Accessibility links

«Наурыз» айтысы: Қанат пен Қажымұқан


Айтыскер Қанат Мырзахан. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Айтыскер Қанат Мырзахан. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Наурыздың 15-16-сы күндері Шымкентте республикалық «Наурыз» айтысы өтті. 2004 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан бұл айтыс биылғы жылы Төле бидің 350 және Абылай ханның 300 жылдықтарына арналды.

Айтыстың бірінші күні алматылық Қанат Мырзахан мен Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Қажымұқан Абзалов айтысты.

Айтысты бастаған Қанат Мырзахан қазіргі қоғамдағы жемқорлық жайлы айтты:

– Бұл күнде біз білетін уәзірлер көп,
Ел менен елбасыны қатты алдаған.
Апырай, мына заман қандай заман,
Соқыр көзден ыстық жас аққан заман.
Қабанбайлар кейпіне еніп алып,
Арам байлар орденді таққан заман.
Дауылпаз Бұқарлардың орнында
Жағымпаз жақыбайлар отқан заман.

Төлелердің орнына жайғасып ап,
«Төрелер» елді тонап жатқан заман.
«Ел қорғаймын» деп шен алып, шекпен киген
Генералдар өз-өзін атқан заман.
Әкімдер қылмыс жасап, шетел асып,
Сенім артқан ел-жұртын сатқан заман.
Шындық іздеп шыңғырған адамдарды
Тоғытып темір торға жапқан заман.
Қазанаттар қазыққа шырматылып,
Шабан аттар шалқақтап шапқан заман.

Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Қажымұқан Абзалов. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Қажымұқан Абзалов. Шымкент, 15 наурыз 2013 жыл.



Қарсыласының бұл сөзін Қажымұқан Абзалов былайша өрбітті:

– Төле би патшаға емес, ақшаға емес,
Аллаға ғана басты төмен иді.
Туысы кеп тұрса да тура айтатын,
Атақ пенен байлыққа бөлемейді.
«Тура биде туған жоқ» деген сөзі,
Неге қазіргілерді бөгемейді.
Ақшасы бар ешқашан сотталмайды,
Танысы жоқты адамға теңемейді.

Қазіргі би боп жүрген сот-төрелер
Қылмыскердің «табысын бөле жейді».
«Төле бидің ізімін» деп жүргендер
«Төлемесең» ісіңді елемейді.
Бұрынғы биді біздер «Төле» деуші ек,
Бүгінгі билер бізге «төле» дейді.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG