Accessibility links

Түрмедегі әйелдердің бостандық жайлы армандары


Азаттық тілшісі Шымкенттегі 230-ға жуық әйел жазасын өтеп жатқан ИЧ-167/4 түрмесін көріп қайтты.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы ИЧ-167/4 қатаң тәртіптегі түзету мекемесін көруге келген Азаттық тілшісі қатаң тексеруден өтіп, 1937 жылы салынған түрменің ішіне кірді. Тарс-тұрс жабылған темір есік. Биік қабырға. Ары-бері жүрген күзет. Бейнекамера. Кім қайда не істеп жүр – бәрі бақылауда. Тәртіп қатаң.

«80 ПАЙЫЗЫ – ЕСІРТКІ, ӨЗГЕСІ – КІСІ ӨЛТІРУ МЕН ҰРЛЫҚ»

ИЧ-167/4 түрмесінің басшысы Айдар Нұрсейітовтің айтуынша, 307 адамға арналған қауіпсіздігі аса жоғары бұл жерде 25 жастан ересек 230-ға жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр.

- Мекемеде ұсталатын әйелдер – бұрын бірнеше рет сотты болғандар. Олардың 80 пайызы – есірткі тасымалдау және пайдалануға қатысты, қалғаны адам өлтіру не ұрлық жасауға байланысты сотталған. Сондықтан да олар қатаң жағдайда ұсталады, – дейді Айдар Нұрсейітов.

Оның сөзінше, жазасын өтеушілер үш түрлі тәртіптегі (қатаң, дағдылы және жеңілдетілген) камераларда тұрады.

Қатаң тәртіпте ұсталатын тұтқындардың бөлмелері төрт адамға арналған. Күн сәулесі темір тормен қапталған кішкентай терезеден ғана түсіп тұр. Қабырғада тәртіп жазылған хабарлама мен термометр ғана ілулі тұр. Сыртта 19 градус жылы кезде бөлме ішіндегі өлшегіш 15 градус жылылықты көрсетіп тұрды. Тар бөлмеде тынысың да тарылады.

Фотогалерея: Шымкенттегі әйелдер түрмесі

​Қатаң жағдайдағы бөлмелерден кейін қараңғы дәлізбен дағдылы жағдайдағы бөлмелерге өттік. Ол бөлмелерде үстел, орындық, қол жуғыш бар. Мұнда жазасын өтеп жатқандар далаға шықпайды, күн көзін көрмейді. Демалатын орны да, ас үйі де, жатын орны да – бір бөлме. Күн сәулесін көрмегендіктен болар, дағдылы жағдайдағы бөлмелерде жазасын өтеушілердің өңдері сұп-сұр, бүрсең қағады.

Ал жеңілдетілген жағдайдағы 10 адамдық бөлмелерде 7-8 адамнан тұрып жатыр. Бұл бөлмелер жарықтау, терезелері де біреу емес, екеу. Жеңілдетілген жағдайға ие сотталушылар аулада демалады, арнайы демалыс бөлмесінде теледидар тамашалап, радио тыңдап, тынығады. Күнде ашық болмаса да, белгіленген уақытта түрме кітапханасын пайдаланады. Үш мезгіл тамақты түрменің 50 адамға шақталған асханасында ішеді. Жұмыс істеп, жалақы алуға мүмкіндігі болады.

Түрме асханаcына кіріп бара жатқан жазасын өтеушілер.

Түрме асханаcына кіріп бара жатқан жазасын өтеушілер.

- Ішкі тәртіпті бұзып, заңға бағынбаған сотталушыларды қатаң жағдайдағы бөлмеге өткіземіз. Жылына екі-үш адам қатаң жағдайда ұсталатын бөлмеге түседі. Олар бұл жерде жазасын 9 ай бойы өтейді. Тәртіпке бағынса, дағдылы жағдайға көшіреміз. Сотталушылар өздерін жақсы жағынан көрсетіп, оң мәнді дәрежеге ие болса, мерзімінен бұрын босатылуына септігін тигізеді, – дейді түрме басшысы Айдар Нұрсейітов.

Ол түрмедегі тұтқындардың 47-сі сол жердегі тігін цехында жұмыс істейтінін айтты. Тігіншілер жұмыс көлеміне қарай айына 30 мың теңгеге дейін жалақы алып, ол ақшаға түрме дүкенінен қажет нәрселерін сатып алады.

Жастары 30-ға толмаған 50 тұтқын түрмедегі мектеп пен коллежде оқиды.

«ӨЗ ОБЛЫСЫМЫЗДАҒЫ ТҮРМЕГЕ АПАРСА ЕКЕН»

Түрме басшысынан тұтқындармен сөйлесуге рұқсат алған тілші екі күзетшімен бірге тар баспалдақпен түсіп, қараңғы дәліздің екі жағындағы ауыр темір есігі бар камераларды аралады. Алғаш тілдескен тұтқын Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тумасы Ардақ Баубекова болды.

19 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан 25 жастағы Ардақ Баубекова.

19 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан 25 жастағы Ардақ Баубекова.

- «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді ғой. Жастық шақпен сүрініп, қылмыс жасап, қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-бөлігімен 19 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Жасаған қылмысыма қатты өкінемін. Өкінгенмен не пайда, – дейді Ардақ Баубекова.

Тұтқынның сөзінше, жазасын өтеушілерге таңғы 6-да тұрады, кешке дейін мекеменің тәртіп, жедел және тәрбие бөлімдері оқыған дәрісті тыңдайды. Кешкі сағат 8-ден бастап бос уақыттары болады.

Азаттық тілшісін кірген келесі камерадағы тұтқындар түрменің жағдайын жиі сөз етті.

- Біздің мұнда қалай жаурайтынымызды білесіз бе? Жылу жоқ, – деді бір сотталушы әйел.

Оның сөзін жанындағы тұтқындардың бірі де қостап, қатты тоңатындарын айтты.

Жазасын өтеушілердің жуылған киімі.

Жазасын өтеушілердің жуылған киімі.

- Әсіресе түнде қорқынышты. Бұрыш-бұрыштан суық жел уілдейді. Біздегі басты мәселе – кір жаятын орын. Кірімізді жуамыз, бір ай бойы кеппейді – не киетінімізді білмейміз, – дейді ол.

Тілшіні ертіп жүрген түрме қызметкерлері оларға «мұны әкімшілікке айту керек» деп кеңес беріп жатты.

Келесі бөлмедегі тұтқындар журналиске: «Мейлі, қатаң тәртіптегі түрме болсын, тек бізді өз облысымызға алып барса екен. Өйткені жол алыс. Шешемізді, балаларымызды, туғандарымызды көре алмай отырмыз» деп шағымданды.

«ҚЫЗЫМДЫ САҒЫНДЫМ»

Жазаларын өтеп жатқан әйелдермен тілдескен Азаттық тілшісі олардан «Бостандыққа шыққан соң не істеуді армандайсыздар?» деп сұраған еді.

Орал қаласының тумасы, жазасын өтеп жатқанына тоғыз жылға таяған Валентина Александрова осыншама уақыт көрмеген кезде өсіп кеткен балаларының арман-тілегін, мінез-құлқын білмейтінін айтып өкінді.

Түрмедегі тігін цехында қайшымен мата кесіп тұрған Валентина Александрова бостандыққа шыққанда 9 жылдан бері балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 12 жастағы қызын қолына алатынын айтады.

Түрмедегі тігін цехында қайшымен мата кесіп тұрған Валентина Александрова бостандыққа шыққанда 9 жылдан бері балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 12 жастағы қызын қолына алатынын айтады.

- Олар да менің қандай екенімді білмейді. Еркіндікке шыққанда балаларыммен барынша жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Мен үшін бұл – үлкен міндет. Қалғанының бәрі уақыт еншісінде, – дейді ол.

Жеті жылдан бері жазасын өтеп жүрген алматылық, түрмедегі асханада аспаз болып жұмыс істейтін Юля Горякина:

- Бостандыққа шыққанда көп бала туып, өз отбасымда балаларыма тамақ пісіруді армандаймын, – деді.

Ал маңғыстаулық Ардақ Баубекова еркіндікке шыққан соң да жолығар қиыншылық көп боларын сезеді.

- Адамдардың «сотталған» деген көзқарасы бар. Сонда да қоғамнан оқшау қалмай, жұрт ортасында кіруге талпынамын. Жұмысқа тұрып, дұрыс өмір сүруге тырысамын. Әке-шешемнен моральдық көмек керек, – дейді ол.

19 жылдық жазасын өтеп шыққан соң түрмеде жоғалтқан өмірінің есесін қайтаруға тырысатынын айтқан Ардақ Баубекова сөз соңында дауысы дірілдеп:

Дағдылы тәріптегі камерада терезеге қарап ойланып тұрған жазасын өтеуші әйел.

Дағдылы тәріптегі камерада терезеге қарап ойланып тұрған жазасын өтеуші әйел.

- Әке-шешемді, жеті бауырымды, қызымды сағындым, – деді.

Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) ұйымының былтырғы есебіне қарағанда, Қазақстан түрмелерінде отырған 42 мыңнан астам адамның 3 мыңдайы – әйелдер. Елдегі алты түрмеде отырған бұл әйелдердің 40 пайыздан астамы – ұрлық және мүлікке байланысты қылмыспен, 30 пайызға жуығы – есірткіге қатысты қылмыспен, 20 пайыздан астамы адам өліміне қатысты қылмыспен сотталған.

Бостандықта жүргенде олардың 73 пайызы айлық төленетін қызмет атқарған, 17 пайызының жеке бизнесі болған.

Қазақстан түрмелерінде отырған әйелдердің 75 пайызының үйлерінде қалған балалары бар. Ол балалардың 45 пайызы кәмелетке толмаған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG