаққа да күмәнданып, араларынан тәуелсіз есепші шығарып (үшінші касса - ред.), қазір қарыз ақшаны жинауға тырысып жатыр.

Азаттық тілшісі кооперативтегі бұрынғы екі «касса» иелеріне хабарласуға тырысты. Тұрғындардың айтуынша, «жарық өшіп, су тоқтағалы кооператив төрағасы Мұрат Тиляев те, екінші «кассаны» ашып, тұрғындардан ақша жинаған Наталья Абдирахманова да үйінен табылмайды». Азаттық тілшісін ертіп апарғанда да, олар үйлерінде болмай шықты. Тілшіге «Пресс тұтыну» кооперативі төрағасы міндетін атқарушы Мұрат Тиляевпен телефонмен сөйлесудің ғана сәті түсті.

- Барлық жерге кооператив атынан кім ақша жинауға құқылы екенін жазып, хабарлама ілдік. Бұрын Наталья Абдирахманова деген зейнеткер бас болып, 4-5 әйел басшылыққа таласты. Кесірінен жарықсыз қалдық, - деді ол.

Тиляевтің сөзіне қарағанда, бұрынғы төраға оны орнына қалдырған, енді ол «міндетін атқаруы тиіс». Сондықтан да «Қыркүйек айында тұрғындардан түскен 230 мың теңгені өз жалақысын да ұстап қалмастан апарып, электр қуатына төлеген». Екінші «кассада» қанша ақша жиналғанын ол білмейді.

Мұрат Тиляеев «тұрғындар дауыс беріп, өздері құрып алған үшінші «касса» арқылы электр қуаты қарызын төлеген жағдайда да, ақшаны бірнеше «касса» құрып жинау заңсыздық» дейді. «Пресс тұтыну» кооперативі есепшісі Людмила Совенко қарыздың 196 650 теңге екенін айтты. Ал Наталья Абдирахмановамен хабарласу мүмкін болмады.

«ӘКІМДІК АРАЛАСА АЛМАЙДЫ»

Шымкенттің Қаратау ауданы әкімі Ғалым Исмаиловтің айтуынша, жергілікті билік «Пресс тұтыну» кооперативі тұрғындары жарықсыз, ауызсусыз отырғанынан хабардар, бірақ «жасайтын амалы» жоқ.

- Кооперативте екі бастық бар. Өзін-өзі сайлап алған. Бір жылдан бері соттасып жүр. Қазақстан заңы бойынша кооперативтің ішкі мәселесіне әкімдіктің араласуға құқығы жоқ, - дейді аудан әкімі.​

Қайнарбұлақтан түсірілген фотогалерея:

Ғалым Исмаиловтің айтуынша, Қайнарбұлақ саяжайына жаңа ауызсу құбыры, қаладан баратын электр желісі тартылып жатыр. «Жыл соңына дейін тартылып бітеді». Саяжайға жарық беріп отырған «Энергопоток» ЖШС қызметкері Лилия Нұрлыханова «Пресс тұтыну» кооперативінің қарызы 190 284 теңге екенін айтып, «жарық осы қарыз кесірінен сөндірілді» деді.

Ал Күлайна Сәбденова «Жарық жоқ – балалар сабағын дұрыс қарай алмай жүр. Апайлары сабақ үлгерімі нашарлап бара жатқанын айтты» дейді.

Азаттық Қайнарбұлақ саяжайының апталап жарықсыз, сусыз қалатынын бұдан бір жыл бұрын да жазған еді. Ол жолы әкімдік өкілдері тұрғындар проблемасын «ондағы инфрақұрылымның бәрі - жекеменшік, әрі ескірген» деп түсіндірген болатын.

Қазақстанның «Тұтыну кооперативі» туралы заңында кооперативтердің коммерциялық емес ұйым екені, жұмысына мемлекеттік органдардың заңда көрсетілген жағдайлардан басқа кездерде араласа алмайтыны жазылған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG