Accessibility links

«Наурыз» айтысы: Бекарыс пен Жансая


Ақын Бекарыс Шойбеков. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Ақын Бекарыс Шойбеков. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Наурыздың 15-16 күндері Шымкент қаласында екі күнге созылған республикалық «Наурыз» айтысы өткен болатын. 2004 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан айтыс биылғы жылы Төле бидің 350 және Абылай ханның 300 жылдықтарына арналды.

Жыр сайысының екінші күні Оңтүстік Қазақстан облысының айтыскері Бекарыс Шойбеков пен оралдық ақын Жансая Мусина айтысты.

Алдымен сөз бастаған Бекарыс Шойбеков қазақ қоғамындағы сот билігіне тоқталып, өткен мен бүгінді салыстырды:

– Әдеби әлеуметке септеседі,
Шешімі шындықпенен шектеседі.
Бұрынғының дауларын билер шешсе,
Бүгінгінің дауларын сот шешеді.
Өздерің күнде көріп жүрсіңдер ғой,
Шешсе де бірдеңеңді «жеп» шешеді.
Соттан әбден зәрезеп болған халық,
Қазір сотқа бармайды, беттеседі.

Дауға айналып, өзара жауға айналып
Біржола көрместей боп кектеседі.
Ақыры бір-біріне мылтық тіреп,
Сот шешпеген нәрсені «оқ шешеді».
Би - түзу, билік әділ болып тұрса,
Дәл мұндай жағдайға жетпес еді.

Кешегі Балықшының жұрты құсап,
Бір үйдің қанын түгел төкпес еді.
Ақиқатқа жете алмай ашынғандар,
Шетінен жыртқыш болып кетпес еді.

Айтыскер ақын Жансая Мусина. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Айтыскер ақын Жансая Мусина. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Өз кезегінде ақын Жансая Мусина айтыстың тақырыбына жырлады:

– Абылай бабамыздың 300 жасы,
Бүгінгі тойымыздың себебі еді.
Батырдың ішіндегі шебері еді,
Көсемнің ішіндегі көрегені.

Алашты ақ туына біріктірген,
Бәрінен биік тұрған беделі еді.
Алпауыт көршілерден алып қалған,
Саяси сауаты оның өнер еді.
Осындай тұлға тойын, қызық болды-ау,
Екі жыл кешіктіріп «елегені».

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG