Accessibility links

Жарымжан жандардың жұмыс табу қиындығы


Ерлі-зайыпты Бақтияр Бағынбаев пен Нұрсұлу Сүлейменова. Шымкент, 20 тамыз 2014 жыл.

Ерлі-зайыпты Бақтияр Бағынбаев пен Нұрсұлу Сүлейменова. Шымкент, 20 тамыз 2014 жыл.

Шымкенттегі саяжайда тұрып жатқан мүгедектер отбасы жұмысқа зар екендерін айтады. Қала билігі дерегінше, жұмыс істей алатын мүмкіндігі шектеулі әр 15 адамның біреуі ғана жұмыс тапқан.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент қаласы тұрғындары, ерлі-зайыпты Бақтияр Бағынбаев пен Нұрсұлу Сүлейменова – мүмкіндігі шектеулі жандар. 34 жастағы Бақтияр – екінші топтағы, ал жұбайы – бірінші топтағы мүгедек. Екі балалы отбасы Шымкенттен 20 километр жердегі Қайнарбұлақ саяжайында жеті жылдан бері үй жалдап тұрып жатыр.

АЙЫНА 20 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ӨМІР СҮРУ

Төрт адамдық отбасы саяжайдағы шағын екі бөлмесі бар, жалпы аумағы 16 шаршы метрден аспайтын үйге айына 10 мың теңге төлейді.

– Көріп тұрсыз, үй деген аты ғана. Қыста суықтан жаураймыз, жазда ыстықтан тұншығамыз. Күн суығанда қанша от жақсақ та жылу болмайды. Үйдің қабырғасы жұқа. Үш-төрт тонна көмірмен бір қыстан шыға алмаймыз. Басқа пәтерге көшейін десек, тапқанымыз тамағымызға жетпейді, − дейді Бақтияр Бағынбаев.

Бақтияр Бағынбаевтың отбасы. Шымкент, 20 тамыз 2014 жыл.

Бақтияр Бағынбаевтың отбасы. Шымкент, 20 тамыз 2014 жыл.

Ерінің сөзін қостаған Нұрсұлу Сүлейменова да «балалары өсіп қалғанын, жер алып үй салуға жағдайы келмейтінін, әсіресе пәтерден пәтерге көшкен кезде қиналатындарын» айтады.

– Ауыр зат көтеруге екеуміздің де денсаулығымыз жарамайды. Жұрттан көмек сұраймыз. Оның үстіне үй иелері де жақтырмайды. Өз үйің болмағаннан соң, біреуге тәуелді болғаннан кейін балалар да емін-еркін ойнап жүре алмайды, − дейді Нұрсұлу Сүлейменова.

Ол Қайнарбұлаққа әлеуметтік инфрақұрылым жетпегенін, газ құбыры тартылмағанын айтады.

– Жазда су аптасына екі рет беріледі. Ал қыста жарты шақырым жерден тасып ішеміз. Жарықтың өзі кейде сөніп қалады. Жыл сайын «келесі жылы мемлекет пәтер береді» деп өз-өзімізді алдап келеміз, − дейді Нұрсұлу Сүлейменова.

ВИДЕО: Бақтияр Бағынбаев пен Нұрсұлу Сүлейменованың отбасы

Ерлі-зайыптылар мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне тұрғандарына сегіз жыл болғанын, ол кездегі 2085-орындары қазір 1500-ге жылжығандарын айтады.

Бақтияр Бағынбаева мен Нұрсұлу Сүлейменованың балалары. Шымкент, 20 тамыз 2014 жыл.

Бақтияр Бағынбаева мен Нұрсұлу Сүлейменованың балалары. Шымкент, 20 тамыз 2014 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қатты қинайтын мәселе – жұмыссыздық «Бүгінгідей қымбатшылық кезде күнкөру өте қиын, қалада мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуы мұң» дейді олар.

Жұмысы бар Бақтияр Бағынбаев айына 20 мың теңге ғана табады екен.

– Бірақ ол ақша пәтерақыдан, коммуналдық төлем мен ішіп-жемнен артылмайды, кейде жетпей де қалады, – дейді ол.

Оның зайыбы – туғаннан жүрек ауруына шалдығып, жүрегіне екі рет операция жасатқан бірінші топтағы мүгедек Нұрсұлу Сүлейменова алты жылдан бері жұмыссыз отыр.

«4500 АДАМНЫҢ 300-І ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН»

Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Нұрсұлу Сүлейменова сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту үшін арнайы жоспар жасалғанын айтады. Оның сөзінше, жақында бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 250-ден аса мүмкіндігі шектеулі жанға жұмыс ұсынылған.

– Шымкентте 20 мыңнан аса мүмкіншілігі шектеулі адам болса, оның 4500-ге жуығы жұмыс істеуге қабілетті. Бүгінде олардың 300-ге жуығы тұрақты жұмыспен қамтылды, − деді қала әкімі жұмыс жәрмеңкесінде.

Бақтияр Бағынбаев отбасымен тұрып жатқан үй. Шымкент, 20 тамыз 2014 жыл.

Бақтияр Бағынбаев отбасымен тұрып жатқан үй. Шымкент, 20 тамыз 2014 жыл.

Дархан Сатыбалдының «мүмкіндігі шектеулі жандар өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаса, оларды қайта оқытып, тұрақты жұмыспен қамту жолдары бар» екенін де айтты.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтумен айналысатын мекеменің бірі – Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы. Палатаның әлеуметтік бөлімнің маманы Ақбота Тіркебаеваның айтуынша, Нұрсұлу Сүлейменова сияқты еңбекке қабілетті жарымжандарды «жеке кәсіпкерлердің тұрақты жұмысқа алуына палата ықпал ете алады».

– Облыстағы әр кәсіпкерге сөзіміз өтеді. Оның үстіне жалпы жұмыс орнының үш пайызына мүмкіншілігі шектеулі азаматтарды қабылдау керектігі жөнінде арнайы заң бар. Мүмкіншілігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге палата көп жеңілдік жасайды, мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыруға тырысады, − дейді Ақбота Тіркебаева Азаттық тілшісіне.

Нұрсұлудың «Интеграция» жауапкершілігі серіктестігіне жұмысқа қабылданатынына 100 пайыз кепілдік береміз

Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының маманы Ақбота Тіркебаеваның сөзінше, «жыл басынан бері облыста мүмкіншілігі шектеулі бес азамат тұрақты жұмыспен қамтылған, сөйтіп тұрақты жұмысқа орналасқандардың саны 341-ге жеткен». Ол жоғарыда сөз болған Нұрсұлу Сүлейменованың да жұмыссыз жүргенінен хабардар екенін айтты.

– Жыл сайын өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, мүмкіншілігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орнына үміткер ретінде тіркелген Нұрсұлудың «Интеграция» жауапкершілігі серіктестігіне жұмысқа қабылданатынына 100 пайыз кепілдік береміз, – деді Ақбота Тіркебаева.

Ал Нұрсұлу Сүлейменова «тамыздың 15-і күні өзіміз хабарласамыз» деген серіктестіктен бір апта өтсе де хабар келмегенін айтады.

– Екі рет жәрмеңкеге қатысып, тіркелсем де, жұмысқа шақырған адам болмады, − дейді Нұрсұлу Сүлейменова.

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, елде 500 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Сол азаматтардың еңбекке жарамды 400 мыңының шамамен 20 пайызы ғана жұмыс тапқан.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG