Accessibility links

Шымкентте тағы 11 мектептің үш ауысымдық оқуға өту қаупі бар


59-мектеп ғимаратына кіру үшін қатар түзеп тұрған бастауыш сынып оқушылары. Шымкент, 9 қараша 2016 жыл.

59-мектеп ғимаратына кіру үшін қатар түзеп тұрған бастауыш сынып оқушылары. Шымкент, 9 қараша 2016 жыл.

Үш ауысыммен оқитын мектептің оқушылары сыныпқа сыймайды, мұғалімдері күні бойы көшеде кезекші. Ал шенеунік "үш ауысымға өту қаупі жақсы мектептерге төнетінін" айтады.

Шымкенттегі Қайтпас-2 шағын ауданындағы 420 балаға шақталған 59-мектепте 1502 оқушы оқып жүр. Таңғы сағат 8:15-те басталатын сабақ сағат 19:25-те аяқталады. Мектептегі 62 сыныптың әрбірінде 18-22 баладан оқиды. Мысалы, Сұлухан Дүйсебаева жетекшілік ететін 2-сыныпта 20 оқушы бар. Ол кісі оқушыларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтады.

- Балаларды барынша ата-анасының қолына тапсыруды қадағалаймыз. Уақыт алғанмен қиындық туғызбайды. Балалармен жұмыс істеген соң олардың денсаулығы, қауіпсіздігі маңызды, - дейді ол.

"БІР БАЛАҒА 2,5 МЕТР ОРЫН БОЛУЫ КЕРЕК"

Азаттық тілшісі бес жылдан бері үш ауысымда оқып келе жатқан 59-мектепке барды. Бірі – 1980 жылы, екіншісі – 2004 жылы салынған екі ғимарат бар. Ескі ғимараттың алдында екінші ауысымда оқитын балалар қатар-қатар болып тұр. Қоңырау соғылуына бес минут қалғанда мұғалімдер әр сыныпты жеке-жеке атап ішке кіргізді. Сыныптар тар. Әр есіктің сыртында үш сыныптың атауы жазылған. Сыймағандықтан кейбір сыныптарда үш парта біріктіріп қойылып, алты оқушыдан отырғызған.

59-мектептегі сынып бөлмесіне қатарластырып қоюға парта сыймағандықтан, оқушылар топтап отыруға мәжбүр. Шымкент, 9 қараша 2016 жыл.

59-мектептегі сынып бөлмесіне қатарластырып қоюға парта сыймағандықтан, оқушылар топтап отыруға мәжбүр. Шымкент, 9 қараша 2016 жыл.

Мектеп директоры Сералы Ақпанбетов үш ауысымда оқыту оқу процесіне кері әсері ететінін, қосымша сабақ өтуге мүмкіндік жоқ екенін айтады.

- Талап бойынша, бөлмеде бір бала үшін 2,5 метр орын болуы керек. Бізде мұндай жоқ. Бұл – халықтың жаппай көшіп, бірден көбейгенінен пайда болған мәселе. 2017 жылы 900 орынға шақталған жаңа мектептің құрылысы аяқталса, мәселе толығымен шешілетін еді, - дейді ол.

Шымкенттегі 59-мектепте сабақ қалай өтетіні туралы видео:

Директордың айтуынша, сынып бөлмелері жетіспегендіктен мәжіліс залдың өзін кабинет етіп алған. Сондықтан мектепте қандайда бір іс-шара өткізудің өзі қиын.

- Әйтеуір амалдап сыйысып отырмыз. Балалар сабақтан кеш қайтады - уайымдап, қорқамыз. Дәл қазір біздің үлкен проблемамыз – көше. Өте қиын. Бағдаршам бар болса да, жолдан ары-бері өту қауіпті. Таңғы 7:30-дан кешкі 19:30-ға дейін мұғалімдерді кезекшілікке қоямыз. Балаларды күтіп алып, шығарып саламыз. Балалар келіп, кетуге қиналады. Шағын ауданның орталық көшесінде ғана жарық бар. Қалған көшелер қараңғы. Сол уайым, - дейді мектеп директоры.

Шымкенттегі 59-мектеп ғимараты. 9 қараша 2016 жыл.

Шымкенттегі 59-мектеп ғимараты. 9 қараша 2016 жыл.

Директордың сөзінше, ескі ғимараттағы сыныптар шағын, тар. Бір партада екі бала отырғанымен тығыз орналастыруға мәжбүр. Оқушылар спорт үйірмелеріне сабақ аяқталғаннан соң, сағат 19:00-ден кейін ғана баруға мәжбүр.

Оқушылардың қысылып-қымтырылып отырғаны сабақ оқуларына зиян екенін директордың орынбасары Нұрсұлу Бейсеева да айтады. Оның сөзінше, кейбір сынып бөлмелері тар болғандықтан парталарды қатар қоя алмай, үш партаны біріктіріп, оқушыларды топ-топқа бөліп отырғызып оқытады.

- Бұдан оқушылар бірлесе отырып жұмыс орындауға, өз ойын ашық жеткізіп, пікірталас өткізуге дағдыланады. Бірақ топтық жұмысты әр сыныпқа пайдалануға мұршамыз жоқ, мұғалімдер жетіспейді. Парталарды біріктіру оқушылардың жазу үлгісіне кері әсер етеді, - дейді директордың орынбасары.

Оқушылардың қауіпсіздігі үшін 59-мектеп сыртындағы жолда кезекшілікте тұрған мұғалім. Шымкент, 9 қараша 2016 жыл.

Оқушылардың қауіпсіздігі үшін 59-мектеп сыртындағы жолда кезекшілікте тұрған мұғалім. Шымкент, 9 қараша 2016 жыл.

Нұрсұлу Бейсеева "мұғалімдер балалардың қауіпсіздігі үшін бес жылдан бері оқушыларды күтіп алып, шығарып салатын кезекшілікке тұрып үйреніп қалғандарын" айтады.

- Мектептің ішкі ережесіне, тәртібіне енгізілген мәселе болғандықтан кезекшілікке қосымша ақы төленбейді. Ата-аналармен келісім-шарт жасалған. Бастауыш сыныптарда оқушыларды ата-аналары алып келіп, алып кетеді. Кейде ата-аналар хабарласып, баласын сабақтан ертерек босатуды сұрайды. Амал жоқ, жібереміз, - дейді ол.

128 МЕКТЕПТІҢ АЛТАУЫ ҮШ АУЫСЫММЕН ОҚЫП ЖАТЫР

Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, қалада 128 мектептің алтауы (59, 69, 76, 82, 83 және 87-мектептер) осылайша үш ауысымдық тәртіппен сабақ оқып жатыр. Ол "бұл мектептердің мәселесі 2017 жылы шешілетінін" мәлімдегенімен, тағы он шақты мектеп осындай мәселеге душар болуы мүмкін екенін айтады.

- Қалада үш ауысымға өту қаупі бар тағы 11 мектеп бар. Бұл мектептердің үш ауысымға өту қаупінің негізгі себебі – жақсы, үлгілі болып табылғандықтан. Яғни ата-аналар балаларын өз ауданындағы мектептерде емес, жақсы мектептерге оқытқысы келеді, - дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.

Ол оқушылары шамадан тыс көбейіп кетуі мүмкін мектептерге бала қабылдау жөнінде шектеу қойылатынын айтады. Яғни мектептер әуелі өзі орналасқан шағын ауданның балаларын, бос орын қалса ғана басқа ауданның балаларын қабылдауы тиіс болады.

Шымкент қалалық білім бөлімі материалдық-техникалық базаны нығайту секторының меңгерушісі Пазылхан Асауов 59-мектептің жанынан 600 орындық қосымша ғимарат салынып жатқанын, 2017 жылы пайдалануға берілгеннен соң сабан кірпіштен салынған ескі ғимараты бұзылатынын айтады.

- Балалардың қауіпсіздігі жайында қалалық транспорт бөліміне жол белгілерін орналастыру жөнінде хат жазылған. Қазіргі таңда жұмыс жүргізіліп жатыр, - дейді ол Азаттыққа.

Пазылхан Асауов - қалалық білім бөлімі материалдық-техникалық базаны нығайту секторының меңгерушісі. Шымкент, 10 қараша 2016 жыл.

Пазылхан Асауов - қалалық білім бөлімі материалдық-техникалық базаны нығайту секторының меңгерушісі. Шымкент, 10 қараша 2016 жыл.

Шенеунік үш ауысыммен оқитын алты мектептің бесеуінде құрылыс жұмыстары басталғанын, 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілетінін айтады. Оның сөзінше, қала аумағына кіретін алты елді мекенде мектеп жоқ. Пазылхан Асауов 17 жаңа мектеп, 16 мектеп жанынан қосымша құрылыс нысандары салынып, шаһардағы орта білім орындары мәселесі 2020 жылға дейін шешілетінін айтады.

Пазылхан Асауовтың сөзінше, қалада халық көбеюі әсерінен жыл сайын оқушы саны орташа есеппен 10 мыңға артып жатыр.

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, Шымкентте 2015-2016 оқу жылында 156 мың оқушы болған, ал 2016-2017 оқу жылына олардың саны 166 мыңнан асқан.

Былтырғы оқу жылында Шымкентте тоғыз мектеп үш ауысыммен оқыған еді.

Қазақстан бойынша үш ауысыммен оқитын мектептері көп өңірлердің алғашқы легінде Алматы облысы (49 мектеп) мен Оңтүстік Қазақстан облысы (23 мектеп) тұр.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің мәліметінше, елде осындай үш ауысыммен оқитын не апатты жағдайда тұрған 156 мектеп бар. 2015 жылы - 6 мектеп салынғанын, биыл 51 мектеп салынып жатқанын, 2017 жылы 99 мектеп салынатынын айтқан министр мектеп тапшылығы мәселесі 2018 жылдың соңына қарай шешілетініне уәде береді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG