Accessibility links

10 балалы отбасы Жаңа жылды тағы да бөтен үйде қарсы алмақ


Дәрібаевтар отбасы Шымкенттегі бір бөлмелі пәтерде әлі уақытша тұрып жатыр. «Ана даңқы» ордені бар ана балаларының ауруға шалдыққанын үйсіздіктен көреді.

Шымкенттегі Ынтымақ шағын ауданындағы бір бөлмелі пәтерде уақытша тегін тұрып жатқан 10 балалы ерлі-зайыптылардың – Қайырбек пен Қарлығаш Дәрібаеваның кішкентайлары мәз-мейрам болып, Жаңа жыл мейрамын күтіп жүр. Әлі мектепке бармайтын балалар тақпақтарын жаттап, Аяз ата мен Ақшақардың сыйлығын тосып отыр. Балалардың ересектері – алды 10-сыныпта оқитын ересек қыз балалар бөгде адамның көзінше үйге кіруге қысылып, аулада жүр.

«ӘР БАЛА ӨЗ НЕСІБЕСІМЕН ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ»

Азаттық тілшісі балалардың әкесі Қайырбек Дәрібаевты көре алмады – ол кісі жұмысқа кетіпті. 10 баланың анасы, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегері, 37 жастағы Қарлығаш Дәрібаева еншісін алып, қалаға көшіп келген 15 жылдан бері үйсіздіктен көрген қиындықтарын айтты.

Қарлығаш Дәрібаева мен балалары. Шымкент, 30 желтоқсан 2015 жыл.

Қарлығаш Дәрібаева мен балалары. Шымкент, 30 желтоқсан 2015 жыл.

– Әр бала өз несібесімен дүниеге келеді. Тоғызыншы балам туғанша жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Үш жыл болды, мына үйде тегін тұрып келеміз. Балаларым кішкентай кезінде қиындықты білмейтін едік. Күйеуім қара жұмыс істесе де, қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін болатын. Енді қыздарым бойжеткен сайын, олар тар үйде қысылып, тұрмысымыздан ұялған сайын жаным ауырады, – дейді Қарлығаш Дәрібаева.

Дәрібаевтар отбасы уақытша тұрып жатқан пәтерде ауыз су жоқ, газ құбырын «қарызына бола қиып кеткен», электр жарығы ғана бар. Бірақ Қарлығаш Дәрібаева үш айдан бері жаққан электр ақысының бағасы жазылған төлем түбіртегі келмегенін айтып уайымдайды.

– Жарыққа төленетін қарыздың қаншаға жеткенін білмейміз. Өткенде үй салқын болғанда пеш қостық. Көбейген болуы керек. Қарыз көп болса қиып кететіні бар еді. Төлей алмай, жарықсыз қалмасақ болғаны, – дейді ол.

«ЖҰРТ КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР»

Қарлығаш Дәрібаева Азаттық сайтында 16 желтоқсанда жариялаған «10 балалы үйсіз отбасы бір бөлмелі суық пәтерде тұрып жатыр» деген мақаласынан соң көмек беруге ниетті адамдар жиі келе бастағанын айтады.

Қарлығаш Дәрібаева уақытша тұрып жатқан бір бөлмелі пәтер. Шымкент, 5 желтоқсан, 2015 жыл

Қарлығаш Дәрібаева уақытша тұрып жатқан бір бөлмелі пәтер. Шымкент, 5 желтоқсан, 2015 жыл

– Бір апта бұрын бір кісі келіп, үйді жылытатын пешке газ қосып берді. Үш айға жететін газ баллонының да ақшасын берді. «Бір амалдап қыстан шығып алыңыздар» деді. Қазір үйіміз жылы. Әлі күнге адамдар шама-шарқы келгенше азық-түлік, жеміс-жидек, көрпе-төсек, балаларыма жаңа жылға сыйлық әкеліп, қуантып кетеді. Өткенде бір кісі бірнеше жәшік жеміс-жидек алып келді, – дейді Қарлығаш Дәрібаева.

Ол Азаттықтың мақаласынан кейін жергілікті әкімдік қызметкерлері де келіп, отбасының жағдайын тағы бір рет көріп, «көмектесеміз» деп кеткенін де еске алды.

– Мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекті алмайды емеспіз – аламыз. Айына 50 мың теңге шамасында әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Күзетші болып жұмыс істейтін күйеуім айына 40 мың теңге табыс табады. Бірақ 12 жанға бұл ақша түк болмайды. Тамақтан артылмайды. Киімін айтпай-ақ қояйын, мектепке баратын 7 баламның дәптер-қаламын түгендеуге жетпейді, – дейді көп балалы ана.

Қарлығаш Дәрібаева қазіргі уайымы – балаларының денсаулығы. Оның айтуынша, салқын пәтерде құлақтарына суық тиіп, естімей қалған балаларын тексертіп емдетуге ақша жоқтығы қолбайлау.

Қарлығаш Дәрібаеваның 5 айлық баласы ұйықтап жатыр. Шымкент, 5 желтоқсан 2015 жыл.

Қарлығаш Дәрібаеваның 5 айлық баласы ұйықтап жатыр. Шымкент, 5 желтоқсан 2015 жыл.

– Мұндайда ауруға шалдыққан балаларымды қайдан емдетемін. Құлағы естімей қалған Үмітіме (жетінші қызын айтады – ред.) жаным ашиды. Екі метр жерде тұрып құлағынан шыққан иісті сеземін. Жаным ауырады, – дейді көзіне жас алған ана.

Жергілікті әкімдіктен жарты жыл бұрын «тұрмыстық жағдайыңызды ескере отырып, пәтер мәселесін 2015 жылы шешіп береміз» деген хат алғанын айтқан Қарлығаш Дәрібаева ол уәденің орындала қоярына иланбайды.

Шымкент қаласы әкімдігі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Құдайбердіқызының Азаттыққа бұған дейін айтуынша, Қарлығаш Дәрібаева көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегіне 2012 жылы тұрған.

– Бүгінде әлеуметтік әлсіз топ ретінде тіркелген Қарлығаш Дәрібаеваның реттік нөмірі – 2721. Қалада 1145 адам көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұр. Кезекке тіркелген адамдар пәтерді кезек ретімен алады. Тек Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жетімдер ғана кезектен тыс алады, – деген әкімдік өкілі.

Әкімдік мәліметі бойынша, Шымкент қаласында жиыны 20 мың адам тұрғын үй кезегінде тұрады. Қалада «қазір пәтер иелену кезегі келгендер – 1987-1990 жылдары пәтер кезегіне тұрған азаматтар».

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG