Accessibility links

«Наурыз» айтысы: Біржан мен Айнұр


Ақын Біржан Байтуов. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Ақын Біржан Байтуов. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Наурыздың 15-16-сы күндері Шымкент қаласында екі күнге созылған республикалық «Наурыз» айтысы өтті. 2004 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан айтыс биыл Төле бидің 350 және Абылай ханның 300 жылдықтарына арналды.

Наурыз-айтыстың үшінші кезеңінде Оңтүстік Қазақстан облысының айтыскері Біржан Байтуов пен астаналық Айнұр Тұрсынбаева сахнаға шықты.

Айтыскер Біржан Байтуов «Қазақстанның жетістігі – президент Назарбаевтың еңбегі екенін» жіпке тізгендей етіп өлеңге қосты:

– Қазақстан секілді қайсар жігіт,
Ал Нұрағам – өнеге берген үлгі.
Патшаның өнегесінің арқасында,
Ел көрді қалай өсіп-өнгенімді.
Бір жаста Біріккен ұлттар ұйымына,
Білеміз мүше болып енгеніңді.
Екі жаста бекітіп елтаңбаны,
Үш жаста төл ақшаны теңге қылды.
Төрт жаста қабылдап Ата заңды,
Өшпестей қып қайта жақты сөнгеніңді.

Айтыскер Айнұр Тұрсынбаева. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Айтыскер Айнұр Тұрсынбаева. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Ақын Айнұр Тұрсынбаева қарсыласына ақ тілек айтумен шектелді:

– Әке бопсың дәл кеше,
Естіді елдің құлағы.
«Абылайхан» деп ат қойсаң,
Елдің де қанар құмары.
«Төле би» деп ат қойсаң,
Шешендік сөздің бұлағы.
«Жүрсінім» деп егер ат қойсаң,
Ел мұңын айтып тұрады.

Шымкенттегі Наурыз-айтысқа екі бірдей бас жүлде тігілген еді. Біріншісі – Төле би атындағы бас жүлдені Біржан Байтуов жеңіп алды. Екінші бас жүлдеге тігілген «Тойота Камри 20» автокөлігі Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранты Жансая Мусинаға бұйырды. Сондай-ақ Бекарыс Шойбеков – бірінші, Нұрлан Есенқұлов пен Қанат Мырзаханов – екінші, Айнұр Тұрсынбаева, Мұхтар Ниязов пен Маржан Есжанова үшінші орынды еншіледі.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG