Accessibility links

«Алтын белгі» алушылар өз күшімен жеткендерін айтады


Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Жетісай қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның түлектері. Шымкент, 24 маусым 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Жетісай қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның түлектері. Шымкент, 24 маусым 2015 жыл.

Оңтүстіктегі бір мектептің 35 түлегі «Алтын белгі» алғанына сенбеушілер де бар. Ол мектептің оқушылары мен ұстаздарының сөзінше, бұл жетістіктің себебі қарапайым ғана.

Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын Дана Бисебай – кеше кешке облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Алтын белгі» таққан 608 жастың бірі. Дана биыл мектеп бітіру емтиханы мен жоғарғы оқу орнына түсу үшін тапсырылатын ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) 115 балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанған.

– Бұл дәрежеге жетуімізге ұстаздарымыз көп көмек берді. Мектептегі тәртіп мықты болды. Өз күшімізбен, білімімізбен осындай жетістікке жетіп отырмыз, – дейді Дана Бисебай.

«БҰЛ ЖЕРДЕ ҮЛКЕН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАТЫР»

Дана Бисебай оқыған мектептің – Мақтарал ауданы Жетісай қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның өзге 34 түлегі де кеше облыс әкімінің қолынан «Алтын белгі» алды.

Facebook әлеуметтік желісі қолданушылары арасында бір мектептегі мұнша оқушының қатарынан «Алтын белгі» алғанына күмәнданушылар да болды.

Құттықтамай, қайта тексеру керек.

«Осы мектептің директорын жылда марапаттап, құттықтайды. Көре алмай жатқаным емес, бірақ ойланып қарасақ, қиялға қонбайтын дүние. Құттықтамай, қайта тексеру керек. Өйткені бұл жерде үлкен сыбайлас жемқорлық жатыр. Осыны облыстағы тиісті құзырлы мекемелер жіті тексерсе игі. Үлкен шикіліктің жатқаны айдан анық...» деп жазды Амангелді Ақынов есімді азамат.

Оның пікірін қостаған Гулвира Мамадалинва есімді адам «түлектерді мектептен шықпай жатып жемқорлыққа» үйреткенге қынжылады. «Көрші-қолаң айтып отырады ауылға барсаң: Ананың ақшасы жоқ – жарысқа бара алмапты, оның орнына пәленшенің қызын жіберіпті ақшасы бар деп. Сұмдық. Мектептен ондай нәрсе шығады деп ойламайсың» дейді әлеуметтік желі қолданушысы.

«ОҚУШЫЛАР БІР ЖЫЛДА 80 РЕТ ТЕСТ ТАПСЫРДЫ»

Биыл – 35, былтыр – 27, алдыңғы жылы 29 оқушысы «Алтын белгі» алған, бұған дейінгі жылдарда да «көрсеткіш қуу науқанына араласты» деген сөзге іліккен Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры Өмірхан Қозыбақ өздерін айыптаған пікірлермен келіспейді.

– Бастауыш сыныптарда балаларға барынша жақсы білім береміз. 5-9-сыныптарда стандартты пысықтаймыз. Ал 10-11-сыныптарда оқушыларды тестке дайындаймыз. Біздің биылғы жетістігімізді феномен деп айтып жатыр. Бұл – біздің еңбегіміздің жемісі, – дейді оқушыларының жетістіктері үшін алғыс хатпен марапатталған директор.

ВИДЕО: Өмірхан Қозыбақ: Оқымайтын бала өзі де белгілі болады

Бұл мектептің мұғалімдерінің бірі Сәрсенгүл Асқарова да өзі жетекшілік еткен сыныптағы 15 оқушының «Алтын белгі» алғанын тек еңбекпен байланыстырады.

– Бұл – бір жылдың жемісі емес, ұстаздар мен оқушылардың 11 жылдағы еңбегінің нәтижесі. Мәселен, 11-сынып оқушылары бір жылдың ішінде 80 рет тест тапсырды, – дейді ол.

Мұғалімдердің енді бірі Нұрзада Әлметова «ата-анасының ақшасы бар оқушылардың жолы болады» деген сөзді естіп қынжылғанын айтады.

Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның "Алтын белгі" алған түлектерінің бірі. Шымкент, 24 маусым 2015 жыл.

Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның "Алтын белгі" алған түлектерінің бірі. Шымкент, 24 маусым 2015 жыл.

– Ол балалардың ата-аналары ҰБТ-да балл сатып алатындай дәулетті емес. «Алтын белгі» алған түлектердің арасында керісінше әлеуметтік жағдайы орта және төмен отбасылардан шыққан оқушылар көп, – дейді ол.

5-11 сынып аралығында «5» деген бағаға оқып, ҰБТ-да әр пәннен кемінде 20 балл жинап, «Алтын белгі» алған түлектер мемлекеттік оқу грантын (грант болмаса, оқу кредитін) бөлісер кезде артықшылыққа ие болады. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, биыл ҰБТ-ға қатысқан 87 мың 782 мектеп бітірушінің 4 мың 498-і «Алтын белгі» алудан үміткер болған.

Қазақстанда биыл ҰБТ тапсырған жастардың 81,4 пайызы (67 мың 497-сі) сынақтан өтуге қажетті 50-ден аса балл жинаған, 17,4 пайызы (14 мың 420-сы) 100-ден аса ұпай алған. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 79,4 болған.ҰБТ-да ең жоғарғы 125 ұпайды ел бойынша бес оқушы (тараздық Гүлназ Ердосова, астаналық Риана Мұстафина, батысқазақстандық Сымбат Самат, оңтүстікқазақстандық Лаура Әбдәзимова, алматылық Анастасия Яковлева) жинаған. Министрлік дерегінше, бұл 87 мыңнан астам үміткер биыл бөлінген 32 мыңдай оқу грантына таласпақ.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG