Accessibility links

492 пәтерге 2000-нан астам адам құжат өткізді


Шымкентте жалға берілетін пәтерлерден үмітті тұрғындар төрт күннен бері әкімдік алдында кезекте тұр. Билік тұрғындардың бұл әбігерін олардың өздерінен көреді.

Төрт күннен бері Шымкент қаласы әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі ғимаратының алды кезекке тұрған адамдардан босамай қалды. Жұрт Қазақстанның ипотекалық компаниясының кейін сатып алу құқығымен жалға беретін пәтерлерін алу үшін желтоқсанның 21-і мен 24-і аралығында құжат өткізіп үлгеруі тиіс болған.

«1-2 БӨЛМЕЛІ ПӘТЕРДІ 20 ЖЫЛҒА ЖАЛҒА АЛҒАНЫМ ТИІМДІ»

Құжат қабылдайтын төрт күннің ақырғы тәулігінде – 24 желтоқсан күні таңертең әкімдік алдына барған Азаттық тілшісі әлі 100 шақты адамның кезек күтіп тұрғанына куә болды. Он шақты полицей кеше түстен кейін кезекке жазылған тұрғындардың аты-жөнін атап шақырып, «Тәртіп сақтаңыздар. Сабыр етіңіздер. Ғимаратқа жақын жоламаңыздар» деп жарты сағат сайын ескерту жасап тұрды.

Кезекте тұрған кәрі-жасы аралас адамдардың арасында мемлекеттік не бюджеттік мекемелер қызметкерлері де, зейнеткерлер де, қарапайым жұмысшылар да бар екен. Солардың бірі Айнұр Мүсілімова таң бозынан келіп кезекке жазылса да, түске дейін ішке кіре алмай тұрғанын айтып ренжіді.

Қала тұрғыны Айнұр Мүсілімова. Шымкент, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Қала тұрғыны Айнұр Мүсілімова. Шымкент, 24 желтоқсан 2015 жыл.

– Қалада тұрғын үй кезегіне тұрғаныма бір жыл толды. Кезегім қашан келетіні белгісіз. Өзім – екінші топтағы мүгедекпін. Екінші қызым – туа біткен мүгедек. Күйеуімнің 72 мың теңге айлық жалақысына және қызыма берілетін 42 мың теңге мен өзіме берілетін 34 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыға қарап отырмыз, – дейді ол Азаттыққа.

Айнұр Мүсілімова «қазір жалдап отырған пәтерінің иесіне айына 50 мың теңге төлегенше бір-екі бөлмелі пәтерді 20 жылға несиеге алғаны тиімді» деп біледі.

– Несиеге пәтер алуға ілінсек, шүкір дейтін едік. Әйтеуір өз атымызда қалады ғой, – дейді ол.

Кезекте тұрған басқа азаматтар да «біреудің пәтерін жалдап тұратындарын, жағдайлары қиын екенін» айтып жатты.

«БІР ШАРШЫ МЕТРДІҢ АЙЛЫҚ ЖАЛДАУ АҚЫСЫ – 913 ТЕҢГЕ»

Шымкент қаласы әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Әшірбаева азаматтардың кезекке тұру әбігеріне олардың өзін кінәлі көреді.

Әкімдік алдында кезекте тұрған азаматтар. Шымкент, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Әкімдік алдында кезекте тұрған азаматтар. Шымкент, 24 желтоқсан 2015 жыл.

– Бұл ажиотажды азаматтардың өздері қолдан жасап отыр. Кезек ретімен кіріп құжаттарын тапсырса да болатын еді. Былтыр 1080 пәтерге 1600 азаматтың құжатын қабылдағанбыз, ол кезде ажиотаж болған жоқ, – дейді әкімдік өкілі.

Гүлнәр Әшірбаеваның айтуынша, 2016 жылы берілетін 492 пәтерге алғашқы үш күннің өзінде 2 мыңнан астам адам құжат тапсырған.

– Төртінші күнді әлі есептемедік. Құжаттарды қабылдағаннан кейін іріктеп, екі топқа бөлеміз. Бірінші топта 35 жасқа толмаған, некеге тұрғандарына 3 жылдан асқан жас отбасылар, екінші топқа қалған азаматтар кіреді. 492 пәтер екі топқа теңдей бөлінеді. Бұл пәтерлерде азаматтарға ешқандай жеңілдік берілмейді. Әр азамат пәтерді жалға алып, кейін сатып алу құқығына ие болады. Қазіргі беріп жатқан пәтерлердің шаршы метрінің айлық жалдау ақысы – 913 теңге, – деді Шымкент қаласы әкімдігіндегі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Әшірбаева.

Кезек күтіп тұрған азаматтар. Шымкент, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Кезек күтіп тұрған азаматтар. Шымкент, 24 желтоқсан 2015 жыл.

Шымкент қаласы әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде азаматтардан құжат қабылдап отырған маман (аты-жөнін жарияламауды өтінді – ред.) пәтерлердің жалдау ақысы шамамен қанша болатыны жайлы айтты.

– Егер «Нұрсәт» шағын ауданындағы Қазақстанның ипотекалық компаниясы салып берген тұрғын үйлерден пәтер алатын болса, 1 бөлмелі пәтерге – айына 28 мың теңге, 2 бөлмелі пәтерге – 34-37 мың теңге, 3 бөлмелі пәтерге 42-48 мың теңгені 20 жыл бойы төлейді, – дейді ол.

Азаматтар жалға алған пәтерлерін бес жылдан кейін қалған ақшасын төлеп сатып алуларына да болады.

Ресми билік Шымкент қаласында пәтер алу кезегінде 20 мың адам тұрғанын мәлімдеген. Қалада үй алу кезегіне енді жеткендер – 1987-1990 жылдары тіркелген адамдар екені айтылған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG