Accessibility links

«Наурыз» айтысы: Біржан мен Қанат


Біржан Байтуов. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Біржан Байтуов. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Наурыздың 15-16 күндері Шымкент қаласында екі күнге созылған республикалық «Наурыз» айтысы өткен болатын. 2004 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан айтыс биылғы жылы Төле бидің 350 және Абылай ханның 300 жылдықтарына арналды.

Айтыстың екінші күні Оңтүстік Қазақстан облысының айтыскер ақыны Біржан Байтуов пен алматылық Қанат Мырзахан сөз сайыстырды.

Сөз бастаған Біржан Байтуов «патшаға елді қарсы қойғыш бисымақтарды» сөз етті:

– Ал енді бүгінгі бисымақтар,
Айтқан сөзі ісіне неге бөтен.
Патшаға елді қарсы қойғыштардың,
Жинағаны арзан бедел екен.
Бірлігіңді бүлдіргіш білгіштерің,
Тірлігіңе не пайда берер екен.
Ізгіліктен айрылған бұл қоғамға,
Төле бидей әділ би керек екен.

Республикалық айтысқа енді ғана шығып жүрген Қанат Мырзахан қарсыласының «көзің қысық» деген сөзіне мынандай уәж келтірді:
Қанат Мырзахан, айтыскер ақын. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Қанат Мырзахан, айтыскер ақын. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.


– Қаншама ел билеген басшылар бар,
Құлқыны мен нәпсісін жеңе алмайтын.
Тақ үшін тақсырларға тағзым етіп,
Ал халқы үшін көңілін бөле алмайтын.
Ел-жұрты аш-жалаңаш жатқан кезде,
Сәл де болса сәулесін төге алмайтын.
Сен болсаң «қысық көз» деп мені айтып,
Таныттың-ау тарылтып, өреңді айқын.
Мені емес, мықты болсаң, төрелерді айт,
Халқына жан жылуын бере алмайтын.
Көздері бақырайып тұрса дағы,
Халқының мүшкіл халін көре алмайтын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG