Accessibility links

Соңғы сөзден соң сот тергеуі қайта жалғасты


«Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылып жатқан Қыздығой Ажарқұлова. Алматы, 13 желтоқсан 2013 жыл.

«Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылып жатқан Қыздығой Ажарқұлова. Алматы, 13 желтоқсан 2013 жыл.

Қыздығой Ажарқұловаға үкім шығарар алдында кеңесу бөлмесіне кеткен судья қосымша екі куәгерді тыңдауды сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырған соң, сот тергеуі қайта жалғасты.

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылып жатқан Қыздығой Ажарқұлованың ісіне қатысты сағат 16.00-ға белгілеген сот отырысы, судья Мадияр Әбдірасиловтің уақытында келмеуіне байланысты, кейінге қалды. Бұл туралы Азаттыққа Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева хабарлады.

– «Судья қайда?» деген сауалыма сот төрағасы міндетін атқарушы да, хатшысы да жауап бере алмады. Оны көрмей кетпейтінімді айтып сот залында отырып алдым. Сағатқа жауық уақыт өткенде келген судья Мадияр Әбдірасилов «жиналыста отырғанын» айтып, маған сот отырысы 27 шілдеге қалдырылғанын хабарлады, - деді ол.

Адвокаттың айтуынша, бүгін жалғасады деп жоспарланған сот отырысына кеше прокурор қосымша куәгер ретінде шақыртқан заңгер Дмитрий Сазонов та келмеген.

СОТ ТЕРГЕУІН ҚАЙТА ТАҒАЙЫНДАУ

Бұған дейін, шілденің 20-ы күні таңертең Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша сотқа қатысушы тараптарға судья Мадияр Әбдірасилов қосымша екі куәгерден жауап алуды сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырып, сот тергеуін қайта тағайындайтыны туралы қаулыны жариялаған. Сонымен бірге ол сот тыңдауы сол күні сағат 17.00-де жалғасатынын хабарлаған.

Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова (оң жақта) адвокаты Гүлнәр Жуаспаевамен кеңесіп отыр. Шымкент, 6 маусым 2016 жыл.

Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова (оң жақта) адвокаты Гүлнәр Жуаспаевамен кеңесіп отыр. Шымкент, 6 маусым 2016 жыл.

Ажарқұлованың адвокаты Жуаспаева 15 шілде күні үкім шығарғанға дейін кеңесу бөлмесіне кететінін мәлімдеген судьяның сәрсенбіде прокурордың сұрауы бойынша қайта тергеу өткізу туралы шешіміне наразылық білдірген.

– Прокурор қосымша екі куәгерді тыңдау туралы өтінішін судья шілденің 19-ы, яғни үкім шығарар алдында кеңесу бөлмесіне кеткен соң алған. Мен мұны сот кеңесу бөлмесі құпиялығын бұзу және біздің келісімімізді алмай, айыптаушы тарапқа артықшылық беру деп санайтынымды айтып, қайта тергеу тағайындауға үзілді-кесілді қарсылық білдірдім, бұл туралы Жоғарғы сотқа жеделхат жолдадым, - деді ол Азаттыққа.

Адвокаттың сөзінше, судья Мадияр Әбдірасиловті істен шеттетуді сұрап берген оның өтінішін Әл-Фараби аудандық соты қанағаттандырмай тастаған.

Бұдан соң Жуаспаева сегіз айға жуық уақыт бойы қамауда отырған Қыздығой Ажарқұловаға қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұрап өтініш білдірген. Алайда судья Әбдірасилов оны қанағаттандырудан бас тартқан.

ҚОСЫМША КУӘГЕРЛЕР

Сәрсенбіде сағат 17:00-де қайта жалғасқан отырысқа прокурордың сұрауы бойынша куәлік беруге шақырылған куәгер Шәмшиева – Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша «жәбірленуші» деп танылған Жомарт Әбілдаевтың анасы екен.

– Судьяның сұрағына жауабында Шәмшиева бұған дейін сотқа ұлы куәлік берген кезде күні бойы отырысқа қатысқанын растады. Оның жеке басын куәландыратын құжаты да жоқ екен. Судья Шәмшиеваны қосымша куәгер ретінде сотқа қатыстырудан бас тартты, - деп хабарлады адвокат Жуаспаева Азаттыққа.

«Алаяқтық» бабы бойынша айыпталған Қыздығой Ажарқұлованы (оң жақта) кезекті сот отырысына әкеле жатыр. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

«Алаяқтық» бабы бойынша айыпталған Қыздығой Ажарқұлованы (оң жақта) кезекті сот отырысына әкеле жатыр. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл.

Оның айтуынша, судья сот ісінде шілденің 21-і күнгі сағат 16.00-ға дейін үзіліс жариялаған. Бейсенбідегі сот отырысына прокурордың сұрауы бойынша тағы бір қосымша куәгер – заңгер Дмитрий Сазонов шақыртылған.

– Сазоновтың жауабы тыңдалғаннан кейін айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыссөзі қайта өткізіледі, - дейді адвокат Гүлнәр Жуаспаева.

Прокуратура өкілінен бұған қатысты комментарий алу мүмкін болмады.

ҮШ АЙҒА ЖАЛҒАСҚАН СОТ ІСІ

Шілденің 15-і күні сөйлеген соңғы сөзінде Қыздығой Ажарқұлова соттан өзін толық ақтауды сұраған соң судья Мадияр Әбдірасилов үкім шығарылғанға дейін сот кеңесу бөлмесіне кететінін хабарлаған болатын.

Бұған дейін прокурор Талғат Мыңтаев судьядан Қыздығой Ажарқұлованы «алаяқтық жасағаны үшін айыпты» деп танып, дүние-мүлкін тәркілеуді және оны төрт жылға бас еркіндігінен айырып, жазаны жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеуді тағайындауды сұраған.

25 сәуірде басталған Қыздығой Ажарқұлованың сотында «жәбірленуші» ретінде сегіз адам аталған. Олар осы уақытта сот отырыстарына, судья мен прокурордың алдын ала ескертуіне қарамастан, кейде қатысып, кейде келмей қалды. Жәбірленушілердің ешқайсысы Азаттыққа пікір білдіруге келіспеді.

Белсенді Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша сот тыңдауы өтіп жатқан Әл-Фараби аудандық соты. Шымкент, 15 шілде 2016 жыл.

Белсенді Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша сот тыңдауы өтіп жатқан Әл-Фараби аудандық соты. Шымкент, 15 шілде 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2011 жылы құрылған, бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан Шымкенттегі тергеу абақтысында отыр. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық, яғни уәкілетті адамның бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенiмге қиянат жасау арқылы алуы») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына берген жауабында: «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Соның салдарынан шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

Қыздығой Ажарқұлова сот процесі басталғаннан өзіне тағылған айыптарды толығымен мойындамайтынын мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG