Accessibility links

Шымкенттегі тоғыз мектептің спортзалы жоқ


№69 орта мектептің футбол "алаңы". Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

№69 орта мектептің футбол "алаңы". Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

Шымкенттегі №69 жалпы орта мектеп оқушыларының дене шынықтыру пәнін толық бағдарламасымен оқуға мүмкіндіктері жоқ. Қалалық білім бөлімі «Шымкенттегі тоғыз мектепте спортзал жоқ» деген уәж айтады.

Шымкенттегі №69 жалпы орта мектепте дене шынықтыру сабағында далада доп теуіп жүрген 9 «б» сыныбы оқушылары спорттың бірнеше түріне қызығатындарын айтады. Алайда мектепте спорт түрлері мен ойындарының бірнеше түрін қамтуы тиіс дене шынықтару пәні бағдарламасын меңгеруге мүмкіндік жоқ. Бұл мектептегі жазғы спорт алаңының өзі қазір бос емес. Азаттық тілшісі барғанда онда жаңа мектептің құрылысына қажетті құрылыс материалдары жинаулы тұрды.

№69 орта мектептің құрылыс заттары тұрған спорт алаңы. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

№69 орта мектептің құрылыс заттары тұрған спорт алаңы. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

Спортзалы жоқ мектептің дене шынықтыру сабағы өтіп жатқан даладағы «алаңның» жиек сызықтары да жоқ. Қауіпсіздік шаралары туралы айтуға да келмейді. Әлгі «алаңда» темірден жасалған екі қақпа ғана тұр. Сары топырақтың шаңы көтеріліп жатыр. Ескі доптың соңынан қуып жүрген оқушылар «футбол ойнауды, бокспен айналысуды ұнатамыз» дейді. Өзін «Ринат» деп таныстырған 9 «б» сынып оқушысы:

- Боксқа қатысамын. Өз мектебімізде жағдай жоқ болғандықтан, көрші тұрған Асар шағын ауданындағы №89 мектепке барып жаттығамын. Екі шағын ауданның арасы - шамамен бес километр жер. Тегін жаттығу екі сағатқа созылады. Велосипедпен, кейде жаяу қатынаймын, - деді.

Ринаттың сөзінше, «мектепте боксқа қатысатын бала көп болғандықтан, дене шынықтыру мұғалімдері бокс үйірмесін ашқысы келген, алайда мүмкіндік болмаған».

№69 орта мектептің су ішіп жатқан оқушылары. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

№69 орта мектептің су ішіп жатқан оқушылары. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

Қала шетіндегі Достық шағын ауданында орналасқан 400 орындық №69 орта мектептің салынғанына он шақты жыл болған, қазір мұнда 1 мың 655 бала оқып жатыр. Мектеп директоры Гүлшәт Шымырбаева Азаттық тілшісіне:

- Мектеп ашылғалы жағдайымыз – осы. Балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік жоқ. Спортқа қызығатын оқушыларымыз басқа мектептерге сұранып, жаттығуға барады. Бұл мектепте екі ауысыммен оқығанның өзінде 800 бала оқуы керек. Ал бізде бала саны 1 мың 600-ден асты, - деді.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Хусаинова мектепте спортзал болмағандықтан, дене шынықтыру сабақтарын «ыңғайластырып» өткізуге мәжбүр екенінін айтады.

№69 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Хусаинова. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

№69 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Хусаинова. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

- Мысалы, күн жылы кезде балаларды сыртқа шығарып, жүгіртеміз, футбол ойнатамыз. Ал күн суытқанда мектептің ішінде өз сыныптарында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнатамыз. Спортзал жоқ, техникалық құрал-жабдық та жоқ. Осылай амалдаймыз - көбіне теорияға көңіл бөлеміз, - дейді ол.

Мектептегі мұндай жағдайды жеті жылдан бері дене шынықтыру пәні мұғалімі болып келе жатқан Досымхан Рысымбетов те растады.

- Қыста дене шынықтыру сабағын сыныптарда өтеміз. Балаларға шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйретеміз. Стол теннисінің столын мектептің мына дәлізіне қойып, ойнатамыз. Жаңа оқу жылы енді басталғандықтан, столды әлі қойып үлгермедік, - деді ол үзіліс кезінде балалар жүрген дәлізді көрсетіп.

№69 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Досымхан Рысымбетов. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

№69 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Досымхан Рысымбетов. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

Азаттық тілшісі Шымкент қалалық білім бөліміне хабарласқан еді. Бөлімнің баспасөз хатшысы Әзізбек Өткелбаевтың мәліметіне қарағанда, «қаладағы мектептердің 120-сының спортзалы бар немесе ыңғайластырылған болса, тоғыз мектепте спортзал мүлде жоқ».

- Қала мектептерінің 85 пайызының спортзалы бар, 86 пайызы спорт құрал-жабдықтарымен қамтылған. Ондағы 160 мыңға жуық бала 24 спорт үйірмесіне қатысады, - дейді баспасөз хатшысы.

Әзізбек Өткелбаев №69 мектептің жанынан салынып жатқан жаңа мектептің 2017 жылы пайдалануға берілетінін, жаңа мектептің жобасында спортзал қарастырылғанын айтты. Ал спортзалы жоқ қалған сегіз мектептің мәселесі қаланы дамытудың 2020 жылға дейінгі индикативті жоспары шеңберінде шешілмек.

№69 орта мектептің дәлізі. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

№69 орта мектептің дәлізі. Шымкент, 7 қыркүйек 2016 жыл.

- Шымкентте [№69 мектептен өзге] сегіз мектепте (№63, 75, 95, 101, 112, 115, 121, 123 мектептер – ред) өкінішке қарай спортзал жоқ. Индикативтік жоспарға сәйкес бұл мектептерде спортзалдар салынатын болады, - дейді ол.

Ал Ринаттың сыныптасы, №69 мектептің 9 «б» сыныбы оқушысы Нұрдәулет «Футбол ойнауды ұнатамын. Сабақтан кейін бос уақытта мектепке келіп футбол ойнаймыз. Арнайы алаң әзірге жоқ. 2017 жылдың желтоқсан айында жаңа мектептің құрылысы бітеді дейді. Сонда бізде арнайы футбол алаңы болады» деген сенімін білдірді.

Қазақстандағы дене шынықтыру пәнінің бағдарламалары даладағы бейімделген алаңдарда өтетін сабақтардан бөлек, гимнастика, акробатика, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерін қамтиды, арнайы жабдықталған спортзал болуын талап етеді.

Шымкент қалалық білім бөлімі дерегінше, 2016-2017 оқу жылында Шымкент оқушыларын 129 мектеп қабылдаған. Оның үшеуі биыл жаңадан салынған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG