Accessibility links

«Наурыз» айтысы: Мұхтар мен Бегарыс


Бекарыс Шойбеков, айтыскер. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Бекарыс Шойбеков, айтыскер. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Наурыздың 15-16-сы күндері Шымкент қаласында екі күнге созылған республикалық «Наурыз» айтысы өтті. 2004 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан айтыс биыл Төле бидің 350 және Абылай ханның 300 жылдықтарына арналды.

Айтыстың үшінші айналымында Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Бегарыс Шойбеков пен қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов сахнаға шықты.

Бегарыс Шойбеков Мұхтар Ниязовтың 2012 жылы тәуелсіздік күніне орай өткен айтыста «Алтын домбыра» ұтып алғанын айтып:

- Алтын домбыра ап келген Астанадан,
Ағайын, бұл Мұхтардың тұрқы жаман.
Алтын алып, киімі реттеліп,
Костюм киіп алыпты жылтыраған, - деп қағытты.

Ал Мұхтар Ниязов «Алтын домбыра» аталған жүлдені алғанымен, айтысты ұйымдастырушылар – Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері ол домбыраны бір рет қана ұстатып, қайтадан алып қалғанын сөз етті:

– Мұхтар алтын домбыра алмады ғой,
Бір ұстап өздеріне қайтып бердім,
Одан кейін әрі қарай самғады ғой.
Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.


Мұхтар Ниязовтың бұл сөзіне Бегарыс Шойбеков мынандай әзіл айтты.

– Алтынды беріпті де қайтып апты,
Шырылдатып өзіңдей бейшараны.
Сен дереу алтыныңды даулап алсай,
Шапқылап ақтасаң да сай-саланы.
Әйтпесе өкіметті білесің ғой,
Олардың кей тірлігі ой салады.
«Мұхтаржан, алтыныңнан айырылдық -
Әблязов ап кетіпті» дей салады.

Бегарыс Шойбеков бұдан ары Төле би мен Абылай хан заманын қазіргі саясатпен салыстырды:

- Арыстай азаматты атқызбас ед,
Егер де елдің зейіні зерек болса.
Қазіргілер ешкімді аямайды
Өзінен озатындай себеп болса.
Беттен қақпай Төле би белін буып,
Болатынға болысқан демеп қанша.
Беттен қақпақ түгілі бүгінгілер
Көрге көміп тастайды көмек болса.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG