Accessibility links

Сарыағашта айыпталған адамға үкім шықты


Оңтүстік Қазақстан облысы Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың өліміне айыпты деп танылған Навмидин Нарметов сотта отыр. Шымкент, 18 маусым 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың өліміне айыпты деп танылған Навмидин Нарметов сотта отыр. Шымкент, 18 маусым 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың өліміне айыпты деп танылған Навмидин Нарметов 18 жылға сотталды.

Маусымның 18-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты судьясы Самиддин Темірәлиев Сарыағаш ауданында биыл ақпанда болған кісі өліміне кінәлі деп танылған Навмидин Нарметовті 18 жылға соттауға үкім етті.

Түске дейінгі сот процесінде айыптаушы прокурор «аса ауыр қылмыс жасаған Навмидин Нарметовті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесуді» талап еткен еді.

Айыптаушы прокурордан кейін сөйлеген Навмидин Нарметовтің адвокаты жазаны жеңілдетуді өтінген. Адвокат айыпталушының кінәсін толық мойындағанын, бес баласының төртеуі кәмелетке толмағанын, бұрын сотталмағанын ескеруді, Навмидин Нарметовтің ата-анасы мен ағасының отбасын полиция қорғауына алуды сұраған.

Айыпталушы Навмидин Нарметов соттағы соңғы сөзінде қаза болған Бақытжан Артықовтың ата-анасы мен туыстарынан кешірім сұрап, «кісі өлтіруге қалай барғанын білмегенін» айтты.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың өліміне айыпты деп танылған Навмидин Нарметов (ар жақтағы адам) сотта өзіне шығарылған үкімді естіп тұр. Шымкент, 18 маусым 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықовтың өліміне айыпты деп танылған Навмидин Нарметов (ар жақтағы адам) сотта өзіне шығарылған үкімді естіп тұр. Шымкент, 18 маусым 2015 жыл.

Сот отырысына Навмидин Нарметовтің туыстарынан ешкім келмеді. Қаза болған Бақытжан Артықовтың анасы мен қарындасы және басқа да бірнеше туыстары қатысты. Судья шешім шығару үшін кеңесуге кеткен кезде Бақытжан Артықовтың қарындасы Айнұр Артықова залда қамауда отырған Навмидин Нарметовтен «қылмысқы қатысы бар басқа да адамдардың атын атауды» талап етті.

Ашық процесс болады деп жарияланғанымен, ақпарат құралдары сот отырысына үкім оқылар кезде ғана жіберілді.

2015 жылы ақпанның 4-іне қараған түні Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Бостандық ауылына жақын маңда Бақытжан Артықовтың мәйіті табылған.​ Осы оқиғадан кейін Ынтымақ пен Бостандық ауылдарында қазақ жастары жаппай көшеге шығып, сол ауылдағы жергілікті этникалық тәжіктерге тиесілі ондаған үй мен көлік өртенген еді. Тергеу барысында марқұмның өліміне көршілес Бостандық ауылының тұрғыны Навмидин Нарметов күдікті деп танылып, ұсталған.

Осы оқиғадан кейін билік Навмидин Нарметовтің ата-анасы мен ағасының отбасын ауылдан алып кеткен. Навмидин Нарметовтің ағасы Зайнидин Нарметов биыл сәуір айында «екі жарым ай Шымкент қаласында отбасымен бірге полицияның қадағалауында үйқамақта отырғандай күн кешіп жатқанын» Азаттыққа айтқан.

Облыстық ішкі істер департаменті «деректер бойынша, кісі өліміне Нарметовтің Артықовтың жылыжайын жалға алуына байланысты туындаған дау себеп болған» деп хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG