Accessibility links

Кеңқияқ пен Шұбаршиде полициямен қақтығыста қаза тапқандар жерленді


Арнайы операцияда қаза тапқан Тоқтарбек және Ақылбек Мәмбетовтердің анасы Шолпан Маханова. Шұбарши ауылы, Ақтөбе облысы. 11 шілде 2011 жыл.

Арнайы операцияда қаза тапқан Тоқтарбек және Ақылбек Мәмбетовтердің анасы Шолпан Маханова. Шұбарши ауылы, Ақтөбе облысы. 11 шілде 2011 жыл.

Шұбарши, Сарыкөл және Кеңқияқ ауылдарында екі полиция қызметкерін өлтіргендерге қарсы арнайы операция барысында қаза тапқандар жерленді. Бір ауылдан екінші ауылға ағылған жұрт қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып жатты.


1 шілдеде Ақтөбе облысының Темір ауданында екі полиция қызметкерін өлтіріп, тағы бірнешеуін жаралаған қарулы топқа қарсы арнайы операция басталған еді. 8 шілде күні атыстан 8 адам қаза тапқан. Билік олардың барлығы «дінді жамылып, мұнай ұрлаумен айналысқан» топ құрамында болғанын мәлімдеді. Ресми мәліметтер бойынша, топ Сарыкөл, Шұбарши және Кеңқияқ ауылының тұрғындарынан құралған.

Қаза тапқандарды жерлейтін 11 маусым күні Ақтөбеден Шұбарши ауылына кіретін жолдарға беренді кеудеше киіп, автоматтармен қаруланған күзет қойылып, бақылау күшейтілді. Жолаушылардың жүктері мен құжаттарын тексеріп, қайда және не себеппен бара жатқандарын сұрады.
Арнайы операция кезінде атылған оқтар. Кеңқияқ ауылы, Ақтөбе облысы. 10 шілде 2011 жыл.

Ауылға кіре берісте шатырлар тігіліп, отын дайындалды. Қазандарда ет асылып, бауырсақ пісіріліп жатты.

ЖЕРЛЕУ КҮНІ

Қаладан бірінші болып ағайынды Мейрамбек және Мейірбек Ибраевтардың сүйектерін әкелді. Туыстарының айтуынша, Мейірбек Кеңқияқтың шетіндегі сарайда күдіктілермен бірге жасырынған ағасы Мейрамбекке тамақ апарғанда оққа ұшқан.

- Ұлым ол жерге кездейсоқ барып қалған. Бұған дейін үйде болған, оны көп адам көрген, - деп жылайды бес баланың анасы Сәуле Ибраева.

Ибраевтардың туыстары тонналап мұнай өндіретін мұнайға бай мемлекетте халықтың кедей тұратынын, жастардың кедейшілікте өсіп жатқанын айтып наразылық білдірді.

- Мұнда соғыс жүріп жатыр, ал Астанада президент той жасады. Екінші Шешенстан шықпауы керек. Бөтен полиция келеді де жымқырады, діндарларды қорлайды, бір жылдың ішінде көлік сатып алады. Оны қандай ақшаға сатып алады? Жергілікті тұрғындардың ешқайсысы қызмет сатысында жоғарылай алмайды. Жоғарылайтындардың бәрі – сырттан келгендер. Олар бізге дөрекілік танытады. Мен құрбыларыммен бірге кедейшілікте өстім, ешнәрсе көрмедім. Біз өлместің күнін көріп жатырмыз. Бастықтардың бәрі мұнда, Ақтөбеде бір-бір коттедж салып алған. Міне, мұнайды кімдер ұрлап жатыр. Бұны барлық тұрғындар біледі, бірақ билік оны көргісі келмейді. Мен билікті жек көремін, - дейді Кеңқияқ ауылының Толқын есімді жас тұрғыны.

Өзінің аты-жөнін атамауды өтінген Шұбарши ауылының тұрғыны полиция қызметкерлерінің өліміне жандары ауырмайтынын айтты.

Арнайы операция кезінде алты адамды осы жерде атты. Кеңқияқ. 10 шілде 2011 жыл.
- Әрине, арнайы қызметтің сарбаздарына обал, олар өздерінің
міндеттерін орындады. Қаза тапқан полиция қызметкерінің бірі тұрғындар арасында «Бес литр» деген лақап атпен танымал жігіт еді. Ол жүргізушілерден ұдайы бес литр бензин алатын, пара алған. Мешітте намаз оқып тұрған намазхандарды артынан теуіп, кемсітіп, қорлап жүретін. Шыдамның да шегі болады. Сіз мұнда үш күн тұрып көріңізші, біздің қалай күн көріп жатқанымызды байқайсыз. Су жоқ, ауа ластанған, жастар жұмыссыз. Мұнай компаниясына жұмысқа тұру үшін 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін пара талап етеді. Теледидардан оларды мұнай ұрлады деп жатыр. Ал өлтірілгендердің барлығы қарапайым отбасынан шыққан. Біз балаларды уайымдадық, олардың өлетінін білдік. Бәріміз «олардың өлгендері жөн еді» деп тұрдық. Себебі тірі қалғанымен оларды бәрібір қинайтын еді, - дейді ауыл тұрғыны.

«ІШІМДІК ІШПЕЙТІН, ТЕМЕКІ ШЕКПЕЙТІН, НАМАЗ ОҚИТЫН» ЖІГІТТЕР

Ақтөбе облысы Темір ауданының Шұбарши ауылында 11 шілде күні таңертеңнен бастап Тоқтарбек пен Ақылбек Мәмбетовтардың туыстары олардың денесін Ақтөбеден қашан алып келетінін күтумен болды.

Ақтөбе облысы Темір ауданының Шұбарши ауылында арнайы жасақтың қарулы топты ұстау операциясы кезінде қаза тапқан Тоқтарбек пен Ақылбек Мәмбетовтардың туыстары ағайынды екеудің тәрбиелі, мектепте белсенді оқушылар болғанын айтады.

Тоқтарбек пен Ақылбектің анасы Шолпан Маханованың айтуынша, ұлы Тоқтарбек мектепте оқып жүргенде қоғамдық жұмыстармен айналысып, белсенді болған, жақсы оқыған әрі көпшілігі оны құрметтеген.

- Тоқтарбек мектеп президенті болды, оны оқушылардың өздері сайлады. Мектепке барып өзіңіз сұрасаңыз, кез-келген адам осылай деп айтады. Ішімдік ішпеді, темекі шекпеді, мейірімді болды. Еш жерде полицияның есебінде тұрған жоқ. Жұма күндері мешітке барып жүрді, бірнеше жыл бұрын намаз оқуды бастады, - дейді Шолпан Маханова.

Оның сөзіне қарағанда, 2005 жылы оның күйеуі қайтыс болып, әкімдік оның жұмыссыз ұлдарының бірін жұмысқа тұрғызған.

- Ұлым Тоқтарбек мұнай колледжін тәмамдап, Жаңажолдағы зауытқа оператор болып жұмысқа тұрған. Алғашында 35 мың, кейін 90 мың теңге алып жүрді. Біз жер үйде тұрамыз. Тінту басталғанда әскерилер едендерді бұзып, керегеден түсқағаздарды жұлып тастады. Үйді кеше ғана ретке келтірдік. Тіпті қызымның жасау-жабдығын да бұзды, ыдыс-аяқтарын сындырып тастады, - дейді Шолпан Маханова.
Нұрлыбек Өркешбаев арнайы операция кезінде өлтірілген бұзауының қасында тұр. Кеңқияқ. 10 шілде 2011 жыл.

«ШКАФҚА ЖАСЫРЫНДЫҚ»

Кеңқияқ ауылының тұрғыны Нұрлыбек Өркешбаев өзінің 8 шілде күні жұмыстан үйіне келіп, үй киімін киеді де, ұсақ-түйек шаруасын атқаруға ауласына шығады.

- Әйелім де бақшаға шыққан. Қарасам, арнайы жасақтың төрт сарбазы тұр. Олар бізге «үйге кіріңдер» деді. Сосын атыс басталды. Түні бойы атыс болып, ұрыс жүрді. Полиция бөлімшесіне бізді құтқаруды сұрап телефон шалумен болдық. Бірақ ондағылар «шыдаңдар» деп жауап берді. Кезекші өзінің аты-жөнін айтпады. Егер әпкем полицияға қоңырау шалып, шу көтермегенде біз өліп кетер едік, - дейді Нұрлыбек Өркешбаев.

