Accessibility links

Түрмеден шыққан адамға кедергі көп


Шымкенттегі белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығындағы шеберхана. 14 наурыз 2016 жыл.
Шымкенттегі белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығындағы шеберхана. 14 наурыз 2016 жыл.

Жазасын өтеп шыққан азаматтар жұрттың өздерінен теріс айналатынын, оған қоса жұмыс пен баспана мәселесі де қинайтынын айтады.

50 жастағы Максим (сотталып шыққан азаматтар аты-жөндерін толық атамауды сұрады – ред.) Шымкенттегі белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында өмір сүріп жатыр. Түрмеде үш жыл отырған ол босап шыққан соң қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы арқылы осы мекемеден орын тапқан.

– Ешкімім жоқ, әке-шешем қайтыс болған. Сотталған соң үйді де тәркіледі. Басымды сұғатын жер болмаған соң осында келдім. Жататын орын, нан, шай-тұзымыз бар. Амалдан күнелтіп жүрміз, – дейді Максим.

Түрмеден шыққан адамға кедергі көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:38 0:00
Жүктеп алу

«СОТТАЛЫП КЕЛГЕН АДАМҒА ЖҰМЫС ТАБУ МҰҢ»

Максимнің сөзінше, сотты болған адамға жұмысқа орналасу мұң – қоғамға керексіз адамға айналған соң ондай азаматтардың көбі қайта ұрлық жасайды, ішімдікке салынады.

Шымкенттегі белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы. 14 наурыз 2016 жыл.
Шымкенттегі белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы. 14 наурыз 2016 жыл.

– Үш жыл түрмеде отырып шығу оңай емес. Өз-өзіме келіп, ары қарай өмір сүруім керек. Құжаттарым түгел. Тіркеудемін. Ендігі мәселе – жұмыс табу, – деді Максим.

Түрмеге бір рет отырып шыққан соң қоғамнан өз орнын таба алмай, қайтадан абақтыға түскен адамның бірі – 43 жастағы Айдын. Ол кісінің екінші рет сотталып, бостандыққа шыққанына да үш жыл болған.

– Бірінші рет жазамды өтеп шыққанда өте қиын болды. Ата-анамнан басқаның бәрі менен теріс айналды. Жұмыс жоқ. Жанып кеткен құжатымды да рәсімдеу мүмкін болмады. Сөйтіп жүргенде қылмыс жасап, тағы үш жылға істі болдым. Бостандыққа шығуыма екі ай қалғанда жалғыз жанашырымнан – анамнан айырылдым, – дейді Айдын.

Айдын Шымкенттегі қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының көмегімен 20 жыл бұрын өртеніп кеткен құжаттарын 7 айдың ішінде толық түгендеп алғанын айтады.

– 20 жыл бойы екінші сорттағы адам болдым. Қазір енді жұмысым бар, – дейді ол.

«СОТТАЛҒАНДАР СӨЗДЕН ҚАШЫП, АУЫЛДАН ҚАЛАҒА КЕЛЕДІ»

Шымкенттегі қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының басшысы Райымбек Жолдастың пікірінше, қоғамда «түрмеге түскендер – өзін-өзі жоғалтқан адамдар» деген пікір қалыптасқан.

Шымкенттегі қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы директоры Райымбек Жолдас. 14 наурыз 2016 жыл.
Шымкенттегі қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы директоры Райымбек Жолдас. 14 наурыз 2016 жыл.

– Қылмыстық жазасын өтеп шыққан адамдардың өмірінде көп өзгеріс болады. Қанша дегенмен олар қоғамнан оқшау, көп мәселелерден хабарсыз қалады. Бірақ олардың барлығын қоғамнан алшақтап кеткен адам деп тануға болмайды, – дейді орталық басшысы.

Райымбек Жолдас сотталған адамдардың мінездері өзгеруіне түрмедегі мекемелердің көбі жабылып, тұтқындардың денінің жұмыссыз отыруы да себеп болады деп біледі.

– Жұмыссыздық, қолы бостық, тегін тамақ, қоршаған орта адамның психологиясын өзгертеді. Бостандыққа шыққан соң олармен жұмыс жүргізілмесе, қайта қылмысқа баруы мүмкін. Өйткені қоғам қабылдамаса, жұмыссыз болса, баспанасы болмаса қайда барады, кімнен көмек сұрайды? – дейді Шымкенттегі қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының басшысы Райымбек Жолдас.

Шымкенттегі жазасын өтеп шыққан азаматтарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының ауласында отырған адам. 14 наурыз 2016 жыл.
Шымкенттегі жазасын өтеп шыққан азаматтарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының ауласында отырған адам. 14 наурыз 2016 жыл.

Оның айтуынша, орталық 2015 жылдың өзінде жазасын өтеп шыққан 22 азаматтың құжаттарын жасап беруге көмектескен, 37 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған, барар жері не туыстары жоқ 6 адамды әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырған.

– Қылмыстық жазасын өтеп шыққандардың қайда, не істеп жүргенін, неге мұқтаж екенін анықтаймыз. Сотталып шыққандар сөзден қашып, ауылдан қалаға келеді. Олардың басым бөлігі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Мысалы, такси жүргізушісі, құрылысшы болып жұмыс істейді, – дейді Райымбек Жолдас.

Жазасын өтегендерді бейімдеу орталығы туралы видео:

Жазасын өтегендерді бейімдеу орталығында
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

ОРТАҚ АРМАН

Шымкенттегі қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығындағы психолог Роза Аманбекованың айтуынша, бостандыққа шыққан азаматтардың бойында қорқыныш, үрей, үмітсіздік басым болады.

– Бостандыққа шыққан азаматтардың басты мәселесі – жұмыссыздық. Көбіне жұмыс берушілер оларды жұмысқа алудан бас тартады. Өйткені, мысалы, адам өлтіріп жазаға тартылған азаматтан шошиды, жұмысқа қабылдауға қорқады, – дейді психолог.

Шымкенттегі жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу орталығының шеберханасы. 14 наурыз 2016 жыл.
Шымкенттегі жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу орталығының шеберханасы. 14 наурыз 2016 жыл.

Роза Аманбекова түрмеден шыққан соң жұмыс таба алмай жүрген азаматтар өздерін ешкімге керексіз санап, ашуға беріледі деп сипаттайды.

– Сотты болған азаматтар жұмыспен қамтылса, материалдық жағдайы шешіледі. Егер жұмыссыз жүре берсе, ашуға беріліп, қиындыққа жеңіліп, қайта қылмысқа баруы мүмкін. Біз оларды барынша шыдамдылыққа, сабырлыққа шақырамыз, – дейді психолог.

Биылдың өзінде жүзге жуық адам бұл орталыққа келіп, құқықтық және психологиялық көмек алған.

Түрмеден шыққан Максим мен Айдынның армандары ұқсас – екеуі де «отбасын құрып, ел қатарлы өмір сүрсек» дейді.

– Мен сияқты сотталып шыққан жігіттерге кездескен қызға бірден үйлену де оңай емес. Жағдайымызды шын түсінетін адамды іздеу керек, – деп уайымдайды Айдын.

Мен сияқты сотталып шыққан жігіттерге кездескен қызға бірден үйлену де оңай емес. Жағдайымызды шын түсінетін адамды іздеу керек.

Ал әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатқан Максим «әуелі жұмысқа орналасып, қалтам көтергенінше жалдамалы пәтерге көшіп алсам» деп армандайды.

Шымкентте былтыр Айдын мен Максим сияқты сотталған 427 адам бостандыққа шыққан. Жазасын өтеп келгендердің басым бөлігі – 25-40 жас аралығындағы азаматтар. Қазір ел бойынша 40 мыңнан астам адам түрмеде отыр.

XS
SM
MD
LG