Accessibility links

Мүгедектердің бір уайымы – жұмыс табу


Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған еңбек жәрмеңкесіне келген жұрт. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған еңбек жәрмеңкесіне келген жұрт. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.

Еңбек жәрмеңкесіне келген мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс табу қиын екенін айтып шағымданды. Жұмыспен қамту орталығы «мұндай жандарды алыңдар деп кәсіпорындарды міндеттей алмаймыз» дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының тұрғыны Нұрлан Мырзахметов – 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Кәсіптік колледж түлегі кәсіпорындарда алты айлық жұмыс тәжірибесінен жақсы өтсе де, жұмысқа іліне алмағанын айтады.

– «Жақсы жұмыс істейсің. Бірақ сені жұмысқа ала алмаймыз. Құлағың дұрыс естімейді, дұрыс сөйлей алмайсың» деп шығарып салады. Екі жыл болды жұмыссыз жүргеніме. Қайда баратынымды да білмеймін, – дейді ол қапаланып.

«МЕНІ КІМ ЖҰМЫСҚА АЛАДЫ?»

Шымкенттегі Нұрлан Мырзахметов сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған алғашқы еңбек жәрмеңкесі бүгін орталық саябақта өтті. Жәрмеңкеде сегіз саладағы 160 мекеме 1500-ге жуық жұмыс орнын ұсынғаны хабарланды.

Бірақ жәрмеңкеке жұмыс іздеп келушілер де, бос жұмыс орнын ұсынған кәсіпорындардың өкілдері де көп болмады. Кейбір кәсіпорындардың өкілдерінің орнына қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері қызмет көрсетіп отырды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған еңбек жәрмеңкесі. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған еңбек жәрмеңкесі. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.

Еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген адамның бірі – 2-топ мүгедегі, туғаннан сал ауруына шалдыққан 32 жастағы Зарина Ахатова.

– Шынымды айтсам, бұрын-соңды жұмыс істеп көрмегендіктен қорқамын. Оның үстіне мені кім жұмысқа алады? – дейді ол мұңайып.

Зарина Ахатованың «мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алатындар аз» деген сөзін қала тұрғыны Дана Саянқызы да қостайды. Ол кісі 23 жастағы жарымжан баласын бірнеше жылдан бері жұмысқа орналастыра алмай жүргенін айтады.

– Балам – үшінші топтағы мүгедек. Тілі жоқ, құлағы естімейді. Он екі мүшесінің екі мүшесі істемесе де, жұмыс істей алады. Ауыр жұмыс істеуге болмайды. Сонда да ауыр жұмыс болса да, бұдан бұрын жұмысқа қабылдаған өндіріс орнына жібердім. «Үйренсін, адамдармен қарым-қатынасқа түссін» дедім. Сау адамдар мүгедектердің жанын түсінсін дедім. Бірақ түсінген жоқ. Жұмыстан қайта шығарып жіберді, – дейді Дана Саянқызы.

Ол бүгінгі еңбек жәрмеңкесіне келгенімен, үміті зор емес екенін айтады.

– Қазір еңбек жәрмеңкесінде жұмыс орнын ұсынып отырған мекемелердің бәріне дерлік барып қайттық. Мылқау екенін естіген мекеме басшысы баланы көрмей тұрып жұмысқа қабылдаудан бас тартады. Сонда енді біз қайда, кімге баруымыз керек? Ең дұрысы мылқауларға арналған тігін цехын ашып берсе, дұрыс болатын еді, – дейді ол.

ВИДЕО: Мүгедек жандардың шағымы

Мүгедек жандардың наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:02 0:00

«3 ПАЙЫЗДЫҚ КВОТА ОРЫНДАЛМАЙ ОТЫР»

Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Асылжан Жамалбеков мүмкіндігі шектеулі азаматтардың талап-тілектерін тиісті мекемелерге жеткізетінін айтады.

– Біз кәсіпорындарға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдауын сұрап, өтініш тастаймыз. Бірақ «нақты мына кісіні жұмысқа қабылдаңыздар»деп талап қоя алмаймыз, – деді ол.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған еңбек жәрмеңкесі. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған еңбек жәрмеңкесі. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.

Асылжан Жамалбеков 2005 жылы қабылданған мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтiк қорғау туралы заңға сәйкес жұмыс орындарының 3 пайызы мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілуі тиіс деген талапты да сөз етті.

– Жұмыспен қамту заңнамасына сәйкес, мекемелер жұмыс орны босаған соң үш күннің ішінде бізге ақпарат беруі керек. Соған қарай біз бос жұмыс орындарының тізімін жасаймыз. Сол тізім бойынша мүгедектерге жұмыс ұсынамыз, – дейді орталық басшысы.

Асылжан Жамалбеков қызметкерлердің үш пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар болсын деген талапты қаладағы мекемелердің барлығы бірдей толық орындамай отырғанын айтады. Оның сөзінше, қалада биыл 700 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту жоспарланған, бірақ бүгінге дейін олардың 100-і ғана жұмысқа орналасқан.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған еңбек жәрмеңкесі. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ұсынған еңбек жәрмеңкесі. Шымкент, 24 маусым 2016 жыл.

«Мекеме қызметкерлерінің үш пайызы мүмкіндігі шектеулі азаматтар болуы керек» деген заң талабын Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүля Ілиясова да естіген. Оның сөзінше, мектебіндегі 145 қызметкердің біреуі ғана – мүмкіндігі шектеулі азамат.

– Жәрмеңкеде екі бос жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Коррекциялық сыныптарда оқитын оқушылар үшін массажист және тәрбиешінің көмекшісі қажет. Әзірге дейін бірде-бір мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс сұрап келген жоқ, – деді жәрмеңке басталғанына бір жарым сағат өткен кезде Азаттық тілшісімен сөйлескен Гүля Ілиясова.

Ресми ақпараттарға қарағанда, Шымкентте 27 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Асылжан Жамалбеков ол азаматтардың қаншасы жұмысқа жарамды екенін жайлы мәліметтері жоғын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 112 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүреді. Тірек-қимыл аппараттары бұзылған 26,7 мың азаматтың 8,5 мыңы қоларбамен қозғалады. Ал 16,4 мың азамат көру және есту қабілетінен айырылған.

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, елде 500 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі адам өмір сүреді.

XS
SM
MD
LG