Оның әпкесі Айгүл Әкімгереева өзінің полицияға қалай телефон шалып, көмек сұрағаны жайлы былай дейді:

- Кезекшіге бәрін айтып, туыстарымды құтқаруды сұрадым. Ол үйде 21 маусымда туған омыраудағы нәресте барын айттым. Бауырымның ұялы телефонына үзбей хабарласып, дем беріп отырдым. Бәрінің аяқталатынын айтып, тыныштандырып бақтым. Түн ішінде көршілерінің бірі үйдің өртеніп жатқанын айтты. Мен қорыққанымнан жылап жібердім. «Туыстарым өртеніп кетті» деп ойладым. Тек таңғы сағат жетіде оларды құтқарып алды. Алайда бауырымды әскерилер ұрып-соғып тастаған.

Нұрлыбек Өркешбаевтың сөзіне қарағанда, ұрыс таңғы сағат төртке дейін
Нұрлыбек Өркешбаев атыс кезінде әйел-балаларын жасырған шкафты көрсетіп тұр. Кеңқияқ. 10 шілде 2011 жыл.
созылыпты. Аздаған үзілістен кейін қайтадан атыс басталған.

- Әйелімді балаларыммен бірге шкафқа жасырдым. Өзім төсектің астына
тығылдым. Барлық жиһаздар мен қабырғаны оқ тесіп тастаған. Еденде жарылыстан үлкен шұңқыр пайда болды. Шатырдан сарбаздардың қалай жүгіріп жүргені естіліп тұрды. Тек ұрыс басталғаннан кейін он сағаттан соң арнайы жасақ терезеден алдымен әйелім мен балаларымды, сосын мені шығарды. Мені бірден етпетімнен жатқызып, қолыма кісен салды. Сосын арнайы жасақ бір сағаттай артымнан тепкілеп, қылқындырып, уаххабит екенімді мойындауымды талап етті. «Құлақ шекеңнен атып тастаймын» деп қорқытты. Кім екенімді анықтаған соң сарбаздардың бірі күліп жіберді де, сиырымның өлгенін айтты, - дейді Нұрлыбек Өркешбаев.

Нұрлыбек Өркешбаев атыс кезінде өзінің бұзауы, құстары өліп қалғанын, ал сиырының жараланып, сарай орнында үлкен шұңқыр пайда болғанын айтады. Жарылыстан көршілерінің техникалары жанып кеткен. Үйлерінің терезелері сынып, керегелері оқтан шұрқ тесік болып қалған.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, өлген алты адамның денесі трактор күрегінің астынан, екеуі соған жақын жерден табылған.
Нұрлыбек Өркешбаев атыс орнын көрсетіп тұр. Кеңқияқ. 10 шілде 2011 жыл.

Ал ең соңында қаза тапқан Қуаныш Әлімбетовті бағананың жанында аңшы мылтығымен атып тастаған. Ағаштан кеуіп қалған қан мен дене бөлшектерінің дағы әлі де көрініп тұр.

ШҰБАРШИДЕГІ МЕШІТТІ ЖАУЫП ТАСТАУЫ МҮМКІН

Шұбарши ауылдық округінің әкімі Роза Сатанова атыс кезінде үй-жайы, малдары зардап шеккен тұрғындарға жергілікті билік тарапынан көмек берілетінін айтты.

- Иә, тұрғындар зардап шекті. Бүгін аудандық комиссия құрамыз, оның құрамына сәулет басқармасы, БТИ өкілдері енеді. Шығын көлемін анықтап, материалдық көмек көрсетеміз, - дейді Роза Сатанова.

Шұбарши ауылында мешітті жабу мәселесі талқыланып жатыр. Оны шағын ғана мұсылман қауымының жетекшісі, екі жыл бұрын Арқалық түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Азамат Кәрімбаев салған.

- Шұбаршиде имам болған. Біз оған жағдайын жасап бергенбіз. Соңғы уақыттары оны байқамадық, сірә, кейінгі күндердегі жағдайлар әсер еткен болуы керек. Мен Шұбаршидегі мешіттің жабылуына қарсымын. Мешітті тұрғызып алды, енді оны бұзбақшы, себебі неде? Халыққа мен не деймін? Мешіт әділет органдарында ресми түрде тіркеуден өткен. Оған өзі парасатты және түсініксіз сұрақтарға нақты, дұрыс жауап бере алатын білімді имам қажет. Әйтпесе, Құранды екі адам оқитын болса, екеуі екі түрлі түсіндіреді. Ресми бір түсініктеме болуы керек қой, - дейді әкім Роза Сатанова.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG