Accessibility links

Апатқа ұшыраған жүк пойызынан күкірт қышқылы төгілген


Оңтүстік Қазақстан облысында жүк пойызының 29 вагоны аударылды. Темір жол бөлігі бүлініп, пойыз қозғалысы тоқтатылды. Жерге төгілген күкірт қышқылының қауіпті әсеріне Азаттық тілшісі куә болды.

Мамырдың 5-і күні Шымкент қаласынан шамамен 40 километр жерде, Ордабасы ауданындағы Черноводский-Бадам өткеліне жақын маңда 56 вагон тіркеп келе жатқан жүк пойызы рельстен шығып кетті.

Апат салдарынан тіркемеден үзілген 26 вагон жол жиегіндегі бағаналарды қиратқан. Аунаған үш цистернадан күкірт қышқылы төгілген. Қауіпті аймақтан мал-жан көшіріліп, теміржолда пойыз қатынасы уақытша тоқтатылған.

АПАТ

Дүйсенбі күні түстен кейін жергілікті уақытпен сағат беске таман болған төтенше оқиға куәгерлері Азаттық тілшісіне апаттан қатты қорқып қалғандарын айтты.

– Гүрс етіп, пойыздың алдыңғы жағы көтеріліп, тоқ жарқ етті. Тепловоз рельспен біраз жүріп барып тоқтады. Ал темір жолдан шығып кеткен вагондар бірінен соң бірі аударылды. Көтерілген шаңға көк түтін араласып, ештеңе көрінбей қалды. Әсіресе, пойыз жолына жақын жерде тұратындар қатты састық. Жеңгем отырған орнынан тұра алмай қалды. Не болғанын түсінбей қалдық, - деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Азаттыққа.
Шу-Арыс жүк пойызының аударылған вагондары. Ордабасы ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 мамыр 2014 жыл.

Шу-Арыс жүк пойызының аударылған вагондары. Ордабасы ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 мамыр 2014 жыл.

Шудан Арысқа бара жатқан жүк пойызындағы 56 вагонға күкірт қышқылы, құрылыс материалдары, контейнертасығыш, астық тиелген. Апат салдарынан 150 метрге жуық темір жол бөлігіне және контактілі желінің 4 бағанына зақым келген.

"Адамдар зардап шеккен жоқ" деп хабарлады Азаттықа апат болған жерде қалпына келтіру жұмыстарына қатысып жүрген облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілі. Оның айтуынша, рельстен шығып кеткен 26 вагонның 8-інде күкірт қышқылы болған. Солардың үшеуі аударылып, жерге күкірт қышқылы төгілген.

– Шамамен 400 метр темір жол бүлінді. Қазір Бадамда, Шымкентте осы темір жолмен жүретін, мәселен, Қызылордаға, Ақтөбеге, Мәскеуге баратын жолаушылар пойыздары тоқтап тұр, − деді дүйсенбінің кешінде төтенше жағдайлар қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне.

Жергілікті ішкі істер департаменті тергеу амалдарын бастап, апат себебін анықтап жатқаны туралы хабарлады. Оқиға орынында төтенше қызмет өкілдерімен бірге экологтар да залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Қазір анықтау жұмысы жүріп жатқандықтан, апаттың қоршаған ортаға қанша залал келтіргені туралы айтуға ерте, - дейді облыстық экология департаменті маманы Әбілқасым Бөртбаев Азаттыққа.

КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫ ТӨГІЛГЕН АЙМАҚ

Билік орындары апат салдарынан күкірт қышқылы құйылған 8 цистернаның үшеуі тесіліп, улы химиялық қоспа жерге төгілгенін хабарлады.

Ол жерде ешқандай ескерту белгісі болмағандықтан, дүйсенбінің кешінде аударылған вагондарды жақынырақ барып суретке түсірмек болған Азаттық тілшісі күкірт қышқылы әсерінен аяқ киімі жиырылып, капрон шұлықты тесіп жібергенін сезді.

Апат болған жерде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандардың іс-қимылын шамамен 500 метрдей жерден бақылап тұрған ауыл тұрғындары Азаттық Апатқа ұшыраған жүк пойызының күкірт қышқылы тиелген цистернасы. Ордабасы ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 мамыр 2014 жыл.

Апатқа ұшыраған жүк пойызының күкірт қышқылы тиелген цистернасы. Ордабасы ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 5 мамыр 2014 жыл.

тілшісіне күкірт қышқылы төгілгені туралы естігендерін, апаттан соң ол жерге жақын барған тұрғындардың басы ауырып, асқазандары сыздағандарын айтты.

– Қарасу елдімекенін кесіп өтетін осы темір жолда, неге екені белгісіз, жыл сайын төтенше жағдай болады. Қышқыл төгілген дейді. Бұл бізге әсер етпей ме екен? - деді орта жастағы әйел.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, төтенше жағдай жөніндегі комиссия төрағасы Сәкен Қаныбеков Азаттыққа апат болған жерге жақын орналасқан үйлердің мал-жандары қауіпсіз жерге көшірілгенін айтты.

– Күкірт қышқылы төгіліп уланған жерді сақтайтын арнайы орын бар, рұқсат алу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Қышқыл төгілген жерге құм төселді, әк салдық, қауіпсіздік шаралары жасалды, − деді ол сейсенбі күні сағат 11-дің шамасында.

Қаныбеков апат салдарынан жақын маңдағы аудан және қалалардағы станцияларда 19 пойыз күтіп тұрғанын айтты.

– Темір жол ашылып, күтіп тұрған пойыздар өтіп кеткен соң аударылған вагондар бұл жерден алып кетіледі, - деді ол.
  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG