Accessibility links

Үйлері бұзылған тұрғындар «өтемақы төленбейтініне» наразы


Үйі жартылай бұзылған Роза Дүйсенова. Шымкент, 29 қыркүйек 2016 жыл.

Үйі жартылай бұзылған Роза Дүйсенова. Шымкент, 29 қыркүйек 2016 жыл.

Шымкентте жарылған кәріз коллекторы маңында бұзыла бастаған үйлердің тұрғындары «өтемақы төленбейтініне» наразы. Жергілікті билік бұзылған үйлердің иелеріне «көмек берілмейтінін» айтады.

Шымкентке қарасты, ел аузында Чапаев аталып кеткен ауылда қаңтар айында кәріз коллекторы жарылып, төтенше жағдай жарияланған еді. Қала әкімдігі коллектор жарылған маңайды қорғау аймағына жатқызып, сот ені 10 метр, ұзындығы 17 үйдің ауданын қамтитын жерді босату туралы шешім шығарған.

Сот орындаушылары өткен апта ауылдың төрт тұрғынына кейбірінің үйі толығымен, кейбірінің үйі жартылай бұзылатыны жөнінде хабарлама беріп, соның ішінде екі үйді жартылай бұзып кетті. Роза Дүйсенованың үйінің үш бөлмесінің терезелері мен шатыры алынып, үй жанындағы сарайы бұзылды. Оның көршісі Коваленконың үйінің шатыры алынып тасталды. Ал жергілікті билік өкілдері үйлері жартылай бұзылған тұрғындарға «әкімдіктен өтемақы берілмейтінін» айтады.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ

Үйі жартылай бұзылған бес баланың анасы, 52 жастағы екінші топ мүгедегі Роза Дүйсенова бұл үйді 1990 жылы Совет Одағы кезіндегі құжатымен сатып алғанын айтады. Жалғамалы алты бөлмелі үйде қазір үш отбасының 13 адамы тұрады. «Жер астында жатқан кәріз коллекторы қыста жарылды. Содан бері тыныштық жоқ. Жалғыз баспанамыздың жартысын бұзыңдар деген сот шешімін алып келіп, бұзып кетті» дейді ол.

- Қаңтардан сәуірге дейін кәріз иісіне уландық. Сасып, бу шығып жатты. Талай жедел жәрдем шақырдық. Денсаулығымызға зиян. Бірақ жалғыз баспанамызды тастап қайда барамыз? 27 жылда неге бізге бұл туралы бір ауыз айтып, ескертпеген? Әкімдікке барсақ «ол кездегі әкімдерге біз жауап бермейміз дейді», - дейді Роза Дүйсенова.

ВИДЕО: Үйі жартылай бұзылған Роза Дүйсенованың шағымы

Үйлерінің құжаттары мен жер телімінің мемлекеттік актісін көрсеткен тұрғындар жердің де, тұрғын үйдің де салығын төлеп келгендерін айтады. Үй жартылай бұзылуы тиіс зейнеткер Ергешбай Шаяхметов:

- Күнде айқай-шу. Сот орындаушылары келіп, «қоршауды бұз, дәлізді көшір» деп кетеді. 130 мың теңгеге жуық айыппұл төледік, - дейді.

Сегіз адам тұратын үйі толығымен бұзылуы тиіс Мейірман Мейірбековтің сөзінше, үй түбінен кәріз жарылғанда әкімдік «қауіпті аймақ, көшіңдер, үй береміз» деген.

- Оған да көндік. Бірақ бермеді. Бар істеген көмектері коллектор жарылғанда опырылған шұңқырды көмгені болды. Жарылған кәріз үйдің бетонын, қабырғасын сарғайтып жіберді. Адам ағзасы бетонның қасында не? Денсаулығымызға қанша зиян келгенін осыдан білуге болады, - дейді ол.

ВИДЕО: Жарылған кәріз (қаңтардың 8-і түсірілген)

«ӘКІМДІК ЗАҢ ШЕҢБЕРІНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР»​

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, «Бұл үйлер мен жер телімдері легализация кезінде заңдастырылған». Бірақ кәріз жарылған соң коллектор үстінен жер алып, құрылыс жүргізген 200-ден астам адамға үйлерін бұзу туралы сот шешімі шыққан. Соның ішіндегі 17 үй осы Чапаев ауылында орналасқан.

- Коллектор жарылған кезде, «көшіңдер, пәтер береміз» дедік. Көшпеді. Көшпеген соң бұл үйлерді айналып өтетін жаңа коллектор салдық. Ескі коллекторды істен шығардық, - дейді шенеунік

Мұнан соң қалалық әкімдікпен келісім жасалып, сот орындаушыларына осы ауылдағы 17 үйге шыққан сот шешімін орындауды уақытша тоқтатуға қыркүйектің 29-ы күні арыз берілген. Бірақ сот өкілдері одан бір-екі күн бұрын төрт үйге келіп, оның екеуін жартылай бұзып үлгерген. Жанбосынов 1969 жылы салынған коллектор істен шығарылғанымен, енді оның тұрғындарға төндіретін қаупін зерттеу жұмыстары басталғанын айтады.

Зерттеу нәтижелері коллектордың адам өміріне қауіпті екенін анықтаса, ондағы үйлер толық бұзылуы мүмкін. Қазір тұрғындарға үйді бұз деп жатқан ешкім жоқ.

- Коллектормен су ақпағанымен қауіп толық жойылған жоқ. Тозығы жеткен, шіріп құлауы да мүмкін. Адамдар өміріне қауіп төнбеуі үшін техникалық жағдайын білу үшін зерттеуге жібердік. Зерттеу нәтижелері коллектордың адам өміріне қауіпті екенін анықтаса, ондағы үйлер толық бұзылуы мүмкін. Қазір тұрғындарға үйді бұз деп жатқан ешкім жоқ. Бұл - әлеуметтік мәселе, - дейді шенеунік.

Әкім орынбасары үйі бұзылып үлгерген тұрғындарға «ешқандай көмек берілмейтінін» айтады. Оның сөзінше, «әкімдік заң шеңберінде жұмыс істеп жатыр», өтемақы мәселесі қозғала қалған күннің өзінде ол коллекторды зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қарастырылуы мүмкін.

Ал кәріз коллекторына иелік ететін «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Бейсенғали Қалмырзаев «зерттеу жұмыстары қашан аяқталатыны белгісіз» екенін айтады. Ол Чапаев елді мекеніндегі жарылған кәріз коллекторының маңындағы екі үйдің жартылай бұзылғанынан хабарсыз.

- Бұзса, тұрғындардың өздеріне жақсы. Коллектор қаупі сейілген жоқ. Құбыр шіріген. Ішінде Фосфор зауытының химиялық қалдықтары бар. Денсаулыққа қауіпті. Жобалау институттарынан қауіпті қалай жоюға болатынын анықтап беруді сұрадық. Бірақ зерттеу қашан бітетіні белгісіз, - дейді ол.

Бұзылған үйлерге өтемақы беру мәселесіне қатысты Бейсенғали Қалмырзаев «біз - жеке мекемеміз, тұрғындарға ешқандай көмек бере алмаймыз» деді.

Ал «басқа барар жеріміз жоқ» деген Роза Дүйсенова әкімдік те, «Су ресурстары –Маркетинг» мекемесі де «өтемақы төлеуден бас тартып отырғанына» қынжылады.

Чапаев елдімекенінің тұрғыны Роза Дүйсенованың жартылай бұзылған үйі. Шымкент, 29 қыркүйек 2016 жыл.

Чапаев елдімекенінің тұрғыны Роза Дүйсенованың жартылай бұзылған үйі. Шымкент, 29 қыркүйек 2016 жыл.

- Үйдің бұзылған жағының терезелерін, шатырын алып тастады. Баспанамыз көште қалған үй сияқты қирап тұр. Үй салу оңай ма мына заманда? 20 жылдай үйге үй жалғап, үлкейтеміз деп еңбектендік. Үй салам деп мүгедек болдым. Құжатының бәрі заңды. Біз сонда неге жазықты болдық? Еңбегіміздің өтемақысы болуы керек қой, - дейді Роза Дүйсенова.

Азаттық тілшісі үйінің шатыры бұзылған Коваленколармен үйлерінде болмауы себепті сөйлесе алмады.

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Чапаев елді мекенінде қаңтардың 4-і күні кәріз коллекторы жарылған еді. Сол күні бұл ауылда төтенше жағдай жарияланып, әкімдік тұрғындарды көшіретінін хабарлаған. Алайда тұрғындар сол күйі көшірілмей қалған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG