Accessibility links

Блогшылар құрылтайы биыл Шымкентте өтті


Блогкэмпке келген жастар. Шымкент, 23 наурыз 2013 жыл.

Блогкэмпке келген жастар. Шымкент, 23 наурыз 2013 жыл.

Наурыздың 23-24-і күндері Шымкент қаласында болған "Блогкэмп-2013" құрылтайында блогшылар тәжірибе алмасып, "стартаптар байқауын" ұйымдастырды.

Жоғары технология саласындағы жаңа жобалар - стартаптар (start-up - ред.) байқауында жеңіп шыққан азаматтар жобаларын шынайы жүзеге асыратын болды.

БАЙҚАУ

Биыл үшінші мәрте өткен блог-құрылтайда алғашқы үш орын алған үш жоба иесіне жобаларын жүзеге асыру үшін 100 мың теңгеден сыйақы берілді.

Бірінші орынды - дәстүрлі әндерді тыңдағысы келетін интернет-қолданушыларға арналған "Жауһар" жобасының иесі Амангелді Сейітхан иеленді. Екінші орынды Елдар Құдайбергеннің "блогшыларға ақша табуға мүмкіндік беретін" tumbl.kz жобасы алды. Үшінші орын оқушы Алтынай Серікбаеваның Атырау қаласы туралы ақпараттық-танымдық talgam.kz жобасына берілді.

Стартаптар байқауының бірінші жүлдесін алған интернет-жобаның авторы, айтыскер ақын Амангелді Сейітхан жобасының идеясын өлеңмен таныстырды.



АЗАМАТ БОЛУ САЙЛАУДА ДАУЫС БЕРУ ҒАНА ЕМЕС

Блогкэмпте таныстырылған тағы бір қызықты жобалардың бірі - mygov.kz жобасы болды.

Блогшы Амангелді Қалыбектің түсіндіруінше, бұл жобаның мәні - мемлекет қаржысынан Шымкентте жүзеге асып жатқан жобаларға азаматтық бақылау орнату.

Шымкентте жаңбыр кезінде көшелердің көлшікке айналуы, тендер ұтып алған компаниялардың жұмыстарын жүрдім-бардым орындауы сияқты әдетке айналған мәселелер бар екенін айтқан блогшы оларды өзінің жобасы арқылы шешпек.

- Қалалық деңгейде азаматтар өз мүддесін қорғай алмайды. Азамат болу тек сайлауда барып дауыс беру ғана емес, сонымен қатар өз қалаңдағы, өз көшеңдегі тесік-шұқырларды бітеуге атсалысу, - деді Амангелді Қалыбек.

Стартаптар байқауында ата-аналарға онлайн арқылы балаларының үлгерімін көріп отыру, оқушы сабаққа бара алмай қалса онлайн арқылы түсіндіру т.б. жағдай жасайтын educenter - электронды білім жүйесі жобасы таныстырылды.
Kazakhsoft компаниясының өкілі Әди Тайыр. Шымкент, 23 наурыз, 2013 жыл

Kazakhsoft компаниясының өкілі Әди Тайыр. Шымкент, 23 наурыз, 2013 жыл


​Сонымен бірге пікір жазушылары сурет, видео қоя алатын арнайы сайт ашу идеясы да айтылды.

Идея авторы Kazakhsoft компаниясының өкілі Әди Тайырдың айтуынша, "бұл Қазнетте тек мәтін арқылы пікірін жазатын комментшілер үшін өте маңызды".

"БЕЙРЕСМИ" КЕЗДЕСУ

Блогкэмп - еркін форматтағы блогшылардың бейресми кездесуі. Іш пыстыратын ресми конференциялардан айырмашылығы - оның арнайы ұйымдастырушысы жоқ. Кездесуді қатысушылардың өздері ұйымдастырып, жүргізіп отырады.

Алайда биылғы блогкэмпте ресми жиындардың элементтері көп болып шықты. Шараны өткізуге Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі қолдау көрсеткендіктен бір топ көмекшілерімен бірге келген облыс әкімінің жарты сағат сөз сөйлеуі ресми жиындарды елестетті.

Жиында тек алдын-ала белгіленген спикерлер ғана сөйлеп, өзге блогшыларға жыл сайынғы презентация жасау мүмкіндігі де берілмеді.
Блогкэмпке келген блогшылар. Шымкент, 23 наурыз, 2013 жыл

Блогкэмпке келген блогшылар. Шымкент, 23 наурыз, 2013 жыл


Блогшылардың пікірінше, блогкэмптің ресми жиынға ұқсап кетуінің басты себебі - блогкэмптің аймақтарда өтуі, блогкэмп форматын көпшіліктің түсінбеуі.

- Блогкэмптің аймақта өтуінің артықшылығы - жаңа блогшылардың пайда болуына ықпал етеді. Блогтың не екенін түсіндіру, интернет сауаттылықтың артуы сияқты мәселелерге оң ықпалы бар. Ал кемшілігі - блогкэмпте ұйымдастыру жағынан кемшіліктер туындап жатады. Оның форматын көбісі түсінбей жатады. Биылғы блогкэмп конференцияға ұқсап кетті. Сондықтан келесі жылдан бастап бұрынғы форматқа қайта көшсек деп ойлаймыз, - дейді блогшы Айжан Құлмұхамбетова.

Ал веб-бағдарламашы, блогкэмпті ұйымдастырушылардың бірі Ілияс Бурхановтың ойынша, блогшылар жиынының аймақта өтуі әлдеқайда тиімдірек.

- Бұл блогшылар санының көбеюіне ықпал етеді. Сүйтіп, сан бірте-бірте сапаға айналады. Блогкэмптің қандай форматта өтуі маңызды емес. Ол ресми өте ме, бейресми өте ме, бастысы - қазақтілді контенттің дамуына ықпал етсе болғаны, - дейді Ілияс Бурханов.

Шымкентте басталған блогкэмптің екінші күні қала маңындағы "Бәйшешек" лагерінде жалғасты. Мұнда блогшылар арасында спорттық ойындар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылды.

Қазақ блогшыларының блогкэмп жиыны тұңғыш рет 2011 жылы Алматыда, ал 2012 жылы Астанада өткен еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